Қаламгер шығармашылығының көрмесі

1101

0

Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді.

Қоғам жаршыларының атаулы күніне орай облыстық мемлекеттік архив қорында сақталған Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітованың жеке тектік құжаттарынан «Ұшқыр ойлы қаламгер» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Көрменің басты мақсаты – елге белгілі ақын, журналистің өнегелі өмірі мен еңбек жолын көпшілікке таныстыру, жастарды шығармашылыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.

Шараны облыстық мемлекеттік архив басшысы Ж.Абзалиева ашып, облысымыздың руханиятын, мәдениетін, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жаңалықтардың жаршысы болып жүрген ақпарат саласы қызметкерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар қатысушыларға дала шежіресі мен қазақ тарихын, әдебиетін зерделеп, зерттеп, қазақтың «Алтын қорына» тарихи деректерді қосып жүрген қаламгердің өмірі мен еңбек жолы, жеткен жетістіктері туралы құжаттар таныстырылып, архивтің құрылу тарихынан бейнеролик көрсетілді.

– Мұнда ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына қатысты түрлі құжаттар мен Журналистер, Жазушылар одағына мүшелік билеті, сонымен қатар Шиелі ауданының Құрметті азаматы атағының берілгені туралы куәліктері қойылған.

Архивте қоғам қайраткерлері мен облысқа танымал, есімі елеулі ақын-жазушылардың жеке тектік құжаттары арнайы сақталады. Қазіргі таңда жалпы 50 шақты тектік құжат бар. Алдағы уақытта да арнайы тізім бойынша қоғамға белгілі тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты құжаттары архивке алынып, көрмелерге қойылатын болады, – дейді облыстық мемлекеттік архивінің архив құжаттарын пайдалану және жариялау бөлімінің ІІ санатты археографы Аманкүл Қапанова.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<