Ақау ретке келтірілді

507

0

 Өткен аптада облыс орталығындағы Жібек жолы мен Ә.Мүсірәлі көшелерінің қиылысында орналасқан ескі ауыз су жүйесінде ақау пайда болып, Сырдария және Арай шағын аудандарында екі күнге су беру  тоқтатылған болатын. Ескі су құбырын жедел түрде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қазір аудан тұрғындары толықтай ауыз сумен қамтылған. Айта кету керек, бұл мәселе қаланың басқа аудандарында қалыпты деңгейде ауыз су таратуға кедергі болған жоқ.

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде осы жағдайға байла­нысты баспасөз конференциясы өтіп, апаттың себептері мен қал­пына келтіру жұмыстары туралы айтылды.  Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшы­сының орынбасары Ерлан Жоламанов, «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов қатысты.

 – Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Ауыз су мәселесі диаметрі 500 мм ескі ауыз су жүйесіндегі ақау салдарынан пайда болды. Аяқ астынан орын алған апатты жедел қалпына келтіру үшін амалсыздан екі шағын ауданда ауыз суды уақытша тоқтатуға ту­ра келді. Қалпына келтіру жұ­мыстарын жүргізуге 20-ға жуық техника, 30-дан астам адам жұ­мылдырылып, қарашаның суы­ғына қарамастан тәулік бойы кү­шейтілген режимде жұмыс істеді, – деді Бектас Балғабайұлы.

Ақау пайда болуының бас­ты себебі, су құбырының әбден тозығы жеткен. Аталған су жүйесі осыдан 50 жыл бұрын, 1968 жылы салыныпты. Ал, құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес темір құбырдың жер астында жату мерзімінің шыдамдылығы 22 жыл ғана.

– Негізі дәл осы аумақта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, биылғы жылы ескірген су құбырлары жаңартылып, 20 қарашаға дейін ауыз суды жаңа жүйеге қосу жоспарланған болатын. Бірақ апат салдарынан мамандар осы жұмыстарды ертерек бастап, қазір ақау пайда болған ескі құбырды жаңа жүйеге қосу жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде қалаішілік су құбыр­ларының 60%-тен астамы то­лық жаңартылған және Қы­зыл­­жарма жерасты су кені ар­қылы 98 су ұңғымалары іс­ке қосылып жерасты суына көші­рілген. 700 шақырымға жуық су құ­быр­ларының 30%-і ес­кірген, сондықтан ескі су жүйесін ауыстыру жұмыстары кезең-ке­зеңімен іске асырылуда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 13 нысан, атап айтсақ, 8 су құбыры, 5 кәріз су жүйелері жаңартылуда. Қазір 11-нің жұмы­сы толығымен аяқталды, – деді Тілеуберген Сағынышұлы.

Айдана Жұмадинова,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<