Сәулелі үміт пен бекем сенім

2230

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Парасат» орденінің, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қоғам қайраткері, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлының «Топансу жүзін жуған Ұлы дала» атты кітабының тұсаукесеріне арналған әдеби-сазды кеш өтті.

Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-академиялық драма театрының артисі Нұрдәулет Баймаханның орындауындағы тақырыптық прологта жазушының жанайқайы, шиеленісті сезімдері суреттелген. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов пен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

– Сөз қадірін өз қадірім деп білетін қазақпыз. Сыр бойының саңлақтары сөзден де, сан қилы өнерден де кенде емес. «Өнерге бір күнге және бір күнде келген жоқпыз» дейді Алмас Алматов. Халқымыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектеспіз!

Аға буынға деген ізетіміз ретінде шағын болса да ресми түрде тарихи туындының тұсауын кесіп, БАҚ өкілдері мен өңір тұрғындарына жаңа кітапты таныстыра отырып, өз оқырманын табуға көпір бола алсақ, қуанышымызда шек жоқ. Қаламыңыздан қуат кетпесін! – деді Жағыпар Айтбайұлы.

Әдеби кеште ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Қаршыға Есімсейітова, ғалым, профессор, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев және белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты, «Әлімсақ» журналының редакторы Нұрлан Көбегенұлы автордың өзгеше ой орамдарына тоқтала отырып, жаңа туындының тұсауын кесті.

– Жазушы Ұлы Дала, Тұран кеңістігі жайлы бұрын да, қазір де қалам тербей жүріп, осынау көмбелі өлкенің ақиқаты ежелгі тарих тереңінен бүгінгі таным аренасына біртіндеп өз жолымен көтеріліп келе жатқанын, енді кеңінен және объективті түрде мойындала бастаған шындық екенін кітапта дәлелдей түседі. Қолымыздағы кітап – әлімсақтан бері қарайғы тарих қойнауының қыртыстарын қазбалап жанкешті еңбек еткен автор жұмысының жемісі. Өмірлік таным, ғылым тұрғысынан алып қарағанда да, отансүйгіш Жер перзенті санасының түкпіріндегі сәулелі үміт пен бекем сенімді оятатын философиялық ой-тұжырымдарға толы. Адам атаның жұмақтан жерге түсірілген сәтінен бастап, уақыт өлшеміндегі ғажайып құбылыстар мен ғасырлар тоғысынан сыр шертетін осы пайымдаулар топтамасы әр оқырман санасына ой салып, Ұлы Дала, Тұран кеңістігінде өмір сүріп жатқанына кеудесінде мақтаныш сезімін, терең түбірлі тарихымызға деген құрмет, ұлы күш оятатыны сөзсіз. Жазушының қиялы тарих қойнауындағы мыңжылдық үрдістерден бүгінгі күнге дейінгі шындықты шарлап, адамзат болмысының құпияға толы кезеңдері арқылы Ұлы дала келбетінің жүзін айқындай түскісі келетінімен өміршең.

«Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер», «Қисын қиырына тартқан жолдар», «Байырқалы байтағым» бөлімдері бізді ежелгі де жаңа Тұранның ғажайып әлеміне, Арал-Сыр өлкесінің мәлім де беймәлім ақиқаттарына жетелей түседі. Ізденістерге, батыл жолдарға шақырады. Көзіқарақты оқырмандардан жоғары баға алып үлгерген бұл шығарманы алдағы уақытта әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтардың біріне ұсынса дұрыс болар еді, – деді Қаршыға Есімсейітова.

Проза шыңында шарықтаған Сайлаубай ағамыздың поэзия айдынында да еркін құлаш сермейтінін көпшілік біле бермейді. Кеште ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетовтің жетекшілігімен А.Тоқмағамбетов мәдениет үйі жанынан құрылған «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің талантты өнерпаздары Дидар Өмірзақ, Салтанат Жаппасбай, Мейіржан Қартбай автор өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

– Жазушымын ғой. Бірақ жаңа туындының бұрынғыларынан айырмашылығы – жанрында. Ғылыми эссе ретінде жазылған жаңа кітапқа бүгінгі кештің ұйымдастырушылары тарихи рухнама деп көтеріңкі анықтама беріп отыр. Шынында да кейінгі 25-30 жыл көлемінде «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» сынды республикалық газет-журналдарға жарияланған мақалалардың жүйеге келтірілген жиынтығы. Туындымыз төрт бөлімнен тұрады. Соның ішінде, әсіресе, бірінші бөліміне ғылыми тұрғыдан көптеген пікірлер айтылуда. Әрине, біздің алдымызда осы тақырыпта, осы бағытта ізденген азаматтар аз емес. Олжас Сүлейменов, Серікбол Қоңдыбай сынды марғасқалар бар. Олардың жолын жалғаушымыз десек, артық болар. Алдымдағы аға буынның үнімен үндесе отырып, өзіміздің жаңа сүрлеуімізді салуға тырыстық, – деді автор.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<