Бүгін Руханият орталығында Спорт күніне орай аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов аудан спортшылары және сала ардагерлерімен кездесіп, аудан әкімінің атынан мерекелерімен құттықтады.
«Ауданда бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен Аққыр ауылдық округінде жаңа спорт кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, орталық стадион қайта жаңғыртылды. Бұл – тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жасалған мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі», – деді Ғани Сүлейменов.
Сонымен қатар, қабылдауда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Қожатай Құлмахан, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», спорт саласының ардагері Сұлтан Бекжанов сөз сөйлеп, спорт саласының дамуына қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, жас спортшыларға ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты жиында спорттық додаларда топ жарып жүрген бір топ спортшы мен сала ардагері марапатталды.
Бүгінде 16 мыңға жуық аудан тұрғыны бұқаралық спортпен тұрақты айналысады. Бұл аудан халқының 44 пайызын құрайды.
Аудан спортшылары әлем және Азия чемпионаттары мен облыстық жарыстарда 144 медаль жеңіп алып, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі






