Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте Тамыз кеңесі аясында қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі және тарих пәндері бойынша секция отырысы өтті.
«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары және құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесіндегі стратегиялық негіз» тақырыбындағы жиында білім берудегі конституциялық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сабақ мазмұнына енгізу мәселелері талқыланды.
Секция жұмысына Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы, әдіскерлер, пән бірлестіктерінің жетекшілері мен мұғалімдер қатысты. Педагогтер тілдік білім мен тарихи мазмұнды сабақтастыра отырып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлауын және азаматтық жауапкершілігін қалыптастырудың тиімді жолдарымен бөлісті.
Сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін пікір білдіру, пікірталас жүргізу, тарихи деректерді талдау, ұлттық құндылықтарды құрметтеу бағытындағы әдістер қарастырылды. Сабақта цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын академиялық адалдық пен жауапкершілік қағидаларын сақтай отырып пайдалану тәжірибесіне де назар аударылды.
Жиынды қорытындылаған Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Бағдат Бердәулетов педагогтер құрамына талдау жасап, білім беру саласындағы басым бағыттарға тоқталды. Сонымен қатар секция барысында баяндама жасап, озық тәжірибесімен бөліскен мұғалімдерді марапаттады.
Тамыз кеңесі аясындағы мұндай кәсіби пікір алмасулар мұғалімдердің тәжірибесін жетілдіріп, білім сапасын арттыруға және жас ұрпақтың адами капиталын дамытуға мүмкіндік береді.






