ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖІГЕРЛЕНДІРЕДІ

343

0

Еліміз жиырма бірінші ғасырға, жаңа мыңжылдыққа қадам басты. Замандық тех­но­логия қарыштап дамыған  қоғамда  адам­зат баласы үшін ең қымбат қазына  –  та­тулық пен өзара түсіністік. Бұл жолда  тарихымыздың асыл құндылықтарын баға­лауды жадымыздан шығармағанымыз жөн.
Жылдағы дәстүрге сай Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы да жаңа­шылдық пен тың бастамаларға  толы болып отыр. «Қазақстандықтардың әл-ауқаты­ның өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда Қазақстан халқы­ның және билігінің алдындағы шешілуге тиісті мақсат-міндеттер мен жоспарлар айқындалған. Әсіресе, елді көбірек толған­дыратын әлеуметтік мәселелер төңірегінде орынды талаптар қойылып отыр.
Жолдау барысында қазіргі таңда жаһан­дық және жергілікті проблемалар тоғыса түскені, барлық сын-қатерлерге төтеп беру және мемлекеттің табысқа жетуінің ке­пілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі екендігі баса айтылды. Адам баласының тіршілігімен біте қайнасып жатқан іс, бұл – еңбек. Әрбір адам кәсібін терең меңгеріп, дамуға қадам жасағанда жоғары жалақыны қажет ететіні сөзсіз. Осы орайда Елбасы Үкіметке  2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл дегеніміз – аз ғана айлықты қанағат тұтып жүрген адамдар үшін үлкен қолдау.
Қай уақытта да елдің ертеңі жас ұрпақ. Олардың рухани өсуі, білімді әрі қабі­летті болуына жан-жақты жағдай жасалуы басты мәселе. Сондықтан да Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбе­гейлі жақсартуды айтып өтті: «Ойлау негіз­дері, ақыл-ой мен шығармашылық қабі­леттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.  Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет», – деп атап көрсетті.      
Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданатыны осы салада еңбек етіп жүргендерді бір серпілтіп тас­тағаны сөзсіз. Бұл заң мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлерінің ауыр жүктемесін азайтып, оларды жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функциялардан арашалайды деген үміт бар. Сондай-ақ, Жолдауда «Инновациялық және сервистік секторларды дамыту», «Агроөнеркәсіп ке­шенінің әлеуетін толық іске асыру»,  «Медициналық қызмет сапасын жетілдіру» бағыттары толық түсіндірілген.  
Әсіресе, Мемлекет басшысының «Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру» жөнін­дегі тапсырмасы «Үй болмаса, күй болмай­тынын» нақтылай түскендей. Елбасы Н.На­зарбаев: «Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы», – дейді. Баспанамен қамтуды тілге тиек ете келе, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арт­тыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағ­дарламасы қолға алынғандығын жеткізді.
 Жолдау барысында айтылған тағы бір жағымды жаңалық – 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялайтындығы. Бұл да әрбір жасқа жігер, талап пен міндет жүктейді. Жігерлі жастар елінің дамуына ықыласпен үлес қосары сөзсіз.
Анар ПАК,
№202 З.Жарқынбаев атындағы
орта мектептің бастауыш
сынып мұғалімі.
Жалағаш ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<