«Көгершіндер королі»

2973

0

Сіз Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Әбу Сәрсенбаевтың шығармаларының ішінде шоқтығы биік, теңізшілер өмірінен жазылған повесті оқыдыңыз ба? Оқысаңыз, ондағы басты кейіпкер Болатханның өзінің досы Бекшені әзілі-шыны аралас «көгершіндер королі» деп атағанын білетін боларсыз. Алайда, бүгінгі айтпағым – кітап кейіпкерлерінің өмірінен алынған үзінді емес, күнделікті өмірде өзім куә болған жайт.

Мығым денелі, ұзын бойлы, жігіт ағасы жасындағы азаматты жиі көремін. Алғашқыда мән бермеген едім. Көңілім үйренісе келе бұл адамның сырт көзге сәл тосындау әрекетіне қайран қалдым. Таңырқаудың соңы онымен жақын танысуға ұласты. Бір қызығы, оның маңайынан кептерлер топ-тобымен ұшып-қонып, айналшықтап шықпай жүретінін байқадым. Мәнісін тілдесе келе түсіндім. Ербол шалғай ауылда көпбалалы отбасында туып-өскен, бала кезінен құс өсіруге құмар екен.

– Сонау 70-жылдары ауылдағы ғимараттардың аса биік болмайтыны баршаға мәлім ғой. Көрші аулаға балабақша орналасқан болатын. Ол кезде ойын баласымыз. Бір қараңғы түнде інімді ертіп алып, қолыма қолшам ұстап, әлгі балабақшаның шатырына жасырынып кірдік. Қарауылы көрінбеген соң үй төбесінде емін-еркін жүрміз. Өзімізбен бірге бірнеше бос қап ала шыққанбыз. Жанарымыз шатыр ішіндегі ағашқа қаз-қатар қонған жабайы кептерге түскенде баға жетпес асыл қазынаға жолыққандай қуандық. Қолшамның жарығымен кептерлерді ұстап, бос қапшықтарға сала бастадық. Бірнеше қапты әп-сәтте толтырып үлгердік. Шатырдан түсіп, үйге жетіп, сарайдың есігін ішінен бекітіп алдық.

Өткір қайшымен кептерлердің қанатын сүйегіне тигізбей ұшынан қырқып, алдын ала сым темірден өзіміз жасап алған кең үйшікке қамадық. Алдына мол қылып жем шашып, ыдысқа су құйып қойдық. Әке-шешеміз совхоздың бақшасында жұмыс істейтін. Жаз бойы далалықта еңбек етеді. Үйде өзімнен үлкен әпкем, інім үшеуміз ғана боламыз. Әпкеміз мейірімді жан. Біздің қылығымызға қатты ашуланған жоқ. Десе де, «жазықсыз құстарды өлтіріп алып, обалына қалмаңдар. Жақсылап бағыңдар» деп қатты ескертті.

Інім екеумізге жұмыс табылды. Әпкемнің ақылымен кептерлерге арнап көлеңке баспана жасап қойдық. Жем-суды көлеңке жерде беріп, басқа да қосымша азық дайындап, жатар орнын тазалап әбігерге түсеміз. Уақыт өте бізге әбден үйренісіп алды. Үй құстарындай алдымызға салып айдап, көгалға апарып жайып әкелеміз. Көрші балалар бізге қызыға да қызғана қарайтын.

Күз мезгілі де жетті. Бұл шақта кептерлердің қиылған қанаты әбден жетіліп, өз бетімен ұшып-қонатын болды. Бірақ қолдан жем жеп дағдыланған, маңайымыздан ұзамайтын. Алғашқы қара суық соққанда біздің кептерлер әлдеқайда ұшып кетті. Сондағы інімнің егіліп жылағаны әлі жадымда.

Келесі жылы ескі балабақша ғимаратын бұзып, орталықтан жаңасын салды. Арада қаншама жыл өтті. Қазір әпкем, інім үшеуміз де немере сүйген ата-әжеге айналдық. Алайда сол баяғы өзіміз жаз бойы баққан кептерлерді жиі есіме түсіремін. Жем шашып өткен күніме, балалық шағыма деген сағынышымды басамын, – деп әңгімесін аяқтады. .

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<