КЕҢ ДЕ, КЕМЕЛ ҚАРИЯ

510

0

 Ілгергілер айтып отырушы еді, «Адамды екі нәрсе қартайтпайды; бірі жақсы мінез, екіншісі-жақсы сөз», деп. Сол айтпақшы, Әбдіхалық ағамыздың құрыштан құйылғандай денесі бұл күндері сәл-пәл еңкіш тартып, аздап ет қашқаны болмас, жанары баяғыдай өткір, сөзі нық, ісі бекем күйде. Бұл жаратушының берген қасиеті мен жақсы қартая білуінің белгісі болар. Сексен сегіз жасыңыздың биігіне көтерілген сүйегі асыл, жаны жайдары жан әңгімелесе қалсаңыз, ауыл-үйдің уақ әңгімесін емес, елдік тұрғыдағы, қоғамға қажетті қағидаттарды түйіп-түйіп ортаға тастайды. Өз пікірін күлкілдетпей, ашық та, сауатты жеткізуімен бірге, қағаз бетіне де түсіріп отыратын бейнеткіштігі де бар. 

Бұл біздің бүгінгі ойларымыз ғой, жас күнімізде үлкен кеңседе, лауазымды қызмет атқаратын ағамыздың жанына жуықтап, шәй ішкен кесесін әперіп отырудың да сәті келмегені рас. Алайда, «Мына қағаздың бәрі Әйтілеуовтің алдына барады, бір әрпі қисық кетпесін, өте талапшыл адам», дейтін басшыларымыздың бір жағы құрметке толы, бір жағы аздап сескентетін де сөздеріне құлағымыз қаныққандықтан да, алыстау жүрсек те назарымыз осы ағамызда болатын-ды. Иә, адамның ақыл-парасаты білумен бірге, әрекет етумен толысары белгілі. Осы орайда біз өзіміздің бүгінгі кейіпкерімізді өз қабілеті мен қасиетін үнемі еңбегімен шыңдаған адам деп түсінеміз. Сөз басындағы келтірген пікіріміз осылай үндессе, тамаша көркемдікке жетелегені.

Әбдіхалық Әйтілеуов ағай өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңына қарай әуелі Түркістандағы мұғалімдер дайындайтын педогогикалық училищені бітірсе, сонан соң Қызылорда қаласындағы педогогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп шығады. Бұл 1951 жылдың жазы еді. Жалынды жас өз мамандығы бойынша қызметке орналысып, өзінің білігі мен ұйымдастырушылық қабілетін қатарластарына мойындатады. Басшылық тарапынан да жас маманға оң көзқарас қалыптасқаны сол жылдар. Ол небары жиырма жеті жасында Жаңақорған ауданы, Төменарық ауылындағы № 53 Романов атындығы орта мектептің директорлығына тағайындалды. Он ұлттың өкілдері шоғырланған аралас білім ордасында білікті ұстаздар қатары да мол. Бұл әрине үлкен сенім, өз іскерлігін көрсетуге зор мүмкіндік те еді. Мектеп басшылығында бес жыл бойы тәжірибесі онан әрі толысып, шыңдала түскен Әйтілеуов 1962 жылы Жаңақорған ауданы мен Шиелі аудандары қосылған кезде Шиелі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады.

– Сол бір жылдар расында қарбаласты кезеңдер еді. Білім нәрін сыйлайтын мектептердің тіптен қарапайым, қоржын тамдарға орналасқан кезі, құрал-жабдықтар да кемшін. Білікті мұғалім кадрі де тапшы. Алайда, ашаршылық пен соғыстың қиыншылығынан соң енді қайта есін жия бастаған халқымыздың білімге деген құштарлығы басым еді. «Балаларымыз оқыса екен, көзі ашық болса», деген ниеттегі тұрғындар мектептердің шалғайлығына қарамай, оқушыларды сабағынан қалдырмайтын-ды. Таң қараңғысынан сонау 5-6 шақырымдағы шашыраңқы ауылдардан қатынайтын балалар қоңырау соғылмай мектептің алдында тұратын-ды.     

