Алаңсыз өмір сүрудің жаңа кезеңін бастаймыз

377

0

 Біз Елбасының жыл сайын Жолдау жариялайтынын білетін және оны күтіп жүретін елге айналғалы қашан! Президентіміздің 1997 жылғы алғашқы Жолдауынан бастап күні кешегі Жолдауы аралығындағы стратегиялық міндеттердің бірде-бірінің маңыздылығы әлі күнге дейін жойылмаған.   Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы 21 Жолдауының барлығын да алдымызға жайып қойып зерделер болсақ, бәрінде де бір мақсат – ел болу, Қазақстанды әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің қатарына қосу, жаһандық дағдарыс жағдайында да экономиканы ілгерілету азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, алыс және жақын шетелдермен стратегиялық тең тұрғыда халықаралық байланыс орнату, еліміздегі ұлтаралық бірлік пен конфессияаралық келісімді сақтау, халқымыздың әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлт болуы сияқты өмірлік маңызы аса зор мақсаттар мен міндеттер алға тартылып келеді екен. 

Ал Елбасы өзінің биылғы Жолдау­ында: «Біз берік экономикалық негіз қалыптастырдық. Соңғы 20 жыл ішін­де елімізге 300 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетел инвес­тициясы тартылды. Экономиканы өр­кен­детудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Дү­ние­жүзілік Банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінде 36-шы орынға көтерілді», – деп атап көрсетуіне негіз боларлық жақсы жайлардың, ұтымды да орайлы істердің негізі Қазақстанда алдын ала ойластырылғандығын айтуға тиістіміз. Бұл Елбасының өзінің әр Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік-эконо­микалық дамуы мен ішкі және сырт­қы саясаттағы негізгі әрі басты бағыттарын айқындап отырар тарихи ерекшелігі мен маңызы бар екендігін көрсетеді. Біздің осы ойымызға арқау боларлық жайлардың Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты осы Жолдауында тағы да айқын айтылып отыр. Бұл жолғы Жолдаудың бір ерекшелігі мен маңыздылығы сол, қазақстандықтардың табысының өсуі мен тұрмыс сапасының жақсаруына айрықша көңіл бөлініп отырғаны деп санаймыз. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс. Мен лауазымды тұлға­ның жеке тиімділігін және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәй­кес бағалайтын боламын», – деп Елбасы қазақстандықтардың табыс­ты болуы мен тұрмыс деңгейін көте­руге басты басымдық беріп отыр. Әрине, еңбек ету арқылы әркімнің өз әл-ауқатын жақсартып, тұрмысын түзеулеріне барлық жағдай бар әрі жасалып та жатыр. Елбасы осы орайда Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіру­ді тапсырды. Бұл оң жағдай барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұ­мыс істейтін 1 миллион 300 мың адам­ды қамтыса, бюджеттік саланың 275 мың қызметкерінің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өскелі отыр. Бұған 2019-2021 жылдарда респуб­ликалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлініп тұратын болады. Енді әркімнің өз табысы өздерінің де өсе түсулеріне тағы да барлық жағдайлар қарастырылып отыр. 

Елбасы Жолдауының екінші негізгі мәселесі қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру болса, бұл бағытта да көңілден шығатын қағидаттар аталды. Қазіргі уақытта қазақстандықтарды білім беру, денсаулық сақтау салалар, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетім­ділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері алаңдатып та, ойландырып та отыр. Елбасы өз отан­дастарының қазіргі көңіл-күйлерін дөп басып, әрбір қазақстандық отбасына қатысты жайларды шешуді тапсырды.

