ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ

675

0

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасының орны ерек­ше. Бағдарламаны қолдаған аза­маттардың ұйымдастыруымен  көп­теген игі істер атқарылуда. Жуырда Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылында  осындай  жиын өтті.
Аядай ғана ауылдағы сегізжылдық білім ошағы 1967 жылы ашылыпты. Әу бастан 4 жылдық мектепті 8 жылдыққа айналдыру бастамасын көтерген ұстаз  Ергешбай Кенжебайұлы осы білім ошағына басшылық етіпті. Мектепте Тынысбек Зұлпықарұлы, Айдар Тұрабаев, Арқабай Нұржанов, Садыр Ақбаев сынды білікті ұстаздар еңбек етті. Қаншама ауылдың қара домалақтарын оқытып, үлкен өмірге қанаттандырды.  Бүгінде сол шәкірттері түрлі салада еңбек етуде. Кейін мектеп 11 жылдық білім беру жүйесіне көшіп,  заман талабына сай жаңа ғимаратқа орналасты.  
Биыл  мектептің құрылғанына – 50 жыл. Мерейтой қарсаңында білім ошағын  жарты ғасыр бұрын бітірген алғашқы түлектер  туған жерге, алтын ұя мектебіне жиналды.  Ауылда жастықтың, балалық шақтың, ауылға, алтын ұяға деген сағыныштың, ұстаз  бен шәкірт сағынышы, туған елге деген патриоттық сезімнің тойы дүркіреп өтті. Түлектер игі істің бастауын көрсетіп, кейінгі ұрпаққа өнеге танытты. Мектепті алғаш бітірген түлектердің  бүгінде  самайын ақ қырау шалған, жастары 60-тың ішін аралаған.  Түрлі салада еңбек етіп, қазіргі кезде бейнеттің зейнетін көріп, немересінің маңдайынан иіскеп отырған ардақты әже-ата.  Жалпы, бір сыныпта 3-4 бел­сенді бала болады. Олар барлық іс-ша­ралардың ұйытқысына айналады. Осы істің ұйымдастырылуына атсалысқан 1967-1968 жылғы түлек­тердің ішінде Тұрсынай Барақ­баева, Закира Жүсіпова, Мыңбай Мырзабаев, Бәкір Әбжаппаров сынды шәкірттер болды.  
Туған мекенге келген түлектер алдымен өздерінің балалық шағы өткен ауылды аралап шықты.  Ауыл тіршілігі түлеген, көзге жылы ұшырайды.  «Осы ауылда туып-өстім, мектепте білім алдым. Қайда жүрсем  де осы ауыл, осы мектеп, осы үй  ойымнан бір сәт шыққан емес. Балалық шағым бақытты өтті. Тек сағынумен келемін», – деді Закира Жүсіпова. Салтанатты шара мектепте өтетін жиыннан бас­талды. Мектептің қосымша үйірмелеріне қатысатын оқушы­лар ақ көйлек, ақ бантик тағып, ән-жыр­дан шашу шашты.  Бүгінде жасы алпыстан асқандар балалық шағы, мектеп қабырғасындағы естеліктері мен ұстаздарының ұлағатты тәрбиесі жайында әңгімеледі. Жарты ғасыр­да мектепті бірнеше директор басқарыпты.
Түлектер ұстаздарға, білім ошағына сый-сияпат жасады. Алғаш әріп үйретіп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздары Ергешбай Кенжебайұлы мен Тынысбек Зұлпықарұлына арнап мектепке қабырға тақтасын салтанатты түрде ілді. Онда ұстаздар жайлы деректер, өмір­баяны, суреттері мен 1967-1968 жылғы  шәкірттердің ұстазға деген алғысы мен  жылы лебізі жазылған. Көпшілікті тү­лек­тердің туған ауылға, мектепке деген патриоттық сезімін, жүрек жылуын жоғалтпағаны сүйсінтті. Мектеп мақтанышына айналған Тұрсынай Барақбаева ұстазының жолын жалғады. Өзі оқыған білім ошағында алғашқы еңбек жолын бастады. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандырды.
– Мектепке мұғалім етіп Ергешбай ағайдың өзі қабылдап алды. Ол кезде ер мұғалімдер көп, қыздар аз болатын. Алдымен бастауышта сабақ бердім, кейін жоғары сынып оқушыларын тәрбиеледім. Ұстаздарым маған бәрін үйретті. Шыңдады, талап етті. Нағыз маман болып қалыптасуға баулыды. Міне, 40 жылдан астам уақыт білім саласында еңбек етіп, бүгінде зейнетке шықтым, – дейді Тұрсынай  Барақбаева.
Мемлекет басшысының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласындағы «Адам баласы – шексіз зер­денің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген болатын. Расында, туған жеріне келіп, тағзым ету – әрбір перзенттің парызы. Ал осы жақсы істің дәстүрге айналғаны жүректерге қуаныш ұялатады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<