–Жеткіншектеріміз өте талантты болатын. Біздер, білім саласының басшылары уақытпен санаспай, ат үстінде жүріп, ауыл-ауылдарды аралап, оқу саласын онан әрі жетілдіруге түсуге күш салдық. Төгілген тер, жұмсалынған қажыр арқасында белгілі нәтижелереге де қол жеткіздік,–дейді кейіпкеріміз. Осы орайда Шиелі ауданында ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек еткен, әйгілі жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың қадірменді ұстазы, «Құрмет» орденінің иегері Досмахан Сұлтанов ағаның Әйтілеуов туралы құрметке толы пікір айтатындығы осы жолдарды жазып отырғанымда ойыма оралып отырғаны. «Тәртіптің адамы еді, өз бойын да тік ұстап, басқалардан да әділдік пен тазалықты талап ететін-ді», дер еді ол.

 –Әр жұмысқа деген жауаптылықты, дайындалған құжаттың сауатты әрі түсінікті болуын, онда қамтылған мәселенің әділдік тұрғысында таза болуын кімнен үйрендіңіз деп сұрап отырсың ғой, айтайын,– деді Әбекең. –Еңбек жолымды мұғалім болып бастаған мені бірер жылдан соң аудандық оқу бөліміне инспекторлық қызметке шақырды. «Районаның» меңгерушілері болған Әбіласан Әшірбеков, Жүндібай Жайпаров деген кісілердің қарамағында жұмыс істедім. Өте білімді, қоғам шаруасына барынша берілген азаматтар еді. Біздерді оқу инспекторларын белгілі мектептерге жіберіп сондағы оқу процесін егжей- тегжейлі тексертіп, аптаның сенбісі күні өздері сол мектепке арнайы келіп жиын өткізетін-ді. Біз көбінесе, Әбілда Жанабеков екеуміз сапарлас болатынбыз. «Педогокикаалық кеңесті» ашқан соң біздерді тұрғызып, тексеру қортындысын тыңдайды. Онан соң пікір алмасу болып, соңынан өздерінің пайымдарымен түйіндейтін. Сонда бұл салада қалтарыс нәрсе қалмай, бәрі де алақандағыдай айғақталып тұрар еді. Сондықтан да біздер тексеру барысында барлық нәрсені бүге-шігесіне дейін қағазға түсіретінбіз. Міне, іскерлікті осы ағаларымыздан үйрендім. Әбдіхалық ағамыз бір сәт алысқа көз тастап ойланыңқырап қалды. –1957-1962 жылдары Төменарықтағы мектепте директор болдым дедім ғой, сол ауылға кәріс халқының өкілдері қоныстанған болатын. Арасында өз мамандықтарының білгірлері, өте сауатты мұғалімдер мол еді. Мәселен, Николай Михайлович Ким, Харитон Ге деген ұстаздардан да үйренгенім аз емес. Бастығы едім деп томырайып жүрмедім, олардан білмегенімді сұраудан ұялған емеспін. Білмегенді сұрау емес, қажетті нәрсені білмей қалған ұят. Жоғарыда аты аталған ұстаздарым, өте сауатты болуымен қатар еңбекқор, қарапайым да адал кісілер еді. Менің бойымда жақсы қасиеттер қалыптасса, сол өнегелі, үлгілі азаматтардан жұғысты болған шығар…

1966 жылы Жаңақорған ауданы қайта дербестігін алғанда Әйтілеуовті халық депутаттары аудандық Советі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне шақырды. Бұл жергілікті жердегі атқару орны, қазіргі өлшеммен алғанда аудан әкімшілігі десеңіз де болар.  Сол құзырлы мекеменің барлық шешімі мен қаулысы, құжаттарының заңдылығы жауапты хатшының алдынан өтеді. Яғни, сауаттылық пен мұқияттылықты талап ететін өте жауапты шаруа. Міне, осы лауазымын аброймен атқарған Әбдіхалық ағамыз аталмыш қызметін 26 жыл бойы кіршіксіз атқарып шықты. Бірнеше рет аудандық Советтің депутаты да болды, бірнеше төрағлармен аудан басшылдарымен қызметтес болды. Бәрімен де ара-қатынасын бірқалыпты ұстап,  заң аясында қызмет жасады. Әбекеңнің қолынан өткен қағаздың мүлтіксіз болатындығы сондай, жоғары орындар тарапынан «Мына құжатты Әйтілеуов қарады ма?» деген сауалдар түсіп жататын-ды. Бұл нағыз сенім мен қызметкердің шын бедел иесі екендігін айғақтар жәйт. Сондықтан да болар, елге келген қонақтар әуелі Әйтілеуовті сұрастырар еді. Өйткені, аудан басшыларының өздері төрт-бес жылда өзгеріп тұрады. Ал ол өзінің байырғы қызметінен алшақтамай, үкіметтік құнды мәселелерді шешудің бел ортасында жүре берді.

