Әулеттің отын маздатқан әйелдер

109

0

Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміздің ерекшелігі мен ортақ ұқсастығы біреу-ақ: олар қазақтың әмеңгерлік салтымен күйеуге тиген. Үшеуі – үш буынның өкілі. Бірақ тағдырдың пешенеге жазуымен бәрінің таңдауы бірдей болды.

Қазіргі жастар әмеңгерліктің не екенін білмеуі мүмкін. Сондықтан этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан анықтама келтірейін: «Халқымыздың бұрынғы салты бойынша күйеуі қайтыс болғанда оның жесірі жас болса «Ерден кетсе де, елден кетпек жоқ», «Аға өлсе, іні мұра» деген қағидамен, әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Жесірді басқа жаққа жібермеудің әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туыс-туғанынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған. Егер әйел тиісті әмеңгеріне шықпай, басқа біреуге шығатын болса, бұрынғы күйеуінің мал-мүлкінен үлес ала алмайды, өз төркінінен келген мүлкімен ғана кете алады. Мұны қазақша «іргеден шығару» дейді».

Ру ақсақалдарының, туыстарының ортақ ұйғарымымен көне салтымызға көнген жандардың бірі – Сырдария ауданы Сәкен Сейфуллин ауылының 86 жастағы тұрғыны Күлтай Нұржанова.

– Бірінші күйеуіммен 18 жасымда көңіл жарастырып, отау құрдық. Тоғыз жылдан кейін сұм ажал оны арамыздан алып тынды. Екі қыз, екі ұлмен жесір қалдым, – дейді кейуана.

Арада жарты жыл өткесін туған қайнағасы әйелінен айырылған. Оның бір ұл, екі қызы бар екен. Ендігі жерде балаларды жетімсіретпеу үшін ағайын-туыс ақылдаса келе әмеңгерлік жолмен екеуін қосуды ұйғарыпты. Сөйтіп, Күлтай әже өмірге тағы бір ұл, төрт қыз әкеліп, отағасымен бірге барлығы 12 баланы бағып-қақты. Кейуана қазір  балаларының ортасында немере-шөберенің қолынан су ішіп отыр.

– Анам 5 жасымда дүниеден қайтты. Еміс-еміс есімде, екі үй көрші орналасқан болатын, ата-әжеміз қасымызда. Бір үйдің балаларындай араластық. Күлтай анамыз бізді бөліп-жарған емес. Әкемізбен иық тіресіп егіс басында еңбек етті. Әкеміз тілге жүйрік, қолынан келмейтіні жоқ бесаспап кісі еді, – дейді қызы Рахима Нұржанова.

Күлтай әже әмеңгерлік жолмен қосылған жолдасының ешқашан атын атаған емес. «Біздің үйдің кісісі» дейді екен.

– Шешеміз әлі күнге тың, Аллаға шүкір. Көңілінің кеңдігі шығар, бір-бірімізді жатсынған кезіміз жоқ, – дейді қызы Ләйла Нұржанова.

Ал екінші кейіпкеріміз Қызылорда қаласының тұрғыны Баянсұлу Сқақованың жасы – 58-де. Ол да оң-солын танып үлгермей 19 жасында тұрмысқа шыққан. Отбасылық өмірінің алғашқы бөлігі небәрі жеті-сегіз жылға созылған.

– Марқұм менен 12 жас үлкен-тұғын. 40 жасқа қараған шағында аты жаман аурудан айыға алмай қайтыс болды. Төрт баламен – екі ұл, екі қызыммен 26 жасымда жесір қалдым. Кенжеміз бесікте болатын ол кезде. Күйеуімнің жылдық асын берген соң әулеттің үлкендері жиналып, ақылдасып, мені қайнағама қосу туралы ұсыныс білдірді. Өтірік айтып қайтейін?! Басында көніңкіремей төркініме кеткім келді. Бірақ төрт баламды қайнағамның балалары жібергісі келмей құшақтап тұрғанын көргенде көңілім босап кетті. Не де болса балалар бірге болуы керек деген шешімге келдім. Ол кісіден төрт ұл тудым. Алғашқы әйелінен (ол да ауырып дүниеден өткен – авт.) бес баласы бар, – дейді Баянсұлу Сқақова.

