Жетістікке жетелеген жобалар

391

0

«Қолы қимылдағанның, аузы қимылдайдыны» білмейтіндер кемде – кем. Қандай қоғамда да бел шеше еңбек еткендердің есесі кеткен емес.Бұл әсіресе, нарық заңы өмірімізге дендеп енген бүгінгі таңдағы басты қағидаға айналғандай. Ел арасында Қазалы ауданын кіші Түркістан деп те атайды. Мұның астары өңірде сауда – саттықтың қарқынды дамығанында жатыр. Тарихқа зер салсақ, сауда – саттық Қазалы жерінде сонау ығылым заманнан бастау алғанын көруге болады. Ресей патшалығы тұсында, кеңес өкіметі кезінде  қанатын жайған кәсіпкерлік ісі ауданда кәзірде жоғары деңгейде. Мақаланы жазу барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық  филиалы директоры  Ермек Аймахановпен тілдескен едік. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген басшы бізге қажет мәліметтерді тайға таңба басқандай баяндап берді.

Білгеніміз, палата тарапынан өткен жылы аудандағы кәсіпкер болуға 1160 адамға 3480 қызмет түріне кеңес берілсе, ағымдағы жылы осынау жағымды жаңалық жалғасын тапқан. Атап өтерлігі, кеңес беру барысында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, түсіндіру, кәсіпкерлерді құқықтық қолдау, несиені алу, мақсатты жұмсау және қайтару мәселесіне ерекше назр аударылады. Білімді адамның қай кезде де есесі кетпесі анық. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасы белсенділік танытыпты. Филиал тарапынан ауданның Қарақұм беткейімен, Қызылқұм шекарасына дейінгі шет аймақ саналатын елді мекендерді аралап, ауыл кітапханаларына «Шағын бизнеске арналған 100 жоба» кітабы табысталыпты. Осынау қадам арқылы ауылдағы бастауыш кәсіпкерлер жаңа бизнес әдебиетімен қаруланды. Оған қоса филиалдың ұйымдастыруымен аудан әкімі аппаратымен бірлесіп  қала, кент, барша ауылдық округ әкімі аппаратының бас мамандарының қатысуымен «Онлайн жүйеде кеңес алу» тақырыбында семинар өткізілуі де құптарлық жайт.  Елді мекендердегі кәсіпкерлерге, кәсіпкер болуға ниеттілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында онлайн режимде, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес беріп, селекторлық жүйеде ауыл азаматтарымен тікілей байланысып, ұсыныс-сауалдарына жауап беріп, қолдау көрсетуді көздеген семинарда  ауыл әкімі аппараттарына арнайы электронды пошта ашылып, мамандарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуі де көпшілік тарапынан жақсыға бағаланды.

           Кәсіпкерлердің  құқығын қорғау – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе екені әмбеге аян. Осы бағытта атқарылған шараларға да тоқтала кетсек, артық болмас.

        -Кәсіпкерлердің өтінішімен құқықтарын қорғау бойынша сот отырысының  алты  азаматтық ісіне қатысып, құқықтарын қорғап шығу оңай шаруа емес.Олардың қатарында «Қызылорда облысының жердің пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасы» ММ-і Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 3 кәсіпкердің жер учаскелерін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбай отыруына байланысты мәжбүрлеп алып қою туралы талап арыз берген болатын. Талап бойынша филиал заңгері азаматтық істерге қатысып, Қазалы ауданының үш кәсіпкерінің жалпы аумағы 1500 шаршы метр құрайтын жер телімі қорғалды. Сондай – ақ,  ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан 430 549 теңге қаражатты «Жалаңтөс батыр» ЖШС-не өндірілді. Сот отырысында кәсіпкерге тиесілі 430 мың теңге қаржысы қорғалды. Ағымдағы жылы кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен құқығын қорғау жайлы өтініштер келіп, қанағаттандырылуда. Кәсіпкерлердің сенім хаттары негізінде Қазалы аудандық сотының отырысына филиал заңгері қатысып, екі кәсіпкердің  310 мың теңге көлемінде қаржысы өндірілді -. дейді филиал басшылары.

Оған қоса, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында бірлескен іс-шараға сәйкес филиалдағы «Прокурор кабинетінде» аудан прокуроры  аптаның әр серсенбісінде азаматтарды, кәсіпкерлерді қабылдау өткізіп тұратынын, филиалдың бастамасымен кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына заңнамалық актілердің қолданылуы, құқықтық сауаттылығын көтеру мақсатында «Заңгерлер клубы» ашылғанын,  кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру әкімшілік шара көрулерінен сақтау мақсатында жадынама ретінде алгоритм дайындалғанын (алгоритмнің тиімділігі кәсіпкерлер жер телімін алудан бастап құрылыс нысанын тұрғызып іске қосуға дейінгі аралықта құжаттар жинақтап, тапсыру легін реттестіру) естігенде біздің де көнілімізді ризашылық сезімі кернеді.Халықты жаппай кәсіпкерлік негіздеріне оқыту да ауданда күн тәртібіне тұрақты қойылған. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бағытында  «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша бірқатар адам білімін жетілдірсе, «Бастау Бизнес» жобасымен өткен жылы 222 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып бизнес жобасын қорғап, сертификаттар табысталды. Ауыл тұрғындарын оқытуда  кент, қала, Майдакөл, Құмжиек, Ғ.Мұратбаев, Қызылқұм ауылдық округтері ерекше белсенділік танытып келеді.  «Бастау Бизнес» жобасымен ағымдағы жылға 220 тыңдаушыны оқуға қатыстыру жоспарланған. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың Кәсіпкерлер Палатасына келіп, тыңдаушылармен кездесу жүргізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, алдағы жоспарларымен ой бөлісуі көпшілікті қанаттандырып, кәсібіне деген сенімді арттыра түскендей. Осынау қарапайым да қажетті  қадам халқымыздың «Сен дегеннен не бітер, сіз дегеннен нең кетер?!» деген даналық лебізін ойға оралтты.

Ең бастысы, аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлының бастамасы, филиалдың ұйымдастыруымен оқу курсына қатысқан тыңдаушылармен бірге облыстық комиссияға ауыл әкімдері қатысып, жобалардың қорғалуына өз ықпалдарын тигізіпті. Нәтижесінде, қайтарымсыз инновациялық гранттық қаржыландыру бойынша өткен жылы ұсынылған жобалардың ішінен     19 жобасы  грант ұтып алды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп текке айтылды деймісіз?!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<