Бірде, Қызылорда облысына Республика Жоғарғы Кеңесі Президиумында жауапты қызмет істейтін жазушы Кемел Тоқаев іс сапармен келеді. Облыстық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімі арқылы Жаңақорғаннан Смайл Нысанбаев есімді азаматтың дерегін сұрастырады.  Бұл кісі Әбекеңнің туған нағашысы, расында аудан орталығында тұрады. Жауапты хатшы осылай жауап береді. «Онда,– дейді облыстағылар. –Ертең кеңсеге шақырып қойыңыздар, Кемел Тоқаевқа жолықсын. Бірақ, кім іздеп келе жатқандығы әзірге құпия қалсын!» Келісім осы. Түс әлетінде кабинетке кірген Смайл аға жазушының барып қолын алады. Неге екендігін кім білсін, Тоқаев оның созған қолын ұстап алып жібере қоймайды. Сол кезде аңтарылған Смайл жазушыға қадала қарап тұрып: «Сен, Кемел емессің бе?» деп дауыстап жіберсе керек. Екі ересек кісінің құшағы айқаса кетеді. Сөйтсе, екеуі сонау қиыншылық жылдары балалар үйінде бірге тәрбиеленіп, төс қағысқан дос болған көрінеді. Екеуі де Ұлы Отан Соғысына қатысқан. Арада қырық жыл өткен екен. Бірі ел ардақтысы болса, екіншісі ортасына қадірменді жан. Сонан соң әрине дос-жаран кісілер отағасының үйінде қонақта болып, жарасып әңгімелеседі. Кейіннен де бір-бірімен хабарласып тұрса керек. Бұл туралы Әбекең ағамыздың сол уақыттарда «Социалистік Қазақстан» газетінде достық туралы мақаласы да жарық көреді.

 Осы рәуәштегі сөзімізді ары қарай жалғастырсақ, қайраткер ағамыз зейнеткерлікке шыққан 1990 жылдан бері де қоғамдық жұмыстардан тыс қалған емес. Қолынан қаламы түспей, үнемі аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде көптеген көкейкесті мәселелер туралы мақалалар жазып келеді. Жұртшылық көкейіндегі мәселелердің оң шешім табуына атсалысқан азаматтығы бір де бәсеңсіген емес. «Батыс Қытай-Батыс Европа» автодәлізінің бойы, Жаңақорған кенті тұсынан ұлт батыры Алпамыстың  ескерткішін орнату жөнінде соңғы үш-төрт жыл көлемінде мәселе көтерілгенімен соңы сиырқұймшықтанып кетті. Ескерткіштің астына мұражайды қоса салу туралы жобасы Мәдениет және спорт  Министрлігінде бекітілген. Жобаның смтеталық құны да белгілі. Алайда қаржы тапшылығына байланысты деген желеумен аяқсыз қалғандай. Сондықтан жастарды отансүйгіштік пен жасампаздыққа тәрбиелейтін осы мәселе туралы аудан, облыс басшыларына үнемі хат жазып, естеріне салып тұрамын. Бұл менің ғана емес, әрбір қоғам мүшесінің парызы болуы тиіс» деген көкеміз өз ұстанымын осылай білдірді.

Иә, рухани жаңғыру үрдісіне өзіндік үлес қосып жүрген ардақты ағаның отбасындағы берекесі де өзгеге үлгі боларлықтай. Гүлзипа жеңгеміз екеуі он баланы тәрбиелеп өсірді. Елін сүйер, жерін сүйер азаматтар етіп тәрбиеледі. Бәрі де үйлі–баранды болып, Тәуелсіз елімізге адал қызмет етіп жүр. Кең де, кемел қария немерелерінің өздері де бұл күндері жаңа заман ағымын түсінген, болашаққа сенімді ұрпақ өкілдері десек жаңылыспамыз. Өнегелері өрімді болсын, лайым!

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<