АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатында бірқатар топтағы алғашқы турдың қорытындысы белгілі болды. Олардың арасында жанкүйер күтпеген көптеген нәтиже тіркелді.
Қазірге дейін дүниежүзілік додада бес мәрте кубокты төбесіне көтерген Бразилия құрамасы алғашқы турда Мароккомен 1:1 есебімен тең түсті. Тіпті бұл кездесуде олар қарсыласына есе жіберіп қоюы әбден мүмкін еді. Ойынның 21-минутында африкалық футболшы Исаэль Сайфари көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Оған 32-минутта бразилиялық Винисиус Жуниор бір голмен жауап қайырды.
Сондай-ақ доп додасын еуропалық бірқатар құрамалар сәтсіз бастады. 2002 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Түркия бірінші турда Аустралияға 0:2 есебімен жеңілсе, Чехия Оңтүстік Кореяға 1:2 есебімен есе жіберді.
Ойындар нәтижесі
А тобы
Мексика – Оңтүстік Африка 2:0
Оңтүстік Корея – Чехия 2:1
В тобы
Канада – Босния және Герцоговина 1:1
Қатар – Швейцария 1:1
С тобы
Бразилия – Марокко 1:1
Гаити – Шотландия 0:1
D тобы
АҚШ – Парагвай 4:1
Аустралия – Түркия 2:0
Е тобы
Германия – Кюрасао 7:1
Кот-д’Ивуар – Эквадор 1:0
F тобы
Нидерланд – Жапония 1:1
Швеция – Тунис 5:1.
Енді G, H, I, J, K, L топтарында ойындар өткізіледі. Алдымен G тобында 15 маусымда Бельгия – Египет ойнаса, 16 маусымда Иран – Жаңа Зеландия, H тобында Испания – Кабо-Верде, Сауд Арабиясы – Уругвай ойнайды. Одан кейін I тобында 16 маусымда Франция – Сенегал, 17 маусымда Ирак – Норвегия, J тобында Аргентина – Алжир, Аустрия – Иордания кездеседі.
Ал 17 маусымда K тобында Португалия – Конго ДР, 18 маусымда Өзбекстан – Колумбия, L тобында Англия – Хорватия, Гана – Панама ойнайды.
Айта кетсек, Әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтуде. Турнир матчтары 11 маусым мен 19 шілде аралығында 16 қалада ұйымдастырылады. Сондай-ақ бұл FIFA тарихындағы ең ауқымды Әлем чемпионаты болмақ. Өйткені алғаш рет топтық кезеңде 48 ұлттық құрама бақ сынайды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