Әмеңгерлікпен қосылған күйеуін кейіпкеріміз «аға» деп атаған. Марқұм 74 жасқа қараған шағында осыдан үш-төрт жыл бұрын науқастанып қайтыс болған. Баянсұлу ападан 21 жас үлкендігі бар екен. Бірақ пейілі жаздай жанның бес баланы «өзімдікі емес» деп өгейсіткен кезі болмапты.

– Кішкентай кезінде киімді әуелі бесеуіне алатынмын. «Үсті кірлеп, киімі тозып кетіпті» деген әңгіме-сөзге қалғым келмейтін. Балаларымның әкелері көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар еді. Қаталдау тәрбиенің арқасы шығар, бәрі сымға тартқандай тәртіпті болып өсті. Аллаға шүкір, 13 балам да кез келген мәселеде менімен кеңеседі. Күйеу бала, келіндерім, 30 шақты немерем бар, бәрі үйге жиналғанда бір қауым елге айналамыз. Әулет ақсақалдарының сөзінен асып кетпей, әмеңгерлік салтын сақтағанның себебінен балаларым әкенің жоқтығын білмей өсті. Қайнағам, яғни екінші күйеуім де ешқайсысын бөліп-жарған жоқ, – дейді кейіпкеріміз.

Біз әмеңгерлікті ескіліктің сарқыншағы деп ойлауымыз, енді оған қайта оралмайтындай көрінуіміз мүмкін. Алайда, келесі кейіпкерлеріміз көне дәстүрді ХХІ ғасырда да жаңғыртып отыр. Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындары Жеңіс Сейдеханов келіні Сандуғаш Садықпен қалай отау құрғаны жөнінде былтыр подкаст жобалардың бірінде айтқан болатын.

– Марқұм інімнен екі бала қалды. Сол кісіні анам қатты уайымдады. Екі бала туралы жиі айта бергесін ол кісіге келініме әмеңгерлікпен қосылу туралы ойымды жеткіздім, – дейді Жеңіс Сейдеханов.

Сандуғаш Садық оның інісімен жеті жыл бір шаңырақ астында өмір сүрген. Айтып келмейтін жол апаты бір сәтте өмірін жалмаған. Артында көздері жәудіреп екі бала қалыпты. Қайнағасының ұсынысына өзі де, марқұм әкесі де қарсы болған. Тек анасының үгіттеуімен рұқсатын берген.

– Маған сезімнен бұрын екі бауырым қатты ыстық болды. Оларды жәутеңдеткім келмеді. Сол кезде жүріп жүрген қызым болды. Оған айтып түсіндірдім. Мен қайнағасы, ол келін болып тұрғанда, маған тұрмысқа шыққанша көзіме тіке қараған емес, – дейді Жеңіс Сейдеханов.

Әмеңгерлік дәстүр негізінде отау құрған жас жұбайлар бүгінде бес баланы бағып-қағып отыр.

Бұл – бұрын ата-әжелеріміздің арасында кеңінен қолданылған дәстүр. Әмеңгерліктің басты мақсаты – баланың тегін ұмытпауына ықпал ету және оны өзге біреуге жәутеңдетпеу.

Осы орайда ғалым, сыншы Дандай Ысқақтың баспасөзге берген сұхбатындағы пікірі көңілге қонды.

– Бұл дәстүрдің түп-тамырына үңілсек, одан жеті атасын танып-білген баланың қанының тазалығы, сау ұрпақты дүниеге әкелу секілді маңызды мәселелердің шешімін табуға болады. Сонымен қатар қазақ баланың жасық болып өсуіне жол бермеген. Ал жесір әйел өзі үйренген ортасында қалып, баланың дұрыс тәрбие алуына атсалысқан, – дейді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<