Облыстағы батыс ауданның бірі Қазалы аумағын Сырдария кесіп ағады. Он бестен астам ауыл сол өзеннің арғы бетінде қоныстанған. Орталыққа келетін жұрттың әуресі көп қой. Бірі әлдебір құжаттың, енді бірі азық-түліктің қамын ойлап бергі бетке ағылады. Қазақтың той-жиыны көп екенін ескерсек, осындағы ағайынның қуаныш пен қайғысына ат ізін салатындар бар. Әйтеуір, өзен үстін кесіп өтуге тура келетін. Қазір мұндағы «Әлсейіт» темір-бетонды көпірі салынғалы бұрынғындай ауыртпалық жоқ. Айтпақшы, ауыртпалықтың өзі былай басталатын…
Қалқымалы қайық һәм абыржы
Рас, Қазалыда «абыржы» деген ұғым бар. Жергілікті халықтың ауызекі тілінде көп естисіз. Әсіресе, көктем мен күз айларында. Сең жүріп, ел сергелдеңге түсетін. Аты айтып тұрғандай, жұрт абыржып, асып-сасатын уақыт. Дұрысы, арғы беттегі халықтың орталыққа деген жол қатынасы қиындайды. Дария үстіндегі қалқымалы көпірді мұз ығызады. Дер кезінде үлгірсе, онысын су жағасына ауыр техникамен тартып қояды. Қашан ауыр мұз теңізге құлағанша солай.
Мұндайда арғы беттегілер апталап аудан орталығына бара алмайды. Баруға да болады. «Басықара» су плотинасымен үш-төрт сағат уақытты алға салып Қазалыға да жетер. Бірақ бәрібір тиімсіз. Тек алты жыл бұрын «Әлсейіт» көпірі іске қосылған соң ауданға қарасты Майдакөл, Ү.Түктібаев, Бекарыстан би, сондай-ақ Арал ауданының Жаңақұрылыс, Қаратерең, Қызылжар мен Шөмішкөлдегі ағайынға қуаныш сыйлады. Қазалыға қарай уайымсыз аттана беретін болған.
Қазір дәл осындай өткелден көпір салу ісі жүріп жатыр. «Қарлаң» учаскесі деп аталатын Сырдария өзенінің тұсынан 10 ауылдың тұрғындары ауданға жиі сапарлайтын. Бір шикілігі 2022 жылы басталған темір-бетонды көпір құрылысы жиі тоқтап қалған.
– Аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шы шақырымында «Қарлаң» көпірінің құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» серіктестігінің жауапсыздығынан құрылыс тоқтап қалды. Өзіне жүктелген міндеттемелерін толық орындамау салдарынан былтыр сот процестері жүрді. Келісімшарт бұзылды. Одан соң көпір құрылысын аяқтау үшін қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған еді. Қазір жеңімпаз болып «НұрлыТау ЛТД» ЖШС анықталды, – дейді Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.
Әкім орынбасарының айтатынындай бар екен. Өзіміз көргендей, қазір көпірдегі тіршілік қайта түлеген, 80 адам жұмыс істейді. 20-дан астам техниканы да байқадық. Көпірдің негізгі бөліктерін орнату және бетон тіреулерін құю жұмыстары қайта жалғасып, қазір астыңғы 8 тіреудің 4-еуі орнатылған.

– Көпірдің жалпы құны 6 млрд 746 млн теңге, биыл 2 млрд 210 млн теңге қаралып отыр. Аудан басшысы мердігер компания өкілдерімен жиі кездеседі. Жұмыс сапасы мен оны мерзімінде бітіру жайында сын-ескертпелер айтылады. Қадағалау тоқтамайды. Енді 250 метрлік көпір жыл соңына дейін бітсе, ауданға қарасты Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекенінде тұратын 10 мыңнан астам халықтың орталықпен қатынасы дұрысталатыны анық, – дейді әкім орынбасары.
Қожабақылық қариялар не айтты?
«Қарлаң» мәселесін дарияның арғы бетіндегі ақсақалдар да айтқан. Бар тілек – көпір уақытылы бітіп, халыққа қажет жол қатынасының дұрысталуы. Әйтпесе, ауыр науқас не жүкті әйелдерді жоғарыда айтқандай, абыржы уақытында ауданға апару – қиямет-қайым тіршілік.
– Осы елде тудық, еңбек қылдық, зейнетке шықтық. Бұл «Қарлаң» өткелінің жағдайы біздің бала күннен естіп, көріп келе жатқан мәселе еді. Мұз ұстасам дегенше, сеңнің уақытында талай адам да, көлік те суға кетті емес пе? Алғаш құрылыс басталғанда қуандық. Артынша ісі сұйылып, тоқтап тұрды. Енді міне, көпірді салу қайта басталғанын естіп, қуандық. Тезірек бітсе, ауыл адамдарының айтар рақметі көп, – дейді Қожабақы ауылының ақсақалы Қуаңбай Рахмет.
