Ұстаздың бағасын шәкірт береді

540

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде философия ғылымдарының кандидаты, профессор, әлеуметтік ғылымдар ака­демиясының академигі Мұстафа Матаев атын­дағы дәрісхана ашылды. Белгілі ғалым сексен жылдық тарихы бар білім ордасындағы философия және құқықтану кафедрасының негізін қалаған.
Профессордың атын дәрісханаға берудегі мақсат ғалым еңбектерін тереңірек зерттеп, елге ұсыну. Салтанатты жиынға республика, облыстың зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, білім алушылар қатысты. Ғалымның жиі қайталайтын сөзі «ұстаздың бағасын шәкірт береді» деген тіркес екен. Шынымен де, әріптес, шәкірттерінің сөзінен оқытушының тұлғалық болмысын, қадір-қасиетін таныдық.
– Мұстафа Матайұлының еңбек жолы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. Көрнекті ғалыммен мақсатты жұмыстарды бірлесіп жүзеге асырудың нәтижесінде университет оқытушылары арасынан тұңғыш заң ғылымдарының кандидаттары шықты. Бүгінгі күні олардың саны 10-нан асты. Көрнекті ғалым таным теориясындағы субъекті мен объекті проблемасы туралы философиядағы маңызы зор ғылыми проблеманың шешімін сол кездегі қоғамның әлеуметтік, мәдени және тарихи жағдайына сүйене отырып тұжырымдап, философ ретінде өзінің әріптестерін мойындатты, − деді университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов.
Ғалым жас күнінен өнер мен ғылымға ден қойған. Туған жеріндегі орта мектепті алтын медальмен аяқтап, Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің философия мамандығын үздік дипломмен бітірген соң білім жолын таңдаған. Қоғамның кем тұсын байқайтын көрегендігі, бастама бастаудағы батылдығы сол білімдарлығынан болса керек.  
 Мұстафа Матайұлының құрған қос кафедрасынан мыңдаған жастар білім алып, бірқатары ғылымнан орын тапты. Облысымыздың сот-құқық қорғау саласындағы жүздеген жауапты қызметкерлер осы кафедрадан қанаттанған. Ол өзінің ойлау, ғұмыр кешу ұстанымдарына философиялық тұрғыдан келіп, заман талабын дөп басатын. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында «мен діндар емеспін, біз матералист болып өстік. Алайда адамдардың діни сауаттылығы өте маңызды жағдай» деп, «Мұсылман құқығы» атты арнайы курс ашып, өзі жүргізді. Сонымен бірге, әртүрлі пікірлер қайшылығына қарамастан, Мұстафа Шоқайдың саяси-құқықтық көзқарастары турасында курс жұмысын бастады, − деді шәкірті, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.
Мұстафа Матевтың 60-тан аса ғылыми еңбектерімен бірге «Достарым, менің достарым», «Көзімнің нұры», «Ойлап тұрсам дүние..», екі томдық «Ұстаз ұлағаты» атты кітаптары бар. Сондай-ақ, «Мемлекет және құқық теориясы» атты оқу-әдістемелік еңбегі студенттер үшін құнды дүние.
Жиын барысында әріптестері мен ұлы Мұстафа Матайұлының ерен еңбегін, тынымсыз тірлігін,  нысанаға дөп түсетін тапқырлығын еске алды. Жақсы ұстаздың алғаусыз ниетін, елдің болашағы үшін атқарған еңбегін тани түстік. Өйткені, өзі айтып кеткендей ұстаздың бағасын берген шәкірттері еді.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<