Қызылорда облысының туристік әлеуетін арттыруға мән берілді

100

0

Фото: ortcom.kz

Қызылорда облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар нақты шара қабылданды.

Бүгінде облыста 560 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекеттік қорғауға алынған. Өзге ел тұрғындары «Байқоңыр» ғарыш айлағын тамашалауды қалайды. Өңірдегі туризм саласын дамыту мақсатында жыл сайын әртүрлі қызықты іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ, туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл 100 дана экотакси сатып алу да жоспарланған.

«Биылғы жылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірқатар нақты шара қабылданды. Атап айтқанда, биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланып, наурыз айында Бейжің қаласында туризм жылының ашылу салтанаты өтті. Сол шарада жергілікті туристік операторлар мен тұрғындардың «Байқоңыр» ғарыш айлағына деген қызығушылығының жоғары екендігі байқалды. Осы ретте, жауапты басқарма тарапынан «Қазақтуризм» АҚ бірлесіп, қытайлық және отандық туроператорлармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағынан ыңғайлы туристік бағыттар таңдалып, ортақ туристік пакет әзірлеу келісілді. Қыркүйек айында өңірімізде ғарыштық туризм бағытында тақырыптық апта өткізілетін болады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстағы туристік қызмет көрсету көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 20,5 пайызға артқан. Ал, туристердің жалпы саны 12,2 пайызға өсіп отыр. Біз үшін туристерге жайлы жағдай жасап, олардың қолайлы жүруін қамтамасыз ету өте маңызды. Сол үшін дестинациялардың, оларға барар маршруттардың инфрақұрылымдық желілермен қамтылуына баса назар аударудамыз. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы Қорасан ата кесенесінің аумағына демеушілер есебінен абаттандыру, жарықтандыру және қоршау жұмыстары жүргізілген еді. Биыл Жосалы кентіндегі Марал баба кесенесіне дейінгі аралықтағы 6,5 шақырым жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары және Арал ауданы әкімдігі тарапынан Арыстан баб кесенесіне абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», – деді облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<