Ауыл қариясы Тілек Мақамашовтың айтуынша, дарияның арғы бетіндегі Қожабақы ауылы 1964 жылы құрылған. Күріш өсіруден бөлек, мал басын да көбейтіпті. Қазір де осы кәсіпті жалғастырып отыр. Сыр салысын егетін шаруашылықтан бөлек, өз бетінше кәсіп ашып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен асылтұқымды мал бағатын ағайын жетерлік. Ауылдық округке қарасты Аранды елді мекені маңынан бақша дақылдарын өсіріп отырғандар бар. Жалпы ел ішінде әр салада 91 кәсіпкер жұмыс істейді.
– 280-нен астам шаңырақ тұрады. Бұған дейін 13 көшенің 8-не асфальт төселді. Қалғаны өз кезегімен дұрысталады. Жоспарға да еніп тұр. Бір жақсы жаңалық, өткен жылы ауылдың электр желілері мен бағаналарын толық ауыстырдық. Түнгі жарықшамдары да түгел қойылды, 8 трансформатор орнатылды. Кеңес кезінен кейін жөнделмеген инфрақұрылымның дұрысталғанына тұрғындар қуанышты. Бұл – «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасы, – дейді ауыл әкімі Әбілғазы Томаев.
Иә, аталған бағдарламаның берері мол. Дәл осы жобамен Қожабақы мен Әйтеке би кентінде спорт кешендері салынып жатыр. Айталық, аудан орталығындағы 643 млн теңгенің спорт кешені құрылысын «Болашақ» ЖШС жүргізуде. Қазір онда ішкі сылақ, кафель жапсыру, жылу батареяларын орнату және сыртқы абаттандыру жұмысы атқарылып жатыр.
Ал біз арнайы барған Қожабақыдағы спорт ғимаратына 537 млн теңге бөлінген. Жауапты «Намыс-Құрылыс» ЖШС кешеннің ішкі-сыртқы құрылыс жұмыстарын толық аяқтапты. Аз күнде ел игілігіне берілетіні белгілі болды.
Айта кетейік, мұндай әлеуметтік нысандар саны Қазалы ауданында артып келеді. Бұған дейін Бекарыстан би ауылында заманауи спорт кешені мен Майдакөл елді мекенінде ауылдық клуб халыққа табысталған еді.
Төрт ауылға газ барса…
Қазалыға сапар барысында ең ірі инфрақұрылымдық жобаға аялдадық. Расымен жүріп жатқан құрылыстың ауқымы кең. Бір мезгілде төрт ауылға «көгілдір отын» тарту – аса іргелі іс, қазір қарқын үдеген.
Аудан әкімдігі ұсынған мәліметке қарағанда, Қазалыдағы ауылдарды газдандыру 2022 жылы басталған. Сол жылы Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарына табиғи газ қосылса, 2024 жылдың аяғында Абай ауылы, ал былтыр Ақтан батыр ауылы тұтына бастады. Сол жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізуге 1 млрд 562,4 млн теңге қаржы бөлінсе, былтыр жобаны жалғастыруға 2 млрд 171,1 млн теңге қаралған.
Біз Жанқожа батыр ауылына аялдап, ондағы құрылысты көрдік. Қазір көше бойы жерасты газ құбыры көміліп бітіп қалған.
– Қазір жұмыстың 95 пайызы аяқталды. Жерасты құбырлары толық тасталды. Ауылда 290 үй, 10 әлеуметтік нысан бар. Алдағы қыркүйек айында 1600-ге жуық тұрғын газ тұтынады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ елді мекен ішіндегі 10 көшенің 9 көшесі асфальтталған. Бұған дейін бізде 300 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Ел азаматтары көбіне мал шаруашылығымен айналысады, – дейді ауыл әкімі Нұркен Сералиев.
Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың сөзінше, биыл осы төрт ауылдағы газ құрылысы толық аяқталады. Сонда саладағы көрсеткіш аудан бойынша 83 пайызға жетіп жығылмақ. Қазір газдандыру көрсеткіші 75 пайыз.
– Қатты отынды, яғни көмір тасымалдау қиындығы – бөлек әңгіме. Осы мәселе жыл өткен сайын біртіндеп шешіліп келеді. Екіншіден, аудандағы Ақсуат пен Байқожа ауылына газ апару үшін газ тарату станциясын салуға 1,8 млрд осы арқылы аталған елді мекендерге орамішілік газ желісін жүргізуге 800 млн теңгеге жоба әзірленді. Мұндай құжат Өркендеу, Бірлік, Қожабақы ауылдық округтеріне де дайындалған. 4,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріліп қойды. Дәл осылай қалған елді мекендерге «көгілдір отын» тарту жұмысы жалғаса бермек, – дейді Ж.Сүйеубаев.
