Қалдырған ізің мәңгілік

666

0

Менің алтын ұям – Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылындағы Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы мектеп. Биыл осы мектебімізге 90 жыл толып отыр. 1934 жылы іргесі қаланған бұл мектептен білімді азаматтар, ғалымдар, академиктер түлеп ұшқан. Әрбір азаматтың дүниеге кірпіш болып қалануына ықпал еткен ұстаздардың еңбегін ерекше атауға болады.

Өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнап, білім нәрімен шәкірттерді тәрбиелеген менің атам – Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі, Жақсығұлов Ыбырай Достанұлы. Осы мақалада атамның өмір жолы мен еңбегін баяндамақпын.

Атамның балалық шағы мен өмір жолы

Атам Жақсығұлов Ыбырай 1934 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданының №12 ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ол балалық шағында әкесі Достан мен анасы Палаудың қамқорлығында еркелеп өскен. Алайда, 1941 жылы соғыс басталғанда әкесі майданға аттанып, қайтып оралмады. Жеті жасында жетім қалған атамды анасы өз күшімен өсіріп, білім алуына жағдай жасады.

Зерек бала атам мектепті 1948 жылы үздік бітірді. Мұғалім тапшылығы кезеңінде оны ұстаздық қызметке жіберіп, білім беру жолы басталды. Алғашқы ұстаздық қадамын Тасты, Энгельс және Аранды ауылдарында атқарып, кейін Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, физика-математика мамандығын үздік дипломмен тәмамдады.
Атамның ұстаздық жолы тек қана білім берумен шектелген жоқ, ол әр шәкіртінің тағдырына жауапкершілікпен қарап, оларға адамгершілік негіздерін үйретті. 1964 жылы Қазалы ауданындағы Карл Маркс кеңшарының №24 мектебінде физика және математика пәндерінен сабақ беріп, зейнетке шыққанға дейін сол мектепте қызмет етті. Оның шәкірттері бүгінде елдің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Мәселен, оның алғашқы шәкірттерінің бірі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Әйтбембетов Бегалы Нұрманұлы атамды өмір бойы ұстазы ретінде құрмет тұтты.

Атамның оқу-ағарту саласындағы еңбегі талай рет марапатталды. 1979 жылғы аттестаттау қорытындысы бойынша Құрмет грамотасымен марапатталып, 1984 жылы «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі» медалін иеленді. Ол өзінің білгенін жастарға үйретуден жалықпай, «Физика в школе» журналында мақалалары жарияланып отырды.
Атам мен әжем Сая 40 жыл бірге ғұмыр кешіп, 12 бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы білім алып, қазіргі таңда Теміртау, Байқоңыр және Қазалы қалаларында қызмет етуде. Әкем Жеңіс те ұстаздық жолын таңдап, №24 мектепте машинатану пәнінен дәріс беріп, шәкірттер тәрбиеледі.
Атамның ұстаздық қасиеті оның немерелеріне де дарып, алты немересі атасының жолын қуып, білім саласында қызмет атқаруда. Ермек Жеңісұлы – мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, Жеңісқызы Райхан – магистр дәрежесіне ие болып, спорт саласында қызмет етуде, ал Жеңісқызы Рая және Кеңесқызы Назерке бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері болып жұмыс істейді. Атамның немересі болғаным үшін мақтанамын.
Ұстаз болу – өмірдің ең қасиетті және абыройлы жолдарының бірі. Менің атам Ыбырай Достанұлының өмірі осы ұстанымды дәлелдейді. Ол өз ісіне адал болып, шәкірттерінің жүрегінде мәңгілік із қалдырды. Атамның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, оның қалдырған ізі ешқашан өшпейді.


Данагүл Достанова,

немересі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<