Димаш Құдайбергеннің Лондондағы концерті дүркіреп өтті

281

0

Димаш Құдайберген Ұлыбритания астанасы Лондонда алғаш рет жеке концертін өткізді. Қазақ баласы жеке ән кешінде әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған қауымды екі сағат бойы жанды дауысмен тамсандырған деп хабарлайды NUR.KZ.

19 қараша күні Лондонның «Indigo at the O2» алаңында өткен Димаш Құдайбергеннің кешіне әлемнің 46 елінен тыңдармандар жиналған.

Димаштың ата-анасы журналистерге сұхбат беріп, аталмыш концерт пен болашақтағы жоспарларымен бөліскен.

«Бұл кешті ұйымдастыруға атсалысқан Мәдениет және спорт министрлігіне, Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігіне алғыс білдіреміз. Шынымызды айтсақ, бізде нақты жоспар жоқ. Өнерге шектеу қоймау керек. Қазіргі уақытта Канада мен Мәскеуге, Оңтүстік Азия елдеріне концерт қоюға өтініш түсіп жатыр.Ал бұл концертті қоюдағы негізгі мақсатымыз – қазақ әндерін бүкіл әлемге таныту. Әлемнің әр елінен келген Димаштың тыңдармандары қолдарына өз туларын ұстап алған. Маған бұл кешке әлемнің 46 елінен тыңдармандар жиналғанын айтты. Бұл біз үшін өте үлкен құрмет. Барлықтарыңызға рақмет», – деді Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің ата-анасы концертке неліктен ұзақ дайындық жүргізетіндерін де түсіндірді.

«Егер ән кеші бір тілде өтсе, дайындалу жеңілірек. Ал біз өзіміз кеш өткізетін елдің менталитетіне сай концерт қойғымыз келеді. Мысалыға Ресейде – орыс әндерін, Украинада – украин әндерін деген секілді. Осылайша сол елдерге деген өз құрметімізді көрсеткіміз келеді», – деп мәлімдеді Димаштың әкесі.

Ал Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, Димаштың ән кешін «Шетелдегі жастарды қолдау» бағдарламасы бойынша мемлекет қаржыландырған.

«Осы бағдарлама аясында біз өнерлі жастарды түрлі байқауларға жіберіп отырамыз. Он жыл ішінде осы жоба аясында бірнеше жасты шетелге жібердік. Олардың қатарында Димаш Құдайберген де бар.Димаш «Славян базары» мен Қытайдағы «I\’m the Singer» жобасына мемлекеттік бағдарламамен қатысты. Ал мына концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өтіп жатыр», – деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген өзінің концертінде бірнеше тілде ән орындады. Тіпті екі сағат бойы жанды дауыста ән тыңдаған кей жанкүйерлер көз жасына ерік берген.

Қазақстандық әнші кешін «Алға Қазақстан» әнімен аяқтаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<