Өзара тиімді ынтымақтастық

6

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Қаржы корпорациясының халықаралық даму жөніндегі атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мей­ман­ға ілтипат танытып, бұл сапар Вашингтонда қол жеткізілген келісім­дердің жалғасы, сондай-ақ АҚШ-пен сан қырлы ынтымақтастықты терең­дету жолындағы маңызды қадам саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, Ақ үй әкімшілігіне До­нальд Трамп келгеннен бастап Вашинг­тон Астанамен және Орталық Азия аймағымен ықпалдастықты айтар­лықтай жандандыра түскен.

– Біз АҚШ Президентінің дипло­матияға деген батыл көзқарасын және прагматикалық ұстанымын толық қолдаймыз. Қазақстан Американың Ибраһим келісімдері, Бейбітшілік кеңесі, TRIPP бастамасы және басқа да негізгі жобаларын ілгерілетуге белсенді атсалысуда. Бірлескен күш-жігеріміз бүгінде бұрынғыдан да беки түскен кеңейтілген стратегиялық серік­тестігімізге тың серпін берді. Сіздің сапарыңыз Қазақстандағы ауқым­ды саяси және экономикалық өзгеріс­термен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл реформалар елімізді ресурс­тарға тәуелді модельден білімге бағдарланған әртарапты эконо­ми­каға көшіруге бағытталған. Корпо­рацияңыздың инвестициялық басым­дықтары Қазақстанның даму күн тәртібіне сай келеді. Біз нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз, – деді Президент.

Бен Блэк қонақжайлық көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Алматыда Қазақстанның іскер­лік қауымдастығымен өте нәтижелі әрі мазмұнды кездесу өткеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған кездесулер екіжақты байланыстарды кеңейту тұрғысынан өзекті екеніне және қол жеткізілген уағда­лас­тық­тарды нақты іске асыру қажеттігіне айрықша назар аударды. Мемлекет басшысы Қазақстан тарапы бірлескен инвестициялық жобаларды қолға алуға дайын екенін растады.

Кездесуде аса маңызды минерал­дар, өзара көлік байланысы, агро­өнер­кәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект сала­ла­рын­­дағы ынтымақтастық перспек­тива­сы талқыланды. Сонымен бірге Қазақстанда АҚШ Қаржы корпо­рация­сының халықаралық даму жөніндегі тұрақты өкілдігін ашу мәселесі қаралды.