Биылғы 13-тайфун саналатын «Долфин» Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясына екінші рет жетіп, Вэньчжоу қалалық округіне қарасты Юэцин уезінің жағалауына соққы берді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Бұл туралы Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы мәлімдеді.
Мамандардың мәліметінше, тайфунның орталығына жақын жерде желдің жылдамдығы секундына 38 метрге дейін жеткен. Бұл желдің 13 балдық күшпен соққанын білдіреді.
«Долфин» Чжэцзян провинциясына алғаш рет жексенбі күні сағат 17:30 шамасында жеткен. Сол кезде тайфун Тайчжоу қалалық округіне қарасты Юйхуань уезінің жағалауында соққан. Бұл уақытта оның орталығындағы желдің күші 14 балға дейін жеткен.
Тайфунның салдарынан Чжэцзян провинциясының әкімшілік орталығы Ханчжоу қаласындағы Сяошань халықаралық әуежайының жұмысы да шектелді. Әуежайда 388 ұшып келетін және ұшып шығатын рейс тоқтатылды.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы табиғи апаттан зардап шеккен аудандардағы жергілікті билік органдарына аса қатты нөсер жауыннан қорғану үшін қажетті шараларды қабылдауды ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Биылғы 13-ші «Долфин» тайфуны Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының жағалауына екі рет соққы бергенін жазғанбыз. Табиғи апатқа байланысты жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды.






