Төрттаған немесе Тоғызбаевтың теоремасы

108

0

Сыр медицинасын алға бастыруда өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген Асылбек Тоқмырзаұлының еңбек жолы көпке үлгі. Бүгінде жетпіс бес жастың белесіне көтерілген сала ардагерінің шынашақтайынан шынайы еңбекқорлық пен жаңашылдыққа жақын мінез-ұстанымын бел тұтып, бедел қалыптастырған баянды ғұмырдариясынан қасиетті кәсібіне деген айнымас адалдығын таныр едіңіз. Адам өміріне араша болумен қатар қоғам тамырының соғысын тануға ұмтылған жас талаптың денсаулық саласын жүйелеу, ұйымдастыру мен басқару жауапкершілігін отыз жастың о жақ, бұ жағында жүрексінбей міндетіне алуы мерейлі биігінің мөлдір бастауы тәрізді.

Осындай еңбегі арқылы Сыр өңірі халқының қалаулысына айналған  үлкен жүректі азаматтың өмір жолына тоқталып өтсек, былай өріледі. Ол 1949 жылы 7 шілдеде дүниеге келіпті. Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектепті үздік тәмамдап, жүрек қалауымен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түседі. 1973 жылы жолдамамен Қызылорда облыстық ауруханасының анестезиология-реанимация бөліміне орналасады. Мамандығын жетік меңгерген, келешегінен үміт күттірген жас жігіт 1982 жылы облыстық аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Ал 1990 жылдан бастап Жаңақорған аудандық ауруханасына басшылыққа жіберіліп, ауыл медицинасын аяққа тұрғызуға тура келеді.

Асылбек Тоғызбаевты жаңақорғандықтар осы жылдары жақын таныдық деуімізге болады.

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауында тұралаудан шет қалмаған ауданның денсаулық саласының тағдыр-талайын сол кезеңдері екі тізгін, бір шылбырын қолға алып, іс басына келген білікті маман Асылбек Тоғызбаевтың есімінен бөліп-жара алмаймыз. Артта қалған ауыр сын ақиқаты осыны меңзейді.

«Өтпелі кезеңде өмір сүр». Жапондардың ең үлкен қарғысы саналатын осындай қиын шақта жоқтан бар жасау, қауқары кетіп қалжырағанды қайта аяққа тұрғызу үшін талап аз, табандылық қажет екен. Жанына батқан дертіне жәрдем іздегенде жандалбасалап ақ халаттыларға күні қарайтын қараша жұрттың маңдайына осындай мазасыз шақта Асылбек аға сынды марқасқаның бұйыруы бүгін ойлап қарасақ, мұқым жақсылықтың мөлдір бастауындай болыпты. Сөзіміз дәлелді болу үшін сол кезеңдерді ойша көз алдымызда тірілтіп көрелік. 

Алғаш қабырғасы қаланған алпысыншы жылдардан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген ауруханада қарапайым қажеттіліктердің өзі тым тапшы болатын. Ішке су кіргізілмеген, әжетхана сыртта. Сырқаттарға тамақты аулада отқа пісіріп, кір-қоң далада жуылатын қарабайырлықтың үстінен түсті. Емхана орталық дәріхананың бір бөлігінде балаға да, ересекке де аралас қызмет көрсетеді екен. Жедел жәрдем көліктері тозған. Жағдайға қаныққан соң аурухана жұмысын түбегейлі қайта құру қажеттігіне көзі жетті. Ең алдымен емдеу-сауықтыру жұмыстарын жолға қоюға кірісті. Ауданда туу көрсеткіші өте жоғары екенін ескеріп, перзентхананы қолайлы орынға көшірді.

Бұл кезде инфекция әсіресе, балалар арасында өршіп тұр екен. Аудан бойынша нәресте өлім-жітімі жиілепті. Жағдайды оңалту үшін алдымен тозған ғимаратты толық жөндеуден өткізу керек. Он бес тәуліктің ішінде бөлімше қабырғаларын қайта сылатып, шіріп кеткен су құбырларын ауыстырып, жылу, электр жүйесін жаңалауға тура келді. Екі қабатты аурухана ғимараты түгелге жуық күрделі жөндеуден өткізіліп, ота жасайтын бөлме арнайы медициналық құралдармен жабдықталды.

1991 жылы күз айында Қазақстан компартиясы таратылғаны жөнінде жиын болып, осы жиынға қатысуға келген облыс басшысы Сейілбек Шаухамановқа арнайы жолығып, аудандағы емхананың жағдайы нашар, өзі тар, нормативке сай келмейтінін дәлелдеп, атқару комитеті таратылғандықтан босап жатқан ғимаратын алып беруін сұрады. Мұны сол кездегі аудан басшысы И.Әбибуллаев та қолдады. Сөйтіп, аяқастынан орталықтағы еңсесі биік, сәулетті ғимарат емхананың еншісіне тиіп, күні кешеге дейін, яғни жаңа емхана тұрғызылғанша тұрғындарға қызмет көрсетіп келді.

