Ауырмаудың жолы бар

65

0

Жедел респираторлы вирусты инфекция мен тұмау – вирустардан туындайтын, тыныс алу жолдарының (мұрын қуысы, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, бронх) қабынуынан туындайтын ең көп таралған аурулар. Олар ауа тамшылары арқылы таралады. Белгілері – әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, тамақтың ауыруы немесе жыбырлауы, мұрын бітелуі, жөтел, бас ауруы.

Бастапқы белгілері біліне бастаған кезде медициналық көмекке жүгіну, яғни үйге дәрігер шақыру қажет. Үйде қалып, төсекте жатқан жөн. Лимон, бал, бүлдіргенмен шәй, С дәрумені бар фитошәй, жылы сүт, компот бір сөзбен айтқанда, көп мөлшерде су ішкен дұрыс. Алғашқы күндері «Анаферон», «Лавамакс», «Интерферон» мен «Оксолин» майы, мұрынға тамызатын тұзды ерітінділер, тамшы сияқты дәрілер тиімді.

Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін сырқатты ерте анықтап, оны көпшіліктен оқшаулау керек. Жеке бас гигиенасын сақтау және қолды жиі жуу, науқасқа күтім жасағанда медициналық маска киіп жүру, бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп тұру, маусымдық аурушаңдық деңгейі жоғарылаған кезде көпшілік орындарға баруды шектеу керек. Әсіресе, үйден шығарда мұрынның айналасына «Оксолин» майын жағып, қатты тоңбау, ауа райына қарай киіну керек.

Ең бастысы, таза ауа, денешынықтыру және спорт, өмір сүрудің тиімді тәртібі, дәруменге бай тағамдар көп көмектеседі.

Жансая ИСЛАМБЕК,

№1 қалалық емхананың СӨСҚ маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<