Тәжірибе алмасу семинары

79

0

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар инфекционист-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Динагүл Баешова Сыр еліне жұмыс сапарымен келді.

Іс сапар барысында жергілікті мамандарға түрлі тақырыпта дәріс оқып, екі күндік семинар өткізді.

Оған аймақтағы инфекционист, жалпытәжірибелік дәрігерлер, балалар невропатологтары мен педиатрлар қатысты. Жиында балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы аурулар және олардың диагностикасы мен емі туралы толыққанды ақпарат берілді.

– Тренинг өте жоғары деңгейде өтті әрі біздің мамандар білімін толықтырды. Қызылордаға арнайылап келген Динагүл Аяпбекқызына, шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Алиева.

Инфекционист-дәрігердің алғашқы дәрісі «Менингококк инфекциясын ерте анықтау және емдеу» тақырыбына арналды. Д.Баешова аталған диагноздың балалар денсаулығы мен өміріне келтіретін зиянын айтты. Науқасты қарау кезінде дәрігерге ескеретін жайттар туралы толыққанды мәлімет берді. Елордалық маман дәріс кезінде заманауи көрнекі құралдарды пайдаланып, пікір алмасу сағатын да өткізді. Дәріс екі күнге созылмақ.

– Коронавирус ауруынан кейін жұқпалы ауруларға немқұрайлы қарамау керек екеніне көзіміз жетті. Бүгінде Сыр өңірінде ғана емес, еліміздің барлық облыстарында вакцинамен бақыланатын аурулармен ауыратын адамдардың саны артып отыр. Оның ішінде көкжөтел мен қызылша ауруы көбеюде. Естеріңізде болса, 2018-2019 жылдары Алматы облысының төңірегінде менингококк инфекциясы асқынған еді. Бұл ауру 6-7 жылда бір көтеріліп, ауыр дәрежеде өтеді. Тіпті салдарынан адам өліп кетуі де мүмкін. Сол себепті осының алдын алу мақсатында дәрістің алғашқы күнінде «Менингококк инфекциясын ерте анықтау және емдеу» деген тақырыпта баяндама жасадым. Жергілікті дәрігерлерге аурудың ағымы туралы айтып, қалай дайындалу керек екені жөнінде кеңес бердім. Одан бөлек, дәрісте балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы ауруларға баса назар аударып, олардың диагностикасы мен емі басты назарда болды. бұл диагноздың балалардың өмірі мен денсаулығына келтіретін зияны мен науқасты қарау кезінде дәрігердің ескеруі тиіс бірнеше жайтқа жеке тоқталдым, – деді профессор.

Жасыратыны жоқ, жаз мезгілінде инфекциялық аурулардың қоздырғыштары көбейеді. Сол себепті балалар инфекционисінің тәжірибесі сырбойылық балалардың денсаулығын жақсартуға, мамандардың біліктілігін арттыруға септігін тигізетіні анық. Мұндай тәжірибе алмасуға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бұл туралы инфекционист-дәрігер өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<