Жаңа рентген аппараты алынды. Ауылдық ауруханаларда пайдаланылмай, қоймаларда тұрған лабораториялық аппараттарды орталыққа алып келіп, ЭКГ кабинеті, лаборатория, физиотерапиялық бөлім ашылды. Аудандар арасында бірінші болып ультрадыбыстық зерттеу, асқазан қуысын, ас қорыту жүйесін зерттейтін гастродуодоноскоп аппараттары алынып, кадр дайындау жолға қойылды. Халық бұрынғыдай облыс орталығына сабылмай, тұрғылықты жерде жан-жақты тексерілуге мүмкіндік алды. Жедел жәрдем мәселесі шешіліп, бөлім дәрігер-фельдшермен, автокөлікпен, рациямен қамтамасыз етілді.

Ауыл медицинасы да назардан тыс қалмады, Түркістан, Келінтөбе, ХХІІІ партсъезд, Талап, Бірлік, Төменарық ауруханалары күрделі жөндеуден өткізілді. Қажет кадрлармен, медициналық аппаратуралармен толықтырылды.

ДЕРТТІГЕ – ШИПАГЕР, ДЕНСАУЛЫҚ КҮЗЕТІНДЕ – МЕНеДЖЕР

Осы жерде ой келеді. Ауданның денсаулық саласына Тоғызбаев келгенше бүкіл жұмыс тоқырап, тоқтап тұрған ба? Адам бар жерде ажалға араша тұрар ақ халаттылардың жанкешті еңбегін ешнәрсемен теңгеруге болмайды. Аудан тарихында аты қалған «алтын қолды» дәрігерлеріміз қаншама?! Бір анық мәселе, басшы болуда жақсы дәрігер болу аз, мықты ұйымдастырушы, бүгінгі заман тілімен айтқанда, менеджер бола білуің керек.

1982-1990 жылдары облыстық аурухана дәрігерінің ұйымдастыру-әдістемелік ісі бойынша орынбасары болып қызмет атқарғанда Мәскеуде СССР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты жетекші кадрлар резервін дайындау академиясы жанында алты айлық оқу курсында екі мәрте оқып, білімін жетілдірді. Америка, Балтық жағалауы, Германия академиктерінен алған дәрістер, практикалық іс-тәжірибелері басшылық қызметке келгенде толығымен кәдеге асты. Іс тетігін таба білудің басты нысаны осындай жоғары біліктілікте ғана десек қателесеміз. Қызмет бабында айналамен адами қарым-қатынастың нәзік иірімдерін игеру, ол да өз алдына өнер, тілін тапқан ғана табысқа жетеді.

Тағы да мысалға жүгінейікші. Жаңақорған аудандық ауруханасына алғаш келгенде қатты жанына батқаны су мәселесі еді. Сол күндері бұл аймақта арнайы гидрогеологиялық экспедиция жұмыс жасап жатқанын естіп, мекеменің бастығымен тығыз қарым-қатынасқа көшті. Мақсат – аурухананың суға зәрулігін жеткізіп, жәрдем сұрау. Денсаулық нысанына дем беруден кемел ниеттілер кенже қалған емес, әлгі кісіміз де көмек қолын аямады. Аурухананың астында су қоймасы бар екен, бұрғылау құрылғыларын іске қосып, бір аптада 280 метр тереңдіктен су тартатын құрылғы мен су мұнарасын орнатып, түйткілді толық шешті. Енді осы суды ауруханаға жеткізу керек. Бұрынғы су құбырлары толық шіріп, істен шығыпты. Қаладағы көзкөрген тамыр-таныстарды жағалап, жағдайды реттеуге әрекет жасады. Қаржы мәселесі құлдырап тұрған кез. Қызылорда тресіне қарасты ХРСУ мекемесі басшысы базынасын жерге тастамай, су, жылу, кәріз жүйесін бағдарлауға бригадасын жіберсін. Міне қызық, іштегі жылу қазандығының тек біреуі ғана пайдаланылып келіпті. Жылы су беретін бойлер жұмыс жағдайында, бірақ бірде-бір рет іске қосылмаған. Арнайы топ аурухананың ішкі-сыртқы жылуын, мұздай су, ыстық су, кәріз жүйелерін толықтай қайта жүргізіп, бұзылып тұрған 4 комфорлы электр пешін жөндеп іске қосып берді.

