Елімізде жүзеге асып жатқан «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасының мақсаты – өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру. Табиғи жағдайлар мен қашықтықты ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігіне уақытылы ден қою өте маңызды. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде аймақта 35 бекет салынған.
Ауылдық жерде төтенше жағдай болғанда алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Бүгінде елімізде арнайы дайындықтан өткен еріктілерді біріктіретін «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункттері жұмыс істейді. Бұл – ТЖМ-нің кәсіби күштері келгенге дейін әрекет етіп, алғашқы шараларды қабылдайтын ауыл тұрғындары.
Еріктілерді іріктеу және дайындау белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Ведомстволық бағдарлама аясында теориялық және практикалық дайындықтан өтеді, өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істеуді, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді үйренеді.
Төтенше жағдай кезінде олар бірінші болып әрекет етеді, жағдайды бағалайды, өз мүмкіндіктері шегінде өртті оқшаулау шараларын жүргізеді, радиобайланыс арқылы ақпарат беріп, кәсіби өрт сөндірушілерді шақырады.
Өткен аптаның соңында Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында Арал ауданының Қамыстыбас және Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылдық округтерінде салынған өрт сөндіру пункттерінің ашылу рәсіміне қатысты.
Рәсімде Шыңғыс Әрінов сөз сөйледі. Облыс әкімінің орынбасары төтенше жағдайлардың алдын алудағы, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өрт сөндіру бекеттерінің маңыздылығына тоқталды.
– Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің тапсырмасымен азаматтық қорғау саласын жетілдіруге, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге, материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін арттыруға айрықша басымдық берілуде. Бүгін міне, Арал мен Қазалының Қамыстыбас, Жанқожа батыр ауылдарында өрт сөндіру пункттерін ашамыз.
Жалпы төтенше жағдайдың алдын алып, адам өмірін құтқару – жоғары әрі жауапты миссия. Елдің амандығы, қоғамның тыныштығы үшін өз өмірін қатерге тігу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге барша Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымды білдіремін! Бүгінгі жаңадан табыстағалы тұрған заманауи техникалар ел игілігіне қызмет ете берсін, – деді Бахыт Дүйсенұлы.
Өңірде 2023-2025 жылдары 2 млрд теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам құрал-жабдық алынды.
Биыл 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта ел игілігіне табысталады.
Ертеңіне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және ел ағаларының қатысуымен азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне 11 заманауи өрт сөндіру және арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік кілтін табыстау рәсімі өтті.
Рәсімде облыс әкімі саланы қолдау мемлекеттің маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Табиғи және техногендік апаттар туындаған кезде құтқарушылардың еңбегі ерекше мемлекеттік мәнге ие болады. Мемлекет сіздердің қажырлы еңбектеріңізді бағалайды» деген болатын.
Азаматтық қорғау органдары – төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға бағытталған жұмысты атқаратын еліміздегі маңызды құрылымдардың бірі. Олардың басты міндеті – өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге отырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің тапсырмасымен қолдау шаралары жүйелі жүргізілуде. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз.
Бүгінгі жаңадан табыстағалы тұрған өрт сөндіру техникалары игіліктеріңізге қызмет етсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шара соңында аймақ басшысы және Төтенше жағдайлар министрі жаңа техникалар мен жеңіл көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстап, №6 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты.
Осы күні Қарауылтөбе ауылдық округіндегі кезекті өрт сөндіру бекетінің де ашылу рәсімі өтті. Облыс әкімі төтенше жағдайлар қызметінің техникалық әлеуетін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігі аса маңызды. Осыған орай күні кеше Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы Аралдағы Қамыстыбас және Қазалыдағы Жанқожа батыр ауылдық округтерінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған өрт сөндіру пункттерін табыстады.
Бүгін аталған бағдарламамен Қарауылтөбеде салынған өрт сөндіру бекетін ресми түрде іске қосамыз. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен Қазалы, Шиелі аудандарындағы сала қызметкерлерінің пайдалануына 11 заманауи өрт сөндіретін және арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік бердік. Жаңа техникалар алдағы уақытта табысталады. Бұл – өңіріміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Ашылу рәсімінде Шыңғыс Әрінов, ел ағасы Аманкелді Досмаханұлы сөз сөйледі.
Салтанатты шаралар кезінде өрт сөндіру бекеттерін ашуға атсалысқандар мен азаматтық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды.
Бұдан кейін Шыңғыс Сайранұлы төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамымен кездесті. Жасөспірімдерге арналған «Batyr Kids Team» спорт залына, үнемделген қаржы есебінен жөндеуден өткен департамент ғимаратына барды. Жедел-құтқару жасағының бөлімшесімен танысып, олардың материалдық-техникалық жағдайын көрді.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасымен салынған 35 бекет 25 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 тіркеме, 8 тасымал, 2 стационарлық радиостанциямен, өрт құрал-жабдықтары және жауынгерлік киімдермен жабдықталған.
«СБ» ақпарат





