Астанада өнерлі роботтардың балы өтіп жатыр

402

0

Астанада 7 тамыз бен 26 қыркүйек аралығында «Нұр Әлем» сферасында елорда тұрғындары роботтар балын тамашалай алады. Келушілерді Америка, Еуропа, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты елдерден әкелінген өнерлі роботтар қуантатын болады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрмені ұйымдастырушылардың бірі Супхон Зиябаев роботтардың әлемнің түкпір-түкпірінен, яғни Англия, Ресей, АҚШ, Корея, Жапониядан келгенін атап өтті. Роботтар балы алғаш рет 2015 жылы Мәскеу қаласында өткен.

«Бұл шара жылдан-жылға танымал бола түсті. Әр жыл сайын 5 мыңнан 7 мыңға дейін адам көрмені тамашалауға келеді. Робостанция мен Роботтар балы Балтық бойы елдерінде, Ресей қалаларында өтті. Осы жолы Астанада, осындай әсем ғимараттың ішінде өтуі біз үшін құрмет. Роботтарымыз осы ғимараттың интерьерімен, дизайнымен тамаша үйлесім тауып отыр. Мұнда 20 робот әкелдік. Сондай-ақ, әртүрлі интерактивті ойындарды ұсынып отырмыз», – деді ол.

Ол суретші Александр Гецойдың туындысы «Көше музыканттары» деп аталаты роботтардың музыкалық тобы туралы айтып берді. Музыканттардың арасында скрипкашы, барабаншы және қалпақ тігуші бар. Бұл экспонаттың басқалардан ерекшелігі – қоқыс қалдықтарынан құрастырылғандығы.

«Робостанцияны құрғандағы негізгі мақсатымыз инженерлік идея тудыру. Қазіргі заманның жастары, балалар робототехникаға қызықса деген оймен жасадық. Роботтар адамдарды алматыра алмайды, олар біздің өмірімізді жеңілдететін болады. Олар бірқалыпты жұмысты істеп, өміріміздегі барлық салаға көмектесетін болады. Осы жағдайда олар өз бетімен өмір сүре алмайды», – деді Супхон Зиябаев.

Кештің басты қонағы – ұлыбританиялық робот гуманоид Теспиан. Күліп-жылай алатын робот қонақтармен әңгіме-дүкен құрып қана қоймай, ән салып, Шекспирдің шығармаларын оқи алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, робот театрландырылған қойылымдарға да қатысқан.

«Ол сіздерге шығармалардан үзінді айтып бере алады. Мысалы, Шекспирдің «Гамлетін» орыс және ағылшын тілінде орындап береді. Бұл робот осындағы басқа роботтар секілді әртүрлі қалдықтардан, қайта өңделген материалдардан жасалған», – деді стэндист Нұрлыбек Каналы.

Роботтар балына келушілер роботтандырылған АХАЖ арқылы ресми емес формада некелесе алады.

«Мұнда РобоАХАЖ немесе махаббат роботы қойылған. Оның көмегімен «Қанша балаңыздың болғанын қалайсыз?» немесе «Махаббат қанша уақытқа дейін созылады?» деген сияқты сұрақтарға жауап беру арқылы әрбір жұп өздерінің қатынастарын тексеріп, содан кейін некелерін тіркеп, роботтан куәлік пен жүзік, естелікке фото ала алады. Мұның бәрі толықтай тегін, бірақ заңды күші жоқ. Бұл өзі сондай қызықты рәсім», – деді стендистердің бірі.

«Робополис» көрмесінің аясында «Нұр-Әлем» сферасының бірінші қабатында үш модульден тұратын виртуалды шындық зонасы қойылған.

«Бірінші модуль – Алматы және Астана қалаларына арналған тур, мұнда VR-көзілдірік киіп Астананың 16, ал Алматының 13 басты қонақжай жерін көруге болады. Екінші модуль ол game-room, яғни ойын бөлмесі. Мұнда әрбір адамға виртуалды шындық әлеміне экскурсия өткізуге арналған интерактивті гид бар. Үшінші модуль – этноауыл. Мұнда өткенге оралып, қазақтардың этноауылын көре аласыз. Киіз үйге аяқ басқаннан кейін ата-бабамыздың қалай өмір сүргенін аңғаруға болады. Сондай-ақ, онлан режимде жебе, садақ қолдануға болады», – деді жаңа технологиялар департаменті директорының орынбасары Қуаныш Дайырбеков.

Айта кетсек, «Роботтар балын» 7 тамыздан бастап 10:00-ден 20:00-ге дейін «Нұр Әлем» сферасынан көруге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<