Осыдан соң мекемедегі барлық санузел, қол жуатын раковина, душ іске қосылды. Ас асханада дайындалатын болды. Аудандағы ХРСУ мекемесі де жәрдемнен шет қалмай, еденін, есік-терезесін толық ауыстырып берді. Сүйегі мықты терезелердің бояуын ерітіп, қайта бекемдеді, толық жабылған соң,  жел үрлемейтін болды. Ғимарат сырты жаз аяғына дейін мәрмәр тас қиыршықпен қапталып бітті. Нәтижесінде, ұядай жылы бөлмелерде науқастарға жеңіл киіммен жүруге мүмкіндік туды. Жұмсақ төсек-орын, киім, керек жабдықтар үш ауысымдыққа жаңаланып, нормативті медициналық құрылғылар жеткізілді.

Аурухананы жарықпен тұрақты қамтуда да кілтипан көп екен. Тоқ кернеуі көтере алмағандықтан жарық өшіп қала беретін. Энергиямен жабдықтау мекемесін жағалауға тура келді. Нәтижесінде үздіксіз электр жарығымен қамту шешімін тапты. Осы атқарылған игіліктердің баршасы қарапайым сіз-біздіктен, өзара сыйластықтан өріс алып, өркенін кеңге жая түсті. Көптің мүддесіне келгенде көңілшектігінен ажырамаған қазақы қалпымыз қатып-семген қағидаларды да жібітіп, жарқын үміттің айдарына жел бітірген талай жақсылыққа жол ашқан тәрізді. Ең бастысы, елге болсын деген ерекше пейіл, қапысыз кұштарлықтың құдыреті жатыр еді мұнда.

КӨЗІН ТАПҚАНҒА КӨКЖИЕК КЕҢ

Адам өмірінде секундтар шешетін сын сәттер кездеспей тұрмайды. Ондайда жалаң қолмен жақсы дәрігер де дәрменсіз. Жағдайы тұралаған аурухананы аяққа тұрғызуға бел шеше кіріскен білікті басшыны жатса-тұрса ойландырған осы мәселе еді.

Ауыл ауруханасында аяқастынан ауыр жағдайға душар болған науқастарға көрсетілетін жедел жәрдемді қалыпқа келтіру керек. Тоғызбаев бұл мәселені қалай шешті?

Бұл жөнінде сол кездегі жас хирург дәрігер, Асылбек ағаның шәкірттерінің бірі Молдахмет Искаков былай дейді:

– Бір күні бас дәрігер кабинетіне шақырып алды да, «оқуға кетесің» деді. Анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша арнайы курсқа жіберетінін айтты. Басшы таңдауы маған түскен екен, бас тарта алмадым. Сонымен Украинаның Запорожье қаласына жол тарттым. Елде ақша жоқ, қиын кез. Бізде рубль ол жақта купонмен есептеледі екен. Ілдалдалап жүріп сол оқуды бітірдім. Обалы не керек, елге келемін дегенше реанимация бөлімін ашып, ішіне керекті құрал-жабдықтар қойылыпты. Мені осы бөлімнің басшысы етіп тағайындады. Сонымен облыста алғаш алпыс бірінші жылы Шадияр Нұрымбетов наркоз беруді қолға алса, мұнда мен осы мамандықты игердім. Жаңақорған ауруханасы жандандыру бөлімінің негізін қалаған тұлға ретінде атымыз тарихта қалды. Бастамашыл басшының осындай талабы болмағанда дәрігерлік бағыт-бағдарым басқаша өріс алған болар ма еді? Бәрінен бұрын, тағдыры қыл үстінде тұрған қаншама науқасқа дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетіліп, көптің алғысына кенелдік. Сондықтан жеке басым Асылбек Тоғызбаевты ұстазым деп пір тұтамын, оған шексіз қарыздармын деп есептеймін, – дейді.

Сол кездері бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Сәулебек Есқожаұлы:

– Бір күні жүрек жарақатымен науқас түсіп, тез арада облыспен хабарласып хирургиялық жедел жәрдем бригадасын шақырту керек деп шештім. Бас дәрігерге хабарласып, жағдайды жеткіздім. «Жарақатты қашан алған?» деген сұрағына «30-40 минут бұрын» деп жауап бердім. «Облыстың дәрігерлері келем дегенше біз қалай қарап отырамыз? Болмайды. Сен хирург емессің бе? Операцияны өзіміз жасаймыз. Құрал-сайман, наркоз, бәрі жеткілікті. Сіз ота жасайсыз, наркозды өзім беремін. Керек жерін айтып тұрамын» деді де, шұғыл іске кірісіп кеттік. Сөйтіп науқасты аман алып қалдық. Мұндай жағдайлар көп болды, – дейді.