Мұнан бөлек, Қазалының орталығы Әйтеке би кентінде жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жоба бар. Соның бірі – Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту. Қазір жер тегістеу, тас төсеу, каналдарға темірбетон плиталарын орнату жұмыстары толық аяқталған. Енді жолға қиыршық тас пен асфальт төселуде.
«Жол 3,192 шақырым, құрылысты «Қазалы Жолшы» ЖШС қолға алған. Шілде айына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Айналма жол – кент орталығындағы көлік қозғалысын реттеуге, Жанқожа батыр көшесіндегі жүктемені азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі», – деп жазады аудан әкімдігі ресми мәліметінде.
Жалпы кентте В.Счастнов орамы, Жанқожа батыр көшесінің 3 шақырымдық бөлігі, Төремұрат жырау орамы, Ы.Жақаев және Ш.Қалдаяқов көшелерін қоса алғанда 13 көшеге ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар, Р.Сабырбаев, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай және С.Сүлейменов көшелеріндегі тозығы жеткен асфальт жабындарын жаңарту қолға алынған.
Жол жөндеу жұмыстарымен қатар, ауданда жаяу жүргіншілер жолы төселуде. Қазір Т.Бөріқұлақов және Жетес би көшелеріндегі 2,5 және 1,6 шақырым болатын құрылысты «Ақнұр Авто» мен «Айым Алтын» мердігер мекемелері жүргізіп жатыр.
Түрленген теміржол вокзалы
Былтырдан бері республикада 125 теміржол вокзалы жаңаруда. Бұл жұмыс Сыр елінде де тоқтаусыз жүріп жатыр. Айталық, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 605 млн теңгеден астам қаржыға Қызылордадағы теміржол вокзалы мен аумағы түгелдей күрделі жөндеуден өтті. Қазір мұндай құрылыс Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл вокзалында, Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пунктері мен Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында да жалғасуда.

Қазалыдағы теміржол вокзалының тарихы тым тереңде. Ғимарат – ХХ ғасырдың басында салынған архитектуралық ескерткіштердің бірі. 1903-1905 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржол желісі жүргізілгені белгілі. Осы болат жолдың құрылысымен бірге бой көтерген вокзалдың іргетасы Ақирек тауынан қашалып, нөмірленіп дайындалған түйе керуенімен тасылған тастардан қаланған деседі. Қабырғалары күйдірілген кірпішпен өріліп, төбесі қаңылтырмен жабылған. Вокзал ғимаратына соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жүріпті.
– Былтыр сәуір айының ортасында «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы арқылы қаржыландырылып, вокзал ғимаратына жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу кезінде іргетас пен қабырғаларын нығайту, шатырды ауыстыру және есік терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи стандарттарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға пандустар салу, қауіпсіздік жүйелерін орнату сияқты жұмыстар толық аяқталды. Қазір кейбір ішкі әрлеуден бөлек, вокзал аумағын көгалдандырып, түрлі-түсті тас төсеніштерін төсеу секілді бірқатар ауқымды жұмыс атқарылуда. Қосымша жарықтандыру да бар. Қазалы вокзалы тәулігіне 12 жолаушы пойызын қабылдайды. Сондай-ақ 400 адамға дейін қызмет көрсетеді, – дейді мердігер мекеме «Бақ Береке» ЖШС өкілі Мәділхан Файзуллаев.
Расымен де теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу – уақыт талабы және стратегиялық маңызды қадам. Бұл жоба көлік қатынасының тиімділігін арттырып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек.
Айтпақшы, өткен жылы вокзал жанындағы 70 жыл бұрын салынған, теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінде құрылыс басталып, жыл басында пайдалануға берілді. Қазір жаңа аспалы көпір арқылы теміржолдың арғы бетінде тұратын 13 мың адам қатынайды. Аталған құрылысты «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС жүргізген еді. Оған «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ 1,3 млрд теңге қаржы бөлген. Жоба бойынша өткелдің ұзындығы 168 метр болса, ені – 3,2, биіктігі – 8 метр.
Сөз соңы. 80 мыңға жуық халқы бар Қазалы ауданындағы инфрақұрылымдық жобалар сәтімен жүріп жатқандай. Ірі кәсіпорын не өндірістік құрылымы болмаса да, әу бастан кәсіп ашу мен саудаға бейім елдің ішінде жаңару мен жаңғыруға деген құлшынысты байқадық. Әсіресе, халыққа қажетті әлеуметтік ғимараттар тұрғызу мен ауызсу, газ, жарықтандыру, жол салу ісі жоспарлы түрде жүруде. Бұл – тұрғындар талабы мен сұранысы. Расымен де Президент пен Үкімет, облыс басшылығының қолдауы қазалылықтардың қуанышын еселей түскендей.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Қызылорда-Қазалы-Қызылорда





