17 жыл бұрын канадалықтар асырап алған қазақ жігіті туған анасымен қауышты

76

0

Фото: Маңғыстау облыстық телеарнасы

17 жыл бұрын 10 айлық кезінде канадалық отбасының асырауына берілген Жандос Райн Маңғыстау облысына келіп, өзінің туған анасымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Жандос Канаданың Торонто қаласында тұрады. Ол бала күнінен өзінің Қазақстанда туғанын және ата-анасы асырап алғанын білген. Тіпті, Канадада ол қазақ достар тауып, араласып тұрған. Өзінің туған анасын іздеу туралы идеяны Жандосқа сол достары айтқан екен. Ал анасын табуға «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы, журналист Жанар Байсеміз септігін тигізген.

17 жылдан кейін туған топыраққа табаны тиіп отырған Жандос Райнды қазақ жерінің байтақтығы таң қалдырды, деп жазады арна.

«Жайлауға барып, домбырамен таныстым. Ақтауда Каспий теңізі болса, Канадада Торонто жағалауы бар. Үндестік пен сәйкестікті қараңызшы. Жаратқан маған қайткен күнде де судың жағасында тұруды жазыпты. Бұл сапарымды сөзсіз ұмытпаймын. 3-4 жылдан соң елге қайта келуді жоспарлап қойдым», – дейді Жандос Райн.

Ол 6 шілдеден кейін Торонтоға оралуды жоспарлап отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<