ҚОР ҚАРЖЫСЫ БАҚЫЛАУДА

353

0

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл мемлекет, жұмыс беруші және еңбекке қабілетті азаматтар арасындағы ынтымақтастық нәтижесіне құрылған жүйе. Мұндай өзара қатынастың мақсаты – азаматтардың өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілігін қалыптастыру, көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жоғарылату және қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры­ның қаржы көзі – аударымдар мен жарналар. Жарна – МӘМС жүйе­сінде медициналық көмек алу­­ға құқық беретін жеке тұл­ға­лардың (жалдамалы қыз­мет­керлер, өз бетінше жұ­мыс­­пен қамтылғандар, жеке кә­­сіпкерлер) қорға төлей­тін қаржысы. Аударымдар – жұ­мыс берушілердің өз қара­жаты есебінен медици­налық қызметтерді тұтынушы қыз­мет­керлері үшін МӘМС жүйе­сінде медициналық көмек алу­ға құқық беретін төлемдері.
Облыстық әлеу­меттік меди­циналық сақ­тандыру қоры фи­лиалы берген мәліметі бойын­ша, қолданыстағы МӘМС жүйе­­сі туралы заңға сәйкес же­ке тұлғалар 2018 жылдың 1 қаң­тарынан 2020 жылдың 1 қаң­тарына дейін, яғни МӘМС жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін жарна аударудан босатылды.
Ал, жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 30 қыркүйегі аралығында жеке кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер төлеген жарнаның жалпы сомасы рес­публика бойынша 105 млрд теңгеден асты. Оның 96,4 млрд теңгесі (91,8%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,6 млрд теңге (8,2%) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі. Қызылорда облысының жинағы МСҚ-ға түскен түсімдер мен жарна­лардың 2,8%-ін, 3 млрд көле­мінде. Яғни, өңір бойынша 18 мың­нан ас­там тө­­лемші (оның ішінде жұ­мыс бе­рушілер мен жеке кәсіп­кер­лер және азаматтық-құ­қық­тық сипаттағы келісім-шарт­пен жұ­мыс атқарып жатқандар бар) бас-аяғы 200 мыңға тарта тұ­ты­нушы үшін қаржы аударып отыр.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте ашылған есеп-шотта сақталып, болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалатын болады.  Еліміздің бас банкіне қор қаржысын сенімгерлік басқаруға беру туралы келісім-шарт бекітілген. Ұлттық Банк ҚР Үкіметі бекіткен инвестиция құралдарына бос қаржыны орналастыруға құқылы, бұл жағдайда барлық дивидендтер қорға қайтарылып, МӘМС пакеті аясында көрсетілген ме­дициналық қызметтерді өтеуге жұмсалады.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<