Дүние дүрмек

68

0

Ең ыстық жаз

2024 жылдың жаз айлары тарихта ең ыстық кезең ретінде тіркелді.

«Коперник» климаттық өзгерісті бақылау бағдарламасының кезекті есебінде осылай делінген. Зерттеуде кейінгі үш ай жер планетасында ми қайнатар ыстық орнады деп жазылған.

Әсіресе Шығыс Еуропа мен Техас, Мексика, Канада, Қытай, Жапония және солтүстік-шығыс Африка аймақтарында бұрын-соңды болмаған аптап байқалған. Бұл елдерде сынап бағанасы былтырғы кезеңмен салыстырғанда әдеттегіден рекордтық деңгейде жоғары болды. «Ыстықтың әлі де басылмауына байланысты биылғы жыл ең ыстық жыл болуы мүмкін» дейді мамандар.

Демографиялық дағдарыстан шығудың амалы

Оңтүстік Корея билігі бір-бірімен танысып, араласа бастаған жалғызбасты адамдарға ақша төлейді.

Бұл – елдегі демографиялық дағдарысты шешудің амалы. Мұнда бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Өйткені баспана қымбат. Баланы бағып-қағу шығындары да аз емес. Осыған байланысты тіпті төтенше жағдай жариялауға тура келген. Содан тұрғындарды отбасын құрып, балалы болуға ынталандыру үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған.

Мысалы, жалғызбасты жандарға кездесу ұйымдастырылады. Егер осыдан соң ер адам мен әйел қарым-қатынасын жалғастыратын болса, 500 мың вона алады. Бұл біздің ақшамен 180 мың теңгедей. Ал кездесіп жүріп, кейіннен отбасын құрса, үйлену тойына биліктен 20 миллион вона (7 миллион теңгедей) бөлінеді. Бұдан бөлек баспана сатып алу және үй жалдап тұруға да қаржылай көмек бар. Жоба келесі айдан бастап Пусан қаласында іске асырылады. Оған 24 пен 43 жас аралығындағы тұрғындар қатыса алады.

Теміржолы жоқ елдер де бар

Британиялық сарапшылардың болжауынша, 2050 жылға қарай әлем халқының саны 9 жарым миллиардқа жуықтайды. Олардың 75 пайызы қалада тұрмақ.

Қазір шаһар тұрғындарының саны күн сайын 172 мың 800 адамға толығады екен. Осылай жылдам өсіп жатқан қалалардың арасын жалғайтын ең тиімді көлік түрі – теміржол болмақ. Келесі жылы іргеміздегі Қытайдағы жүрдек пойыз желісінің ұзындығы 50 мың шақырымға жетеді деген ақпарат бар. Әлемдегі теміржол желісінің жалпы ұзындығы 13 миллион шақырымнан асады. Бірінші орында – АҚШ. Қытай одан 61 мың шақырымға аз. Алғашқы бестікке көршіміз Ресей, Үндістан және Канада кіреді. Одан кейінгі орындарда Германия, Аргентина, Австралия, Бразилия мен Франция тұр.

Тағы бір қызықты мәлімет. Әлемде теміржолы жоқ елдер де бар екен. Бұл қатарға Андорра, Бахрейн, Бутан, Чад, Кувейт, Тувалу және Мальдив, Маршалл, Сейшель аралдары жатады.

Екінші гауһар тас табылды

Саха Республикасындағы Эбелях кен орнынан салмағы 52 грамм болатын гауһар тас табылды.

Бағалы дүниені мамандар алмазды кен орнының топырағын тазалау кезінде анықтаған. Графит, сульфид сияқты химиялық қоспасы бар зергерлік алмас мөлдір кристалдармен көмкерілген. Қазір ол сараптамалық бағалауға жіберілді.

Мамандардың айтуынша, бұл –  осымен екінші рет Эбелях кен орнынан табылған гауһар тас. Былтыр қыркүйекте салмағы 78 грамм кристалл анықталған. Бұл – кейінгі 10 жылдағы Ресейден табылған ең үлкен бағалы тас.

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<