Ветеринария: жауапты міндетке жан-жақты жұмыс

546

0

Ветеринария саласында ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауда биыл 5190,4 мың доза ветеринариялық препараттар облысқа толығымен жеткізілді. 

Сарып ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде ауру 57 бас мүйізді ірі қара, 154 бас уақ мал анықталып, ветеринариялық-санитариялық ережелерге сәйкес сойылды.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мақсатында биылғы тапсырысқа сәйкес, мүйізді ірі қараға – 98,4 мың, түйеге – 9,4 мың, уақ малға – 326,8 мың, шошқаға  2,5 мың дана құлақ жапсырмалары толық жеткізілді.

Адам мен жануарларға ортақ құтыру, эхинококкоз және т.б. аурулардың алдын алу мақсатында үстіміздегі жылы қаңғыбас ит пен мысықтарды аулап, жоюға аудандар мен қала бюджеттерінен барлығы 40,4 млн теңге бөлініп, 20473 бас ит пен мысық ауланды. Қаңғыбас ит пен мысықтар типтік жобадағы мал қорымдары мен инсинератор пештері арқылы жойылуда. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның қойып отырған бірден-бір талабы – мал қорымдарының типтік жоба бойынша салынуы. Облыс бойынша мал қорымдарының жалпы саны 146 болса, оның ішінде ветеринариялық-санитариялық та­лап­тарға сәйкес келетін 71-і типтік жобада салынған. Облыстық мәслихаттың өткен жылғы шешімімен облыстық бюджеттен мал қорымдарының құрылысына кезең-кезеңімен қаржы бөлу туралы шешім қабылданып, қалған 75 қарапайым шұңқыр осы жоба бойынша салынатын болды. Айта кету керек, биыл 4 типтік жобадағы мал қорымын салуға облыстық бюджеттен 56,4 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

Салада құжаттарды электронды форматта дайындау ісі қарқын алды.  Ауыл шаруашылығы жануарларының кіріс-шығысы қатаң бақылауға алынған. Жыл басынан бері 29615 дана (1-үлгі – 18988, 2-үлгі – 9885, 3-үлгі – 742) ветеринариялық анықтамалар «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» арқылы берілді.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша, облыс көлемінде 2017-2018 жылдары ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметтермен айналысу үшін 20 нысан (вет.аптека, ветеринариялық қызмет көрсету орындары) салық органына тіркеліп, 37 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Ветеринариялық-санитариялық ба­қылауға жататын объектілерге үс­тіміздегі жылы 40 есептік нөмір бері­ліп, мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Облыс бойынша тіркелген мал сою (34 алаң, 4 пункт) нысандарында жыл басынан бері 12034 бас мүйізді ірі қара, 1827 бас уақ мал, 1470 бас жылқы, 194 бас түйе, 24 бас шошқа ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай сойылып, ішкі сауда және басқа орындарға жіберілді.

Үстіміздегі жылы, облыс бойынша ветеринария саласындағы заң бұзушылықтарға 16 айыппұл салынып, 926 нұсқама берілді.

Биыл облыс бойынша тіркелген 67 сібір жарасы ошағының 60-ы нақтыланды. ҚР ҰЭМ 25.02.2015 жылғы №136 бұйрығының талаптарына сәйкес 60 ошақ қоршалып, қауіпсіздік белгісі қойылды және республикалық деңгейде топографиялық карталары түсірілді. Тиісті іс-шараларды жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 47,1 млн теңге қаржы бөлінді.

Облыс бойынша биыл Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының ошағы болып 127 елді мекен (Арал – 30, Қазалы – 5, Қармақшы – 17, Жалағаш – 14, Сырдария – 10, Шиелі – 25, Жаңақорған – 19, Қызылорда – 7) тіркелген. Осы елді мекендердегі мал саны, қора, суат, шаңлақ көлемі нақтыланып, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынылды. Аталған басқарма тарапынан анықталған мердігер мекемелер көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстарын толық жүргізді.

Сонымен қатар, кенеге қарсы ұсақ мал басын ванналарда тоғыту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ, кенеге қарсы ве­теринариялық препараттарды (ивен, ивермектин, ивермек, т.б.) қолданудың тиімділігі жөнінде түсіндіру жұ­мыстары тұрақты жүргізілуде. Мал иелерінің өз қаржысы есебінен 333521 бас ауыл шаруашылығы жануарлары кенеге қарсы ветеринариялық препараттармен алдын ала егілді.

Облыстық ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен тиісті мекеме басшылары, мамандары бірлесіп, жануарлар мен адамға ортақ зооантропонозды аса қауіпті жұқпалы аурулардың және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, болдырмау мақсатында аудандарда (қала) көшпелі мәжілістер мен семинарлар өткізілді.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында «фермадан үстелге дейін» қағидатына сәйкес, ветеринариялық қызметтің вертикаль жүйесі құрылуда. 

Осыған байланысты, бақылау-қадағалау функциялары жергілікті атқарушы органдардан ветеринария саласындағы уәкілетті органдарға қайта беріледі. Заң жобасы әзірленуде. Бүгінде Ауыл­шаруашылығы министрлігінде осы заңға сәйкес аудан, қала әкімдігінің күшімен ветеринариялық станциялар ветеринариялық іс-шараларды атқару, облыстық ветеринария басқармасы ветеринария саласындағы мемлекеттік қызметтермен және қажетті препараттарды сатып алумен, жеткізумен айналысатын жүйе құру жоспарлануда.

Сонымен қатар, сырттан келетін экзотикалық жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу, вакцина қолданылатын және вакцина қолданылмайтын аймақтар арасында ауыл шаруашылығы жануарларының қозғалысына қатаң бақылау орнату мақсатында Ақтөбе облысымен шекаралас Арал ауданында, Қарағанды облысымен шекаралас Қызылорда қаласында және Түркістан облысымен шекаралас Жаңақорған ауданында ветеринариялық бақылау бекеттері ашылатын болады.

Салада сапалы маман даярлау ісі де жолға қойылған. Облыс әкімі жанындағы басым жобалар бойынша облыстық ветеринария басқармасы тарапынан «Студенттерді сапалы маман ретінде даярлау және жетілдіру» жобасы әзірленді.

Жоба облыстық жобалық кеңседен, облыс әкімі жанындағы басым жобалар бойынша эксперттік кеңестен қолдау тауып, үздік деп танылды. Сонымен қатар, басқа да мемлекеттік мекемелерге осы жоба тәжірибе алмасу мақсатында ұсынылды.

Бұл жоба аясында И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық техникалық жоғары колледжін биыл бітірген 36 жас маман 15 тамыздан бастап ветеринариялық ұйымдарда жастар практикасынан өтіп, жобаны басқару кестесіне сәйкес, барлығы жұмысқа орналасатын болады.

Сонымен қатар, Елбасы Жолдауына сай облыста «Smart city» тұжырымдамасы аясында басқарма тарапынан «MOBI-Vet» мобильдік қосымшасының жобасы әзірленіп, облыстық жобалық кеңсе отырысында қолдау тапты.

Жобаның мақсаты – шаруа қожа­лықтары мен мал иелеріне ветери­нариялық іс-шаралардың жүзеге асуы және басқа да жүргізілген жұмыстар туралы мәліметтер беру. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы жануарларын алдын ала егу, диагностикалық тексеру, бірдейлендіру жұмыстарын уақытылы орындауға эпизоотиялық тұрақтылықтың сақталуына игі әсерін тигізеді.

Е.АПЕТОВ,

облыстық ветеринария

басқармасының басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<