Жастар үшін маңызды

319

0

Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Book cafe» және «coworking» орталығы ашылды. Оған «Нұр Отан» партиясының облыстық фи­лиалы, кәсіпкерлік палатасының өкілдері, «Жас Отан» жас­тар қанатының  белсенділері мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Шарада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев сөз алып, «Book cafe» және «coworking» орталығының жас­тар үшін маңызы зор екенін айтып, сәттілік тіледі.

Мұнан кейін жиналған қонақ­тар орталықтардың жұмы­сымен танысып шықты.

«coworking» орталығы – әлеу­­меттік маңызы бар бастамаларды, жобаларды бірлесе жұ­мыс жүргізуге арналған орын. Онда жастар үшін тиімді әрі қолжетімді. Орталық төрт аймаққа бөлінген. Олар іскерлік  қатынас, бейресми кездесулер, демалыс және жеке жұмыстарға арналған  алаң. Алғаш болып орталықта «Шыңғыс» тренинг орталығының директоры Ш.Үмбетаев  «Zhas project» жоба­сының жеңімпаздарына арнап  дәріс жүргізуде екен. Тренингте жас кәсіпкерлерге өз кәсібін қалай дамытуға болатыны жайлы кеңінен түсіндіріліп жатыр. Жалпы, орталықтың бағыты айқын. Түрлі семинар-тренингтерден өзге де жұмыстар жасауға болады. Интернет желісі бар. Жастар өз жобаларын, идеяларын талқылай алады. Іскерлік кездесулер, пікірталас алаңын ұйым­дастырады. Сонымен қа­тар жұмыс жасауға арналған бар­лық құрал-жабдықтармен қам­тылған. Демалыс аймағында жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін шахмат, үстел теннисін ойнайды. Бастысы заманауи орталықта кез келген білікті де талапты жастарға мол мүмкіндік жасалған.

Одан әрі жиналғандар «Book cafe» жұмысын көрді. Орта­лықта бір топ  жастар жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» кітабын талқылап жатыр екен. Жалпы, бұл білім алуға, жұмыс жасауға, демалуға, көңілді кештерге арналған алаң. Онда пікір алмасуға, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік мол. «Book cafe»-де жастар кітап оқумен қатар кофе, шәй ішіп, мәдени демалуға да болады.

Шара соңында биылғы жыл­дың 15 мамыр мен 7 тамыз аралығында «Жастар таң­дайды» атты жоба аясында ұйым­дастырылған видеороликтер байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар анық­талды. Үздіктерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, облыстық кітап­ханада оқырмандар үшін бар­лық жағдай қарастырылған. Бұған дейін ІТ парк ашылып, жұ­­мысын бастаған еді. Онда ро­бо­тотехникаға құмар жастар өз жұмыстарын жетілдіреді. Со­­ны­­мен қатар кітапханада түр­­лі үйірмелер жұмыс жа­сай­ды. Жаңадан ашылып отыр­ған «Book cafe» және «coworking» орта­лығы да ал­дағы уақытта жас­тардың игілігі үшін қызмет ете бермек.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<