Отандық әдістемелер талқыланды

44

0

Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Тілдерді оқыту орталығының 15 жылдығына орай «Тілдегі өзгерістер: тіл үйретудегі отандық әдістеме» атты республикалық ғылыми конференция өтті.

Онда тіл төңірегіндегі мәселелер, заман көшіне қарай енгізілген өзгерістер және тіл үйретудегі қолданылып жүрген отандық әдістемелер ортаға салынды. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдары, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан,  Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген орталық басшылары мен өкілдері, аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара Тілдерді оқыту орталығы дайындаған көрмеден бастау алды. Конференцияны облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Қаюпов жүргізді. Облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов  сөз алып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін айшықтайтын асыл қазынасы. Ұлттық ерекшелігін көрсететін ең маңызды құндылық. Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында  «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Біз осы мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деп атап өтті.

Сыр өңірі – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухы мен жадының тілін қолданушылардың көптігімен ерекшеленетін облыстың бірі. Бүгінде сүлейлерді қанаттандырған өлкеде тілге деген оң көзқарас, шынайы сүйіспеншілік қалыптасқан. Соның бір айғағы – облысымыз 2001 жылы республикада алғашқы болып мемлекеттік мекемелерде іс қағаздарды жүргізуді  мемлекеттік тілге көшірді. Осыдан 10 жыл бұрын, мемлекеттік тілде іс қағаз жүргізу көрсеткіші 94 пайыз болса, қазір 99,6 пайызға жетті. Мемлекеттік тілді үйретуде, жалпы қолданыс аясын кеңейтуде Тілдерді оқыту орталығының еңбегі зор, – деді.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, терминология орталығының жетекші ғылыми қызметкері Н.Рсалиева «Қазақ тілі пәні – тілдегі өзгерістерді еңсерудің басты тетігі» тақырыбы аясында термин мәселесін сөз етті.

–    Қазір тіл тоқтаусыз даму үстінде. Десе де дұрыс бағытта дамымай жатқан тұстары бар. Осыған тіл жанашырлары бел шеше жұмыс жасауы керек. Дер уақытында кіріспесе, тіліміз қандай да бір тілдің диалектісі болып кетуі мүмкін. Мәселен, қазір донор тілі – ағылшын тілі. Терминдер ағылшын тілінен енуде. Балаларымыздың көретіні де, еститіні де – ағылшын тіліндегі дүниелер. Бұған  тосқауыл қоя отырып, тіліміздің тазалығын сақтауымыз қажет, – дейді ол.

Мұнан бөлек «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Л.Есбосын «Жасанды интеллект өзегі – тіл», орталықтың ғалым хатшысы Г.Түсіпова «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», Назарбаев зияткерлік мектебі қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі Г.Шынтасова «Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі: мектептегі тәжірибе» тақырыптарында баяндама жасады. Сондай-ақ қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Кеш соңында мерейтойға орай облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов орталық ұжымына облыс әкімінің құттықтауын және қызметкерлерге марапат табыстады.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<