Сыр спортын түлеткен жан

635

0

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп айтқан болатын. Біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған Қыпшақбай Қайнаров та өмірін өнегемен өрнектеген жанның бірі. Ол кісіні білетіндер «елдің ардақтысы еді», «ғұмырын спортқа арнаған ұстаз болатын» деп еске алып жатады.

Саналы ғұмырын Сыр спортына арнаған Қыпшақбай Амантайұлы 1953 жылдың 2 тамызында Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол 1970 жылы Қызылорда қаласындағы №198 орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын қалалық білім бөліміне қарасты балалар-жасөспірімдер мектебінде футболдан жаттықтырушы болып бастады. Қызмет барысында жүріп Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бітірді. 1970-1987 жылдары жаттықтырушы-оқытушы қызметінде жүріп, көптеген спортшыларды тәрбиеледі.

– Ол спорт пен ұстаздықты ұштастыра білді. Өмірін осы салаға арнады. Жаттықтырушы болудың не екенін кәсіби тұрғыдан түсінді. Көптеген облыс спортшыларының жетістікке жетуіне себепкер болды, – дейді спорт ардагері Тәшкенбай Нұрымбетов.

Шынында оның баптаған шәкірттері республикаға дейін танымал болған. Қ.Қайнаров 1987-2008 жылдары қалалық білім бөлімінің жанындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, одан кейін қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің директоры, 2009 жылдан бастап өмірінің соңына дейін №2 Қызылорда облысының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінде директор қызметін атқарды. Оның алған марапаты мен жеткен жітістігінің өзі бір төбе. Барлығын бірдей санамалап шықпасақ та қалалық, облыстық марапаттауларды иеленгенін, Мемлекет басшысының «Құрмет грамотасын» алғанын, «Білім беру ісінің үздігі» болғанын біз бүгінде мақтанышпен айтамыз.

– Бір жақсысы, ол қандай қызметтің басына келсе де адамгершілігінен айныған емес. Азаматқа тән әрекетімен айналасына қадірлі, ағайынға сыйлы болды. Ол кісімен дидарласудың өзі бір ғанибет еді. Жанына жуып кетсең болды уайымыңды азайтып, көңіліңді көтеретін әңгімелерді айтатын. Тіпті, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға септігін тигізетін. Жастарды дұрыс бағыт таңдасын, өмірлік ұстанымдары оң болсын деген ниетпен оларға шамасы келгенше ақылын айтып, кеңесін беретін. Әсіресе, балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. «Адал жүріп, адал тұр. Қолыңнан келсе жақсылық жасап, алғыс ал» деп, шәкірт жүрегіне жақсылықтың нұрын құйды, – деп еске алады  бұрынғы әріптесі Роман Тен.

Қыпшақбай Қайнаровтай даңқты ұстаздың ғибратты ғұмыры әлі талай жанға үлгі болады.

А.АҚЫЛБЕК.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<