Сәбиге сый жасалды

310

0

Домбыра сөзі көне шумер тілі­нен ау­дарғанда «кіш­кен­тай садақ» деген мағына береді екен. Оның шанағынан шапшып шығып, көңіл тол­қынын тап басатын қоңыр үн – қазақтың ұлттық рухы, бітім болмысы. Сондықтан, қазақ пен домбыра егіз ұғым ретінде ел есінде ескірмей келе жатыр.

Ал, 1 шілде күні бүкіл қазақ осы аспаптың мерейін асқақтатып, Ұлттық домбыра күнін дүркіретіп тойлады. Қызылордалықтар да рухани жаңғыру көрінісі саналатын мерекені өзгеше атап өтті.

Ұлттық домбыра күні қар­саңында Ана мен бала орта­лығында облыстық Қазақ­стан халқы ассамблеясының ұйым­дастыруымен «Бабалардың көзі­сің сен, домбыра» атты акция өткізілді. Оған облыстық ҚХА, денсаулық сақтау басқармасы, этномәдени бірлестіктердің мү­шелері қатысып, керемет шараға куә болды.

Акция барысында облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова құттықтау лебізін айтып, дәл осы күні өңірімізде бірінші болып дүние есігін ашқан нәрестеге домбыра тарту етті. Сәбидің анасына «Айналайын» атты естелік тілегін табыстап, мерекемен құттықтады. ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Раиса Смаханова дом­быраның ұлттық тәрбие тө­ңі­регіндегі маңыздылығын тілге тиек етті.

Елімізде алғаш рет аталып өтіп отырған Ұлттық домбыра күні туған сәбиге жасалған сый баланың рухани қалыптасып, дәстүрді дәріптеп өсетін азамат болуына әсер етері даусыз.

Айдар САЙЛАУОВ,

Қорқыт ата атындағы

ҚМУ студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<