Сорпа

854

0

Сурет ашық дереккөзден

Адамға аз да болса ой саларлықтай осы бір мысалды  белгілі ресейлік жазушы, психолог А.Кирьяновадан аударма жасадым.

Ер адам ас бөлменің ортасындағы столға шынтағын тірей жайғасып, әйелі алдына әкеліп қоя салған сорпаны ынты-шынтымен ықыластана ішіп отыр. Бір қолындағы нанды қарбыта асап қойып, сорпаны ішуге беріле кірісіп кеткеніне қарағанда қарны қатты ашып келген сияқты. Тәбеті де тым тәуір, қайтсін енді, осы шаңырақты өгіздей өрге сүйреймін деп жүрген ер-азаматтың елуге еркін еніп кеткені ешкімнің қаперіне де кірмепті. Ал әйелі болса, бір аяқ асты алдына тарс еткізіп қоя салғаны аздай, құлағының құрт етін жеп тұр:

– Осы сен-ақ елдің бәріне жақсыатты көрінгің келеді де жүреді,  анау жуық арада қайтаруды білмейтін пәленше деген досыңа неге қарыз бересің? Оған керек ақша бізге де керек емес пе? Қызыңның оқуының ақшасы тұр төленбей, несие ол тұр айдан айға ентелеп. Осы айлықтан ауыстырып үйге жөндеу жүргіземіз дегеніміз есіңнен шығып кетті ме? Жаңадан алған люстраның тұрысы анау ауыстырылмай қорабымен. Оны да әйел басыммен мен ауыстырайын ба енді?! Осы үйде еркек бар ма өзі, жоқ па?

Ал күйеуі сорпаны әлі сораптап отыр. Әйелінің әдеттегі айқайы ғой, оған құлағы үйреніп кеткен, бірде бие, бірде түйе. Айтады, айтады да қояды, ол да қайбір жетісіп жүр дейсің. Жамандық ойламайды ғой, осы үйге болсын дейтін шығар. Жұмыстан сәл ерте шығып, түскі асқа келген. Сол жақтағы асханадан да іше салуға болар еді, бірақ ол жер қымбаттау. Ал үйдің аты үй, тамағыңды ішіп болып аздап көз шырымын аласың.

Былай алғанда, отбасылық тірліктің күнделікті күйбеңі ғой, оның бәрін ине-жіпке тізе берсең не болғаны. Қалыпты әңгіме, қалыпты жағдай, өмір-өзеннің қалыпты ағысы.

Айқайлап тұрған әйел бір кезде ақырындап күйеуіне көз салды. Құдай-ау, осы уақытқа дейін қалай байқамаған?! Елу дегенің соншалықты ебіл-дебілі шығатын жас емес еді ғой. Ал күйеуі болса, еңсесі еңкіш тартып, екі иығы бүгіле бастағандай ма қалай? Шашының ағы басымдау сияқты, сорпасын ішуге еңкейген сайын желкесінің қыртысы да көбірек көрініп, өзіне жарасымды күлкі үйіріліп тұратын жүзін де әжім торлай бастағандай. Бұл айқайлап тұр, ал ол құдды бір тілалғыш баладай үн-түн жоқ, шыдамдылық жасап бар ықыласымен сорпасын сораптап отыр. Өмірдің өзі сыйға тартқан жастық шағын қашан ұрлап кеткен. Қаны бетіне теуіп тұратын албыраған жүзін, қақпақтай жауырынын, күннің шашылған шуағындай күміс күлкісін, бір тал ағы жоқ толқынданған шашын қашан ұрлап кеткен? Алдында отырған қарияға бергісіз ер адам бір кезде бұған қызарақтап тұрып сөз айтқан, аузынан ана сүті кете қоймаған оқушы бала емес пе еді. Бірге қыдырды, бірге киноға барды, не болса соған күле жүріп, таңды атырып, күнді батыратын. Оқыды-тоқыды, отау құрды, балалы болды. Бірін тартсаң біріне жетпейтін қым-қуыт өмір-өзеннің ағысымен жүзе жөнелген қайран жастық қай жерде қалып қойғанын қалай байқамаған? Енді мынау тұрысы, жетпес дүниенің өшін шаршап-шалдығып үйім деп келіп сорпасын сораптап отырған күйеуінен алып тұрғаны. Оның бар тапқан-таянғанын бір тиынына дейін қалдырмай алақанына әкеліп салғанынан басқа қандай жазығы бар еді? Ал өмір болса өтіп барады, күйеуі ішіп отырған дәмді сорпадай таусылып барады. Сонда енді не қалды? Қайғыда да, қуанышта да бірге болуға, ақыретке бірге аттануға серттескен сыңарыңды отырса опақ, тұрса сопақ қылып жүйкесін жұқартқанда мүйізің қарағайдай болып, ұшпаққа шығасың ба?!

Осыны ойлап күйеуіне деген жақсы көру мен аяушылығы екі көзінен жас болып сорғалаған әйел үн-түнсіз артынан келіп оның мойнынан екі қолын орай құшақтағанда, көз жасы сорпаға тырс-тырс тамды. Сорпасын тауысып, қасығын столға қоя салған күйеуі де жағдайды айтқызбай түсініп, әйелінің жауырынынан қағып, алақанын бетіне басты. Бұдан кейін де өмірдің әрі қарай жалғаса беретіні түсінікті. Бірақ ең маңыздысы, ара-тұра осылай айтқызбай түсініскеннен кейін өмірдің жеңілдеп сала беретіні емес пе…

 Әлімжан ҚИЯС,

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<