Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында денсаулық сақтау саласының ардагері, білікті дәрігер Базарбай Атабаевқа қойылған ескерткіш-бюстінің ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының басшысы Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмас Әбілпатта және сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Олжас Ермекұлы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың хатын оқып берді.
Сонымен қатар сала ардагері Тұрғанбай Маханұлы әріптесі Базарбай Асанбайұлы туралы естелік айтты.
– Азаматтың басында болатын асыл қасиеттер – адалдық, азаматтық, шыншылдық, турашылдық жас кезімнен білетін Базарбай Асанбайұлы Атабаевтың бойынан табылатын. Ең алдымен оның жасаған еңбегін, азаматтық қалпын, келбетін айту парыз. Облыста денсаулық саласында жасаған еңбегі, ойып алатын орны бар. Әріптестер арасында азаматтық болмысымен ерекшеленіп тұратын. Жаға ма, жақпай ма, турашыл, керек жерінде азаматтық мінез көрсетіп, әділеттілікті әрқашан танытып жүретін, құбылып өзгеруді жат көрген азамат. Түн қанша ұзақ болғанымен, таң атады, күн қанша ұзақ болғанымен, ұясына барып батады. Міне, бүгінде Базекеңнің арамыздан кеткеніне де бірнеше жыл болды.
Ол денсаулық сақтау саласының қай қызметінде болғанда да белсенділігімен көзге түсіп, өрлеп, халық жадында сақталатын еңбектерімен ерекшеленді. Әр азаматтың тағдырына барынша байыпты қарады, денсаулық зардабын көріп, қиналған жандардың жадында десем артық айтқаным емес, – деді ол.
Базарбай Атабаев Сырдария ауданы 1-Май колхозында туған. Орта мектепті бітірген соң 1956-1958 жылдары Қызылорда медицина училищесінде оқып, еңбек жолын фельдшер болып бастаған.
1961-1967 жылдары Алматы медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп, туған жерге жолдамамен келіп, балалар хирургі болып орналасты.
1967-1970 жылдары Қызылорда қалалық балалар емханасында балалар хирургі, қосымша теміржол ауруханасында хирург және облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс балалар бас хирургі қызметін атқарды.

1970-1973 жылдары облыстық аурухананың бас дәрігері Шәдібай Абдуллаевтың шақыруымен осы ауруханаға балалар хирургі болып ауыстырылып, еңбек тәжрибесін шыңдады. Онан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен Шиелі аудандық ауруханасына бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары қызметіне жіберілді. Ол жақта жаңа аурухананы іске қосып, жабдықтап абыройлы, жемісті жұмыс атқарып, 1975 жылы қайтадан облыстық ауруханаға бас дәрігердің орынбасары қызметіне шақыртылды. Бұл қызметте жүріп облыс көлеміндегі ұйымдастыру әдістемелік орталықты жақсы басқарды. Оның тікелей араласуымен 1976 жылы облыстық ауруханада бірінші рет 40 төсектік балалар хирургиясы бөлімі ашылды. Өз тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, ұстаз болды. Артынан ерген ізбасарлары елге белгілі, беделді дәрігер болып, адал еңбек етіп келеді. Сол абыройлы еңбектің арқасында 1982-1988 жылдары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметіне көтерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып, оны заман талабына сай жабдықтап, республика көлеміндегі үздік медициналық мекемелердің біріне айналдыруға атсалысты.
Шарада сала қызметкерлерi мен ардагерлер ардақты дәрігер рухына тағзым етiп, ескерткiшке гүл шоқтарын қойды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы





