Марал ишан мұрасы

49

0

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ даласында зор құрметке ие болған тарихи тұлғалардың бірі Марал ишан Құрманұлы екені сөзсіз. Оның дәлелі өткен жылы қасиетті Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі» деп, тұлғаның тарихи маңыздылығын ерекше атаған болатын.

Тарихқа көз жүгіртсек, Марал ишан барлық ғұмырын халыққа қызмет етуге арнады. ХІХ ғасырда Ресей империясының отарлау саясатының күшейген кезеңінде Орта Азия мұсылмандарына үндеу жариялап, алып империяға қарсы азаттық қозғалыстарға жетекшілік етті деген деректер де кездеседі. Марал ишан дүниеден өткеннен кейін қызметін ұрпақтары жалғастырды. Қазіргі уақытта да Марал ишан туралы ел ішінде көптеген аңыз-әфсана сақталған.

Таяуда облыстық тарихи-өлкетану музейі археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айгерім Бекқұлиева мен қолөнер шебері Бекзат Жақыптың ұсынысымен Марал ишан өмір сүрген кезеңде пайдаланылған ердің (Керей ері) түпнұсқасы және ишанның киелі асасының көшірмесі музей қорына алынды.

ХІХ ғасырдан сақталған Керей ері осыған дейін жасырын түрде отбасылық атамұра болып келген. Қолөнер шебері Бекзат Жақыптың айтуынша, ер Тәжі Томанұлына тиесілі. Тәжі жорыққа аттанар алдында Өтеулі баласына ер-тұрманды аманатқа қалдырған, Өтеулі үлкен ұлы Жақыпқа тапсырған, Жақып өз кезегінде екінші ұлы Әніске тапсырған. Әніс үшінші ұлы Бағдатқа: «Әлің келмесе, ағаңа не музейге тапсырарсың» деп аманаттаған екен. Ердің тарихына тоқталатын болсақ, Тәжі (руы Керейдің Тоқымбет аталығынан) Марал ишанның оққағары болған. Кенесарының соңғы жорығында Марал ишан оны ханның әскеріне оққағар батыры есебінде қосып жібереді. Жорыққа аттанар алдында 10-12 жасар баласы Өтеуліге аманат есебінде ер-тұрманын қалдырып кетеді. Одан кейін қайта оралмаған. Өтеулі өз заманындағы атақты ұста-шебер болған. Ер қатты ағаштан шабылып құрастырылған. Алды мен артқы қастары күмістен оюлап-әшекейленген. Этнографиялық деректерге сүйенсек, қазақ ортасында рулық сәйкестілік принципі бойынша жасалған Керей ерінің ерекшелігі ауқымды, кең, қасы жалпақ келген, биік әрі үлкен болған. Бабалары аманаттаған жәдігерді Тәжінің тікелей ұрпағы Бекзат Жақып музей қорына тапсырды. 

Көк аса Марал ишанның әулиелігі, абыздығы, даналығының символын білдіретін киелі жәдігер ретінде бүгінгі күнге жетіп отыр. Жәдігер Қазақстанның әр аймағындағы ұрпақтарының қолында сақталған. Аса төрт бөліктен тұрады: басы, қылышы, сабы, сүңгісі. Асаның қылышы мен найза тәрізді жасалған сүңгісі өзін қорғау мақсатында қолданылған болуы керек. Зерттеушілердің пікірінше, ХVІІІ-ХІХ ғасырларды асалар бір типте жасалған. Марал ишан туралы аңыздарда оның киелі көк асасы туралы да айтылған. Ұстазы Жам тауындағы Жалаңаяқ ишаннан оны шәкірттік жолмен қабылдап алған. Жәдігер үлкен әулеттің киелі мұрасы саналғандықтан, көшірмесін Бекзат Жақып жасады.

2022 жылы Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Qyzylorda» телеарнасы бірлескен «Құнды жәдігер» жобасы аясында «Жосалы» станциясындағы Марал ишанның қарашаңырағында сақталып, осыған дейін елеусіз қалған Қалмұхаммед ишанның (Қалқай) мөрін ғалымдар мен музей қызметкерлері зерттеп, қазақшаға аударған болатын. Кейін көшірмесі жасалып, музей қорына өткізілді.

Алдағы уақытта да музей қызметкерлері тарихи тұлғалар туралы тың мәліметтерді жинақтап, олардан қалған баға жетпес құнды жәдігерлермен музей қорын толықтырады.

Асхат САЙЛАУ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<