Құрылтай

Алғашқы олжа: Табиғатқа жіберілген жолбарыс қасқырды жеп қойды

18

0

Фото: Экология министрлігі

Жабайы табиғатқа жіберілген Үміт есімді жолбарыс даладағы алғашқы 10 күнінде қасқыр мен жабайы қабанды аулап жеді. Бұл жөнінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мамандардың айтуынша, жануардың мойнына тағылған GPS-қарғыбау оның қай аймақтарда жүргенін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Осы деректер негізінде экологтар оның жүрген жерлеріне далалық зерттеу жүргізген.

«Алғашқы күндерден-ақ жолбарыстың өз бетінше аң аулауға қабілетті екені белгілі болды. Ол қасқырды аулап, бірнеше күн бойы сонымен қорек етті. Кейінірек ол жабайы қабанды да сәтті аулады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазіргі уақытта мамандар жолбарыстың орын ауыстыруын күнделікті бақылап, оның табиғи ортаға бейімделу процесін үздіксіз қадағалауды жалғастыруда.

Еске салсақ, Қазақстанда жолбарыстарды табиғи мекендеу ортасына қайтару және олардың популяциясын қалпына келтіру бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында табиғатқа жіберілген жануарлардың мінез-құлқы мен аң аулау қабілеті ғалымдар мен экологтардың тұрақты бақылауында болады.