Ұлттық мұраның өрісін кеңейткен

85

0

Жақында дүниеден өткен тоғызқұмалақ қауымдастығының қайраткер ақсақалы, ақылгөй абызы, ардагер-ұстаз Еркетай Иманбаев туралы 2020 жылы жарияланған Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 90 бапкері» кітабынан алынған мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.

Еркетай Әлкенұлы Иманбай 1946 жылы 6 тамызда Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылында өмірге келді. Дүние жүзінің 9 дүркін чемпионы Ә.Дәлиева, әлемнің 3 мәрте чемпионы Х.Елеусін, Әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері Ф.Әуесбаева, Қазақстан конфедерациясы кубогінің жеңімпазы Т.Құлышев, т.б. мықты спортшылардың бапкері. Тоғызқұмалақтың компьютерлік бағдарламасын жасап, 4 адам ойнайтын тақта ойлап тауып, «Құмалақ санау жүйесі» атты ғылыми еңбек жазған маман.

Бұл кісі қалыпқа сыймайтын бапкер. Көп жаттықтырушылар тәрізді алдына келген баладан чемпион шығарамын деп, таңның атысы, күннің батысы жаттығудың соңында жүрмейді. Бір иығын рухани дүниеге, екінші иығын спортқа тіреп, таразының екі басын теңестіріп отыратын. Еркетай бапкер үшін шәкірттерінің ең әуелі дұрыс адам болғаны маңызды. «Адамға ең керегі – иман, иман мен ұят бір-біріне ілесе жүреді». Еркетай Иманбайдың өмірдегі басты ұстанымы осы. Рухани ұстазы – Абайды көп оқиды. Абай армандағандай, оқушыларының да «толық адам» болғанын қалайды. Сондықтан шәкірттерінің жан дүниесі иманмен, рухани нәрмен сусындаса, олардың ішкі байлығы тым жұтаң болмаса дейді.

Еркетай Иманбай әріптесі Досым Омаровпен бірлесіп «Тоғызқұмалақ ойынының философиялық негізі» атты кітап жазды. Ендігі мақсаты – Абайдың тоғызқұмалақшылығы туралы зерттеу еңбекті жарыққа шығару. Тоғызқұмалақтың шығу тарихынан бастап, оның құрылымын, тереңдігін, логикасын, сандық ерекшеліктерін қамти отырып, бұл ойын Абай Құнанбайұлын несімен баурады, неге қызықтырды деген сауалға жауап іздеп көрмекші. Бапкер Абай атасы тоғызқұмалақтың қатпарына дендеп бойлаған тұста «толық адам» туралы ойларын әбден пісірген тәрізді, деп пайымдайды.

«Абай жеңіл, арзан дүниеге құмартпаса керек еді. Ендеше ойшыл ақынды иіріміне тартып, ерекше сүйіп ойнауына себеп болған тоғызқұмалақ дүние жүзіндегі ең тартымды, ең күрделі зияткерлік ойынның бірі, – дейді Ерекең сеніммен. – Абай атамыздың маңына мықты тоғызқұмалақшылар топтасқан. Ол кісі замандастарымен сан мәрте шеберлік таластырғаны анық.

Сол тұстағы күшті ойыншы саналған Көрпебай Абайды ұтып кетсе, ақын атамыз: «Тақтай бағып, ойын қуған қу ұтады», деп әзілдейді екен. Мұның бір мағынасы, Көрпебай тоғызқұмалақ тақтасын атының қанжығасына байлап жүреді, дегеннен шықса керек. Ал өзі басым түскенде: «Мұндайда ми ұтады», деп жұртты күлдіреді деседі. Коммунистер көсемі Владимир Ленин: «Шахматы – гимнастика ума» десе, Абай ақсақал тоғызқұмалақта «милы адам озады», дегенді кесіп айтып отыр. Бүкіл жаратылыс Алланың аса шебер, дәл есебімен мүлтіксіз айналса, тоғызқұмалақ та – нақты есепке, мықты жүйеге құрылған ойын…»

Иә, жаһандық аренаға шыққаннан бері тоғызқұмалаққа құмартушылар саны жер шарының әр қиырында жыл санап көбейіп келеді. Халықаралық Iggamecenter.com зияткерлік ойындар сайты арқылы басқасына қарағанда тоғызқұмалаққа қызығушылар мен ойнаушылар қатарының уақыт өткен сайын арта түсуі, тіпті шахмат, дойбымен салыстырғанда ойыншылардың басым болуы – ең әуелі тоғызқұмалақтың күрделілігі мен тереңдігінде және тартымдылығында жатқаны анық. «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» демекші, есте жоқ ескі дәуірде Алаш топырағында тұсауы кесілген ақылды ойынның жалпақ дүниеге мәшһүр болып, бес құрлықтың ойлы адамдарын баурап әкетуі – ұлттық мәдениетіміздің мерейі әрі мәртебесі екені даусыз.

Біле білсек, тоғызқұмалақ –қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан сүбелі үлесі, өзіндік қолтаңбасы. Ал осынау ғажап зияткер ойынның әлем бойынша қазіргі таңдағы серкелері кімдер десеңіз, олар Еркетай Иманбайдың қос шәкірті – классикалық тоғызқұмалақтан дүние жүзінің 5 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева мен дүние жүзінің 3 мәрте чемпионы Хакімжан Елеусін.

Мұның бәрі тақыр жерден өсіп шыққан жоқ. Еркетай Әлкенұлы – Абай атасы айтқандай, табиғатынан милы, зейінді адам. Ерекең 1963 жылы Қызылорда қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірсе, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының автоматика және есептегіш техника мамандығын қызыл дипломмен тәмамдады. 1981-1984 жылдары Мәскеу қаласындағы бүкілодақтық ауыл шаруашылығын электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алды. Информатика мен компьютер бағытында көп ізденіп, елеулі жетістіктерге жеткені өз алдына бөлек әңгіме. сонымен қатар, республика бойынша тоғызқұмалақтан алғаш компьютерлік бағдарлама түзген еңбегін де айта кету керек, яғни, жаратылысынан есеп-қисапқа жүйрік, әу бастан ғылымға оң иығын беріп тұрады.

Қысқасы, Еркетай Иманбай – жаңашыл, ізденімпаз маман. Ол кісі бір мезгілде төрт адам ойнайтын тоғызқұмалақ ойлап тауып, соның алғашқы патентін заңдастырып алды. Бұған қоса «Құмалақ бағалау жүйесі» атты жаңалығына да патент берілді.

Иә, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында Алматыға арнайы барып, тоғызқұмалақ ардагері Рақымбай Кәрімбайдан тоғызқұмалақ тақтасын алған Еркетай Иманбай Сыр өңірінде осы ойынның жандануына себепкер болса, қазір бұл кісінің шәкірттері ұлттық мұраның өрісін ұзартып, намысын көтеріп жүр.

Қыдырбек РЫСБЕК

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<