Бір салада елеулі еңбек етіп, білікті маман атану – зор жетістік. Белгілі хирург, травматолог-ортопед Олжас Құрбанбаев денсаулық сақтау саласының майталманы ретінде көпке үлгі. Жас болса да жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап келеді.
Дәрігердің жеткен жетістігі – ел мерейі. Ол бала күнінен білімге құштар болды. Мектепті ойдағыдай бітірген соң, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің педиатрия факультетіне түсті. Оқуын сәтті аяқтап, одан әрі балалар хирургиясы мамандығын тәмамдады.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №1 қалалық емханада балалар хирургі болып бастады. Ісіне аса ұқыпты маман айналасына сыйлы, абыройлы еңбек етті. 2013 жылы Алматы қаласындағы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында «Балалар травматология және ортопедиясы» мамандығы бойынша білім алды. Білімін жетілдіріп келгеннен кейін, облыстық медицина орталығына балалар травматолог-ортопеді болып орналасты. Күнделікті қабылдауға келген қаншама баланың тәні мен жанын қатар емдеді. Жүзі жылы дәрігерді балалар да жақсы көрді. Жарақат алған, туабітті аяғы, мойны қисық, жамбас ұршығының түрлі ауруларына шипа тауып, балалардың айығып кетуіне қолынан келгенше көмегінен аямады. Сондай-ақ білікті маманды аудан, ауылдан да іздеп келетіндер көп. Ондағысы баласына дұрыс диагноз қойдырып, қажетті ем-дом жасау. Өзіне артылған жауапкершілікті қалтқысыз атқарған дәрігер 2017 жылдан бері облыстық балалар ауруханасы «Нейрохирургия, травматология және ортопедия» бөлімінің меңгерушісі. Біліктілігін арттыру үшін Оңтүстік Кореяның «Северанс» клиникасында тағылымдамадан да өтті.
Осылайша антына адал, міндетіне жауапты маман 2019 жылдан «Нейрохирургия, травматология және ортопедия» бөлімінің балалар травматолог-ортопеді болып қызмет атқарып келеді. Облыстық балалар ауруханасына балалар сүйегі сынығына бірнеше инвазивті және ортопедиялық ота енгізілді. Сондай-ақ ол облыстың штаттан тыс бас балалар травматолог-ортопеді.
– Балалар ортопедиясы туа біткен және жүре пайда болған сүйек-буын жүйесінің ауруларын анықтап, емдеумен айналысады. Олардың қатарына жамбас буыны дисплазиясы, маймақ аяқ, омыртқа қисаюы (сколиоз), аяқ-қол деформациялары сияқты аурулар жатады. Бұл дерттерді ерте анықтау ем нәтижесінің жақсы болуына мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары балалар арасында түрлі жарақаттар да жиілеп кетті. Әсіресе жаз мезгілінде велосипедтен құлау, спорттық ойындар кезінде, көпқабатты үйден құлау, автокөлік апатынан болатын жарақат көп кездеседі. Сондықтан ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі қажет, жүйелі түрде профилактикалық тексеруден өткізіп тұруға кеңес беремін. Егер баланың жүрісі өзгерсе, аяқ-қолында қисықтық байқалса немесе қозғалысы шектелсе, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Қазір балалар ортопедиясы мен травматологиясында заманауи диагностикалық және емдеу әдістері кеңінен қолданылуда. Оталардың жаңа түрлері енгізілуде. Ерте қойылған диагноз және уақытылы көрсетілген медициналық көмек көптеген асқынудың алдын алып, баланың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік береді, – дейді Олжас Ізмұратұлы.
Маманның айтуынша, облыстық балалар ауруханасында нейрохирургия, травматология және ортопедия бөлімінде стационарлық көмек көрсетіледі. Онда 25 төсек-орын бар. Соның ішінде 12 травматология, 5 нейрохирургия, 5 күйік, 3 төсек ортопедия саласы бойынша стационарлық ем алады, 0-18 жасқа дейінгі балалар емделеді. Ауруханада балаларға травматология және ортопедия бойынша науқастарға заманауи оперативті емдеу әдістері кеңінен қолданылады. Кейінгі кезде жарақат алу көбейген. Мұндай жағдайда дәрігер науқасқа дер кезінде қажетті ем-шараларын жүргізеді.
Міне, өзінің дәрігерлік жолында қаншама балаға нақты диагноз қойып, халықтың құрметіне бөленіп жүрген маманның қызметі күнделікті осылай жалғасады.
Дәрігердің еңбегі бағаланып, әр жылдары медицина саласына қосқан үлесі үшін облыстық балалар ауруханасының Алғыс хаты, басқарманың Құрмет грамотасы, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаты және Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Мамандығына мансап деп қарамай, адамгершілік парызым деп білген ол кейінгі жас мамандарға тәжірибесін бөлісіп, білгенін де үйретіп келеді. Бастысы, антына адал дәрігердің еңбегі жана берсін деп тілектестік білдірдік.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





