Вейп деп аталатын электронды темекі бүгінде тез таралып оның шылымға, қаламға немесе футуристік гаджеттерге ұқсайтын нұсқаларын да көріп жатамыз. Жұмыс істеу механизмі бірдей, олар құрамында никотині бар сұйықты қыздырады.
Негізгі ингредиенттері – глицерин және пропиленгликоль. Мұндай сұйықтық қызған кезде темекі түтіні емес, бу пайда болады. Егер никотин болса, адам соның буымен демалады. Ал егер жоқ болса, хош иісі бар бумен тыныс алады. Көпшілік оны кәдімгі темекіге қарағанда зияны аз балама деп санайды, бірақ бұл – қате түсінік.
Вейп адам денсаулығына қалай әсер ететінін айта кетсек, улы заттардың кесірі астма, пневмония, жүрек-қан тамырлары ауруларын өршітеді. Будың құрамындағы заттардың бір бөлігі өкпеге енеді, ал қалғаны қоршаған ортаны ластайды. Осының әсерінен оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Сонымен қатар, дененің қартаю процесі жеделдейді.
Улы түтін, оның ішінде вейптердің құрамында бар диацетил өкпеде тыртық пайда болуына және бронхиолалардың тарылуына ықпал етеді. Бұл диагноздың электронды темекімен байланысы алғаш рет 2019 жылы анықталды. Мәселен, электронды темекі шеккен 17 жастағы канадалыққа өкпе трансплантациясы қажет болды. Ол облитеративті бронхиттің ең ауыр түрімен ауырған.
Вейптен бас тарту – ең дұрыс шешім. Өз денсаулығымызды күтіп ұстау – біздің міндетіміз. Мен электронды шылым шегуді бастамағанды жөн санаймын.
Дінмұхамед КӘКІМЖАНОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің І курс студенті





