Ел жаңалықтары

279

0

Ғасыр-ғұмыр

Қазақстанда 100 жасаған және одан да жоғары жастағы 423 азамат бар. Ұлытау облысында тұратын ең үлкен ақ жаулықты қария биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтіпті. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Жасы үлкен қариялар еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек. Мәселен, Түркістан облысында 100 және одан асқан 64 адам бар. Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады. Ал үшінші орында Алматы облысы. Онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам бар.

Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.

Еске сала кетейік, жыл сайын 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45-сессияда жариялаған.

Бір күн қоғамдық көлік тегін

Астана тұрғындары 6 қазанда, яғни референдум күні қоғамдық көліктерде тегін жүре алады,

деп хабарлайды 24kz.

Бұл күні қала маңындағы бағыттарға жүретін автобустар да жолақы алмайды. Қоғамдық көліктер таңғы сағат 6.00-ден түнгі сағат 23.00-ге дейін жүреді. Ал 7 қазанда автобустар штаттық режимде жұмысын жалғастырады.

Тәртіп бұзсаңыз, пойыздан түсесіз

BAQ.KZ жыл басынан бері Ұлттық тасымалдаушының пойыздарынан 100-ден астам құқық бұзушы жолаушы түсірілгенін жеткізді.

Дерекке қарағанда, биыл осы уақытқа дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері көліктік полициямен бірлесіп, пойыздардағы қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 117 жолаушыны түсірген. Бір тәуірі, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға төмен.

Теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүкбагажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушыны мынадай  жағдайларда пойыздан түсіреді: егер жолаушы алкоголь немесе есірткі әсерінен мас күйде болып басқа жолаушыларға қолайсыздық келтірсе, жолаушы вагонның ішінде темекі шексе немесе жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетуден бас тартып, пойыз билеті болмаған жағдайда, сонымен қатар жолаушы басқа жолаушыларға не пойыз қызметкерлеріне қатысты агрессивті әрекет жасаса және  өзімен бірге айналасындағыларға қауіп төндіретін тыйым салынған заттар немесе жүктер алып жүрсе.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды белсенді енгізуде. Ұлттық тасымалдаушының 478 вагонында 3 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бейнебақылау жүйесі вагон-мейрамханаларда, вагон-барларда, теміржол станциялары мен вокзалдарда жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 1 552 вагонға камера орнатылмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<