ОРТАҚ МҮДДЕ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ ДІҢГЕГІ

664

0

Кеше «Достық үйінде»  облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастыруымен аймақтағы этно-мәдени және діни бірлестіктер арасында  «Ұлтаралық және дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Онда еліміздегі ұлтаралық қатынастың жолға қойылуы, халықтар достығының нығаюы, барлық азаматтардың ұлтына, діни сеніміне қарамастан, тең құқылы өмір сүруі, ұлтаралық қарым-қатынастың маңыздылығы секілді мәселелер кеңінен талқыланды.

– Қазақ жерінде қаншама ұлт өкілдері бір-бірімен бауыр басып, баянды өмір сүріп келеді. Бұл ретте елімізде қоғамды біріктіріп, барлық ұлттар мен ұлыстардың арасында азаматтық  татулық пен қоғамдық келісімнің негізін қалап отырған ҚХА-ның маңызы зор. Себебі Ассамблея – елде бейбіт өмір мен достықты орнықтырудың маңызды тетігі бола алатынын іс жүзінде дәлелдеді. Сондықтан Қазақстан – күллі елге конфессияаралық, этносаралық төзімділіктің, достық пен ынтымақтың ордасы, бірліктің алтын бесігі ретінде танылды. Бүгінде Елбасының жүргізген сарабдал саясатының арқасында елімізде өмір сүріп жатқан ұлттардың құқығы тең түрде ата заң шеңберінде қорғалып келеді. Осы құқықтық норманың сақталуы нәтижесінде қазақ елі өз тәуелсіздігінің 27 жылын бейбітшілікпен өткерді. Сол себепті де еліміздегі ұлтаралық, дінаралық келісімді қастерлеу, ынтымақты баянды ету баршамыздың міндетіміз, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Рахима Қаржаубаева.

Шара барысында «Нұр» мешітінің бас имамы Марат Үркінбаев ұлтаралық келісімнің ислам дініндегі рөлін баян етсе, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы Әлібек Жаппасбаев дін және ұлтаралық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Бұдан бөлек, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Е.Есов, «Шымкент епархиясы Қызылорда қаласы Қазан Құдай Ана Иконасы» храмының иподиаконы В.Перехватов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы С.Сахиев сөз алып, өңірдегі ұлттар достығы, ұлтаралық келісім мен тұрақтылық жайын сөз етті. Шара соңында этномәдени және діни бірлестік жетекшілері сөз алып, еркін пікір алмасуға ұласты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<