Ол кісінің тәлім-тәрбиесін көрген әріптестері, шәкірттері Сұлтанбек Әлқожаев, Мырзагүл Жамурова, Сәкен Үсейінов, тағы да басқа көптеген ақ халатты абзал жандардың аузынан дәл осындай алғаусыз пейілді естігенімізде ғибратты ғұмыр иесіне деген құрметіміз одан әрі еселене түскендей. Міне, осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданда 1990-1995 жылдары бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Нәресте шетінеу көрсеткіші екі есеге төмендеді. Балаларды егу жұмысы, жүкті аналарды есепке алып, диспансерлік бақылауда ұстау қатаң қадағаланды. Орта буын мамандарды қайта даярлау, оқыту жүйесі жолға қойылды. 1991-1992 жылдары ауданға 15 жас маман жұмысқа тартылып, 11 автокөлік алынды. Сунақата, Юбилейный елді мекендерінде дәрігерлік емхана, Задария елді мекенінде аурухана іске қосылды. Сәби тағамын дұрыс жолға қоюда кент орталығында сүт асханасы ашылды. Емдеу-сауықтыру жұмысын жүйелі атқаруда ауруханада хирургия, травмотология, терапия, кардиология, инфекция, балалар бөлімі, гинекология бөлімдері мамандармен, медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Өзінше дербес мекеме болып тері- венерология ауруханасы, стоматологиялық емхана ашылды. Бұл – Асылбек Тоғызбаевтың Жаңақорған ауданының бас дәрігері қызметін атқарған кезде қолға алынып, қорытындысын тапқан жұмыстары.

Асылбек аға облыстық аурухана бас дәрігерінің кеңес беру-диагностикалық істері бойынша орынбасары, СПИД-ке қарсы күрес және алдын алу орталығының бас дәрігері, қалалық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарғанын білеміз. Осы кісі басшылыққа барғаннан қалалық ауруханада да қайта құрылымдану жүріп, жұмыс жүйелі түрде жандана түскенін қызылордалықтардың кез келгені айтады. Заманауи тұрғыдағы медициналық құрал-жабдықтар – эндовидеохирургиялық лопароскоп, ангиографиялық-рентгенологиялық аппарат, гистерескоп, компьютерлік томография, электрондық байланыс құралдары алынып, салауаттылықты қалыптастыру ісі жаңа стильде жалғасын тапқаны жұртшылықтың көз алдында. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қалалық аурухана үш жыл қатарынан Ұлттық Бизнес рейтингтер одағының «Қазақстан көшбасшысы» марапатына ие болды.

Қай жерде жүрсе де ақыл-ойы мен ерік-жігеріне сүйеніп, білгірлік пен талапшылдық, тәуекел және төзімділік деп аталар төрттағанды тірек ете білген білікті маманның пайымдауынша, өнегелі өмірдің ұзындығы нақты мақсат-мүдде мен еселенген қуат-қайраттың қосындысына тең. Бүгінге дейін жарты ғасыр денсаулық күзетінде тынымсыз тірлік кешкен Асылбек Тоқмырзаұлының түйген теоремасы осындай.

Біз бұл мақаламызда Асылбек ағаның Жаңақорған медицинасында қалдырған ізін ғана саралап шықтық. «ССРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Құрмет» ордені иегерінің салалық басшылықтан алған басқа да толып жатқан марапаттарын тізбелеп шығуды мұрат тұтпадық. Өйткені одан да жоғары тұратын, екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бір бекзат атақ бар. Ол – абырой деп аталады. Оған ақша да, тамыртаныстық та жүрмейді. Өйткені оның төрешісі, әділ қазы уақыттың өзі.

Бүгінде 75 жасқа толып отырған ел ағасының жүріп өткен еңбек жолынан еншілеген үлкен олжасы осы. Осыған тәубе дейді. Соңында желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтары бар. Әке жолын қуған тұңғышы Ғалымжан медицина ғылымының докторы, профессор, Денсаулық сақтау министрлігінің бас ревматологі, одан кейінгі қызы Нәзира экономика ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі, Бауыржаны облыстық прокуратураның басқарма басшысы, Жазира дәрігер-ревматолог. Асылбек аға отбасында жары Мейрамкүл Ерғалиқызы екеуі – немерелер қызығына кенеліп отырған бақытты жандар.

Жетпіс бес жас – кез келгеніміз көзді ашып-жұмғанша кемеріне шығар кемел биігіміз. Сол кезде Асекең сынды жүзіміз жарық болуын қаласақ қазірден тұлпар тұрпатты табиғатымызға табынып, жақсылықтың жалына жармасқанымыз жөн-ау. «Болмасаң да ұқсап бақ» деп Абай атамыз айтқандай, осындайда алға қояр ақеділ пейіл, адалдықтың символындай болған Асекең сынды ағаларымыздың бары қандай жақсы!

Баян ҮСЕЙІНОВА,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<