Алдағы уақытта Үкімет әлеумет­тік секторға, қауіпсіздік пен инфра­құрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарайтын болады. Тағы да алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу тапсырмасы берілді. Бұл қазақстандық білім мен ғылымның одан әрі жаңа сапалық деңгейде дами түсуіне үлкен жол аша түсетін болады. Қоғамда айтылып келе жатқан мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттілігіне Елбасы тағы да жаңа әрі тың бағыттар берді. «Білім беру ісінде «4К» моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет, дей келіп, Елбасы Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, тиісті «Жол картасын» биылдың өзінде әзірлеуді тапсырды. Және де «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеп, оны қабылдау қажеттілігі де алға тартылды. Бұл заң арқылы болашақта мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игіліктер қарастырылып, жүктемені азайту, мұғалімдерді түрлі тексерістер мен міндеттен тыс жөн-жосықсыз істерге қатыстыруға жол берілмейтін болады. Қоғамдағы мұғалім мәртебе­сін көтеруге бағытталған заңның қабыл­данатындығы барлық білім саласының қызметкерлерін зор қуанышқа бөлеп отырғандығын да айтқан ләзім.

Ұлт саулығына қатысты аса маңызды әрі өзекті мәселе, қазақстандықтардың сапалы азық-түлікті пайдалану жайы­ның Жолдауда көтерілуі де – болашақты ойлағандық. Жасыратын несі бар, алыс және жақын шетелдерде шығарылып, Қазақстан базарларында сатылып жатқан кей тауарлардың, тіпті балалардың ойыншықтарына дейін адам өмірі мен денсаулығына қатерлі екендігі сан мәрте айтылып, жазылып та жатқанымен, бұған тосқауыл әзірге қойылмай отыр. Елбасы бұл жағдайға да байланысты Үкіметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтіруді тапсырып, алдағы жылдан бас­тап тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті өз жұмысын бастауға тиісті екендігін айтты.

Әр адам баласының алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету кез келген мемлекеттің басты әрі абыройлы міндеті екендігі болса, осы Жолдауда бұл мәселе де айтылды және де осыған орай қазақстандықтардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастырудың нақтылы міндеттері де белгіленді. Бұл орайда Елбасы ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, әр ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұ­мыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуына да баса назар аударды. Сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі жүзеге асыра отырып, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арт­тыратын «7-20-25» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен же­ңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялауды қолға алу үшін әкімдерге нақты тапсырмалар берілді. Бұл да халқымыздың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді деп нық сеніммен айтуға болады.

Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Әрине, орынды. Президент қашан болсын жастарға үлкен сенім артып, қолдап келе жатқаны да бар. Мұны осы жолы да анық тани түстік. Алайда, алдағы Жастар жылын құр даңғазалыққа айналдырып алмауға да тиістіміз. Жастар жылында жастардың ең әуелі өз ата-анасы мен Отаны алдындағы, үлкен мен кішінің, өз елі мен жері, өз тілі мен өз салт-дәстүрі алдындағы, ел бірлігі үшін жауапкершіліктерін сезіне түсулеріне және соны білетіндей тәрбие бесігінен өтуге тиісті ғой деп ойлаймыз.

Әр жүректі жылытатын, жаныңа ыстық ауыл жайлы да айтылуы және де ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту, ол үшін арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасын жасап, іске қосудың да маңыздылығын Елбасы өз Жолдауында тегіннен айтпаса керек. Біз ендігі арада осы заманғы технология мен цифрландыру негізінде мал өсіріп, егін салып, сапалы өнім өндіріп, осы заманғы үйлерде тұратын, осы заманғы білім мен тәрбие, демалыс ошақтары бар тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпаттағы және жаңа үлгідегі ауылдарды қалыптастыру мен жасауды қолға алуға тиістіміз.

Қорыта айтқанда, біз бай да бақуатты және алаңсыз өмір сүрудің жаңа кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл құр сөз емес. Елбасының Жолдауында айтылып, ел игілігі үшін алдағы уақытта жасалатын істерді толыққанды жүзеге асыру үшін Жолдауда атап көрсетілгендей, «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс». Осы бір аталы сөздің астары мен қапталында біздің әрқайсымыздың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігіміз бар екендігін ұғына білгеніміз абзал.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,  

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«Егемен Қазақстан» газеті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<