Бексұлтан тоғызқұмалақтан чемпион атанды

1859

0

Елордада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан жерлесіміз Бексұлтан Бостандықов чемпион атанды.

Осылайша Сарыарқаның сайын даласындағы дүбірлі доданың жүлдесін Сыр өңірінің спортшысы қанжығасына байлады. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеден жеткен ақжолтай хабарға аймақ басшысы өз қуанышын білдіріп, чемпионды құттықтады.

«Жеңіске деген жігерін жанып, әлем назарындағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсеткен Сыр спортшысын айтулы жеңісімен құттықтаймын. Ақыл-ойдың аламан бәйгесінде бар өнерін ортаға салған Бексұлтан ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, елдің артқан үмітін ақтай білді. Бексұлтанның жеңісті жолы ұлттың ұлы үмітін арқалаған қыз-жігіттерге жұғысты болғай. Күллі әлем жұртына нағыз көшпенділердің болмысын танытқан, Мемлекет басшысы «Көшпенділер олимпиадасы» деп атаған сайыста барша спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Алға Қазақстан!» делінген құттықтауда.

Адамның ой-өрісін дамытуға, шынықтыруға, баланы тапқырлыққа, ұстамдылыққа, ұқыптылыққа баулитын қазақтың ұлттық ойынының  зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі әлдеқашан дәлелденген. Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының чемпионын құттықтаймыз!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<