Үзіліп түскен бір сәуле

1228

0

Жақында тақырыпта айтылғандай тағы бір жаңа кітапты қолға алдық. Жергілікті «Қызылорда қанағаты» баспасынан жарық көрген бұл кітапта елімізге белгілі «Досжановтар клиникасының» негізін қалаушы білікті дәрігер, қайсар тұлға Қабыл Қайырбайұлы Досжановтың тағдырлы өмір жолы, адами айшықты бейнесі сомдалған.

Кейіпкердің өз атынан баяндалатын тағдыр таразысындағы күрескерлік тұлғасы, емдеу ісіндегі ерекше тәжірибесі, отбасы құндылықтары шынайы оқиғалармен берілген. Сонымен бірге оқырман өз жанының өшпейтін жарығына айналған асыл жарға деген сағыныш пен құрмет мәртебесіне куә болады.

– Тағдыр, сенің құрсауыңа таңылдым,

Бостандығым – ар, иманым, кәмілмін.

Мәдинаның аталғанда есімі,

Жүрегінен күн шығады Қабылдың, – деп басталатын бірінші бөлімде алдыңнан бас кейіпкердің балалық шағы атойлап шығады. Бас алмай оқисың. Онда қазақы ауыл бейнесі, ақсақалдар тәрбиесі, тіл тазалығы, халық дәстүрі, не іздесеңіз де табылады. Кітаптың мына бір әңгімесіне құлақ салыңызшы.

«Әлі есімде, әкемнің жылын бергеннен кейін біздің үйге төрт-бес туысымыз келді. Анам сәлем салып, көрпеше жайды. Олар төрге жайғасып, Құран оқыды. Алты жасар бала болғандықтан үлкендердің атын да білмейтінмін, бірақ, туысқан екенін білемін. Сөйтсем, бұлар Бәйтеш, Нұрташ, Әйтеш, Отар көкелер екен. Олардың етегіне таман мен де қозғалмай отырмын. Бала болсам да назарларының маған қарай ауғанын сеземін.

Бір кезде үлкендердің бірі:

– Қабыл балам, сен інілеріңнің болғанын жақсы көресің бе? – деді басымнан сипап.

Менің ойыма бірден Дабыл түсті. Көңілім босап кеткендей еді, басымды изедім. Әлдеқайдан інім үйге кіріп келетіндей үмітім оянды.

– «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген сөз бар, қарағым, – деп Бәйтеш көке бір әңгіме бастады. – Қазақтың «ерден кетсе де, елден кетпеген» келіндері ұрпағының өз жұртынан ажырамауын, ағайынның бірлігін ойлаған. «Басқа түссе баспақшыл», Құдай ісіне не шара, осылай болды.

Енді анаңды мына туыс ағаңа, Отарға қоссақ дейміз. Осыған сенің рұқсатыңды сұрап келіп отырмыз. Отар ағаң анаң екеуіңе қамқорлық жасайды, Құдай бұйырса, тағы да інілерің болады, – деді.

Көкемнің мақалдарына түсінбесем де, ұзын сөздің ырғасынан осыларды ұқтым.

Қазір ойлап отырсам, үлкен кісілердің баласынбай менің рұқсатымды алуға келіп отырғаны не деген көрегенділік! Алты жасар баламен санасқан қазақтың салты тұнып тұрған даналық екен-ау. Менен рұқсат сұрамай-ақ үлкендер өз ойын іске асыра алады, әрине. Алайда, ол бөтен біреудің үйге басып кіргеніндей әсер етіп, көңіліме қаяу түсер еді. Үлкендердің алдымнан өтуге келгені мені едәуір есейтіп жібергендей болды. Жылы сөйлеген көкелерімді жақсы көріп кеттім де, мақұл дедім».

Мұнан әрі бас кейіпкердің өміріне өзіңіздің қалай еніп кеткеніңізді байқамай қаласыз.

Жазушы Дүйсенбек Аяшұлының қаламынан туған кітап қиындықтарға мұқалып жүрген жас отбасыларға жол көрсетіп, жігер береді. Өмірді сүюге құштарландырады. Қалғанын өзіңіз оқып көрсеңіз болады.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<