Ардагер атындағы көшеге ескерткіш белгі қойылды

379

0

Аптаның сейсенбісінде Шиелі ауданындағы Ы. Жақаев ауылында Сыздық Боқаев атындағы көшеге қойылатын ескерткіш-белгінің ашылу салтанатты түрде аталып өтіп, соңынан ауылдың мәдениет үйінде қазіргі Жақаев ауылының ең алғаш артель болып, қауымдасуына ұйытқы және ең алғашқы төрағасы болған, ауылының өсіп-өркенденуіне айтарлықтай үлес қосқан азаматтың өмірі мен жүріп өткен жолын баршаға насихаттау мақсатында ғылыми-танымдық конференциясы ұйымдастырылды. 

Ескерткіш белгінің ашылу салтанатында Шиелі ауданының әкімі Ә. Оразбекұлы сөз сөйлеп, аталмыш шараның кейінгі ұрпақтың отаншылдық сезімін нығайту мен елі үшін аянбай еңбек етуге шақырар мәніне тоқталды. «Шиелі ауданына биыл 90 жыл толғалы отыр, осы уақыт аралағында бұл өңірде небір айтулы оқиғалар, қоғамдық өзгерістер орын алды. Осы жолда халқы үшін еңбек сіңірген өнегелі азаматтарымыздың мол болғандығы анық.

Сол ардақтыларымыздың қатарында «Қызылту» колхозының іргесін көтеріп, ұжымдық тіршілікке ұйтқы болған Сыздық Боқаев секілді ағаларымыз бар. Солардың ісін жаңғыртып, есімін еске алып отыру – біздің бүгінгі парызымыз», деген аудан басшысы нақты кезеңдегі аймағымыздағы Елбасы бағдарламаларының тиянақты орындалып отырғандығын тілген тиек етті. Сонан соң бірқатар ардагерлер естеліктер айтты.

  Ауылдық мәдениет үйінде Сыздық Боқаев атындағы шахматтан ардагерлер арасындағы жарыс өткізіліп, ғылыми-танымдық конференция тартымды ұйымдастырылды. Алғашқы сөзді жазушы Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Сыздық Боқаевтың ұрпағы Қуандық Түменбай алып, Сыздық Боқайұлының қайраткерлігі мен өмір жолындағы қадау-қадау істерге тоқталды. Көргене қарияның өзінен өрбіген балаларына терең білім беріп, әрқайсысының өмірден өз орнын табуына, парасатты азамат болуына жол сілтеген өнегесі де сөз етілді. Жиын барысында Алматы қаласы тіл басқармасының төрағасы Мамай Қани, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек  Оразымбетов және басқа да азаматтар сөз сөйледі.

Н.Назымханұлы,

Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылы 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<