«KÁÝSAR» КЕЙДЕННЕН ШЫҒАДЫ

638

0

Жүгері дақылы – қазаққа таңсық емес, ертеден-ақ оның ас-ауқат ретінде кеңінен пайдаланылып келе жатқандығы белгілі. Ғалымдардың бұл дақылды планетамыздың ең ежелгі нан өсімдігі деген пайымдаулары да бекер болмаса керек. Мына нарық заманында жүгерінің жас собығын пісіріп, кепкен дәнін қуырып саудалап жүргендер де кезігеді. Несі бар, еңбек еткен адамға несібе нәпақа. Ал жүгерінің құнарлы мал азығы екенін екінің бірі біледі.
Кешегі кеңестік кезде жү­гері көптеген шаруа­шы­лық­тарда молынан егіліп, пайдаланылып жүрді. Дәнін – мал жеміне, балауса құрағын си­лос, сенаж тәсілімен жыл бойы әжетке жаратты. Ал қа­зіргі жағдайда, егу мен күтіп-баптауының агротехнология­сы күрделілеу, көптеген ар­наулы техникаларды қажет ете­тіндігінен болар,  жүгері жарық­тығыңызды егушілер қатары сирексігендей көріне­тін. Алайда, мына бір жаңа­лықты естіп, кәдімгідей елең­десіп қалдық. Жаңақорған ау­даны, Кейден ауылының әкімі Бақтияр Тоқтыбаев: «Ауы­лымызда жүгеріден сусын шығаратын зауыт ашылады», деді бірде.  Оның да сәті келіп, бардық, көрдік. Аудан әкімі Ғалым Әміреев кәсіпкерлікті өрістетуде тың жаңалыққа жоғары баға берді.  
«KÁÝSAR» жүгері өң­деу және сусын өндіру кәсіпорыны ағайынды Қасым мен Сейтмұқанның бірлескен жобасы екен. Бұл өзі кенеттен ойға келе салған кәсіп емес, кешегі тоқырау жылдарынан бері бастау алған шаруа секілді. Осы отбасы 1997 жылдан бастап ауыл маңындағы алқапқа ақ жүгері егеді. Шамамен 10-15 гектар. Гектарынан 30 центнерден өнім алғанның өзінде 30-40 тонна дән жиналып қалады. Осыны ағайынды диқандар қыс бойы сақтап, көктемде базарға шығарады. Не үшін дейсіз ғой, наурыз көже бар емес пе, міне, осы ұлттық тағамның басты шикізаты ақ жүгері. Біртіндеп дәнді түйіп сатса, тіпті өтімдірек боларын білген ағайындар арнайы түю станогын алып, оны да іске қосады.
– 1000 келі дәннен 700 келі таза өнім алып жүрдік. Кейіннен сапалылығын арттырып, 550-ге дейін жеткіздік. Алайда, бертінде шекара ашылды да, нарықтық бәсекеде өзбекстандық әріптестерімізге есе жібере бастағанымызды аңғардық. Осының салдарынан шығарған өніміміз арзандап, өзіндік құнынан артылмай қалды. Жаңаша ізденіске тағы тәуекел жасадық, – дейді Сейтмұқан Әбжаппаров.
Осыдан бастап, өнімді ши­кілей емес, дайын өнім күйін­де нарыққа шығару жо­басы іздестіріледі. Нәти­же­сінде Ресейден 1 станок,  Қы­тайдан екінші станокты са­тып әкелуге тура келді. Бұл жерде өз қаржыларына қоса кә­сіп­керлікті қолдау палатасы арқылы 3 млн  теңге грант жеңіп алса, өңірлік «Даму» меке­месі арқылы 3 млн теңге қаржыға қол жеткізді. Ал цех­тың негізін қалайтын құры­лым­дардың жалпы құны аз емес, оған қоса қазандықтың өзі 8 млн теңгені құрады. Осылайша ауылдан жүгері дәнін өң­­деу мен сусын шығару цехы іс­ке қосылды. Онда әзірге 5 адам жұмыспен қамтылып отыр.
– Өзімізден бөлек, ауылдастарымыз жалпы көлемі 100 гектардан астам ақ жүгері дақылын егеді. Олардың да өнімдерін біз сатып алып, өңдеу жұмыстарына пайдаланамыз. Дәннің сығылған суына түрлі қоспалар қо­сылады. Мұны біреулер бұ­рын­ғы қалыппен «ашытпа» деп те жатыр. Қазақ тамақ өнер­кәсібі академиясына тек­сертіп, рұқсат алдық. Сонан соң саудаға шығару үшін облыстық стандарттау, сертификаттау мекемесіне де тіркелдік, – дейді кәсіп иесі. Жүгерінің құрамында А, В, С, Е дәрумендері, фолацин, ниацин, тиамин, калий, магний, крахмал, протеин, қант, түрлі пайдалы майлар, аскорбин қышқылы және минералды тұздар жеткілікті болатын көрінеді.  
«Жүгеріні жиі пайдаланатын болсаңыз, холестерин деңгейін, асқазан жолдары қызметін реттейді. Оған қоса, жүрек-қан тамырлары жүйе­­сінің дұрыс жұмыс іс­теуіне септігін тигізіп, тері­ге, шаштың өсуіне оң әсер етіп, қартаюдан сақ­тай­ды. Құ­­рамындағы В дә­ру­мені ұй­қысыздық, маза­сыз­дық­пен күрессе, С дә­румені им­му­­нитеттің көте­рілуіне, Д дәрумені тіске, сүйектің қа­таюына кө­мек­теседі. Ал бе­тіңізге жү­­ге­рі маскасын жасар бол­саңыз, ажарыңызды келтіріп, теріңізді ағартады», деп сай­рап тұр анықтамалық. Сон­дай-ақ, бауыр ауырса, піскен жүгері шашағын немесе тал­шығын пайдалану керек. Ол аптеканың дәрісінен әлде­қайда пайдалы деп кеңес береді мамандар.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Кейден ауылы.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<