Кәсіпкерлік: қолдаудан жетістікке дейін

345

0

1959-61 жылдары Қытайды ашаршылық жайлады. Одан 25-30 миллиондай адам көз жұмды. Тек 70-ші жылдардың соңында республика басшылығына келген Дэн Сяопин халықты аштықтан аман алып қалудың жолын іздеді және тапты. Ол ұсақ бизнесті ұқсату еді. Нәтижесінде Қытай бұрын-соңды болмаған экономикалық жетістіктерге жетті.

Аспанасты елі басқаларға үлгі бастап берді. Қазір әлемнің дамыған мемлекеттерінде ша­ғын және орта кәсіпкерлік эко­номиканың драйверіне ай­налған. Қазақстандықтар да мұны мықтап жадыға түй­ді. Өйткені ол өркендесе, мемлекеттің мұртын балта шаппайтынын түсінді. Елбасының да айтып жүргені – осы: адамдар бизнес ашып, оны жүргізуді үйренгені дұрыс. Ал кәсіпке бет бұрған отандастарымызды үкімет үнемі қолдап отырады. Кезекті Жолдаудағы Пре­­зиденттің тапсырмасына сәй­кес «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылып, бизнес өкілдері салық органдарында жиналған айыппұлдары мен өсімақыларынан босатылатын болды. Бұл, бір жағынан, кәсіпкерліктің кең өріс жаюына, екіншіден, экономикаға серпін береді деп сенеміз.

Іс бастаған азаматтардың алдынан бұрын бюрократиялық кедергілер кесе-көлденең шығатын еді. Бертін келе ол да орайын тауып оңалғандай. Әкімшілік кедергілерді қыс­қарту бағытындағы жұмыс­тар­дың жарқын көрінісін жал­ғыз Сыр өңірінен көруге болады. Кәсіпкерлерге толық форматта қызмет көрсететін тұңғыш орталық осында құрылды. Осы күні орталық мамандары 40-тан астам мәселе бойынша «бір терезе» қағидатымен тегін қызмет көрсетіп келеді. Инженерлік желілердің техникалық шарттары электронды форматқа ауыс­қан. Көп ұзамай жер телім­дерін де үйден шықпай-ақ ала­тын мүмкіндік тумақ. Бұл – кәсіпкерлікті дамытуға күш бере­тін шаралардың бір парасы ғана.

Одан бөлек, биыл облыс­та кәсіпкерлікті қолдаудың үшжылдығы жарияланды. Арнайы жол картасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін 32 млрд теңге бөлінді. Жұмыс істеп тұрған субъектілердің үлесі 12,7%-ке өсті. Шағын несиелер саны 2 есе көбейді. 5 мыңға жуық жерлесіміз жаңадан кәсіпкерлік жолына түсті. Ал мұның сыртында осынша адам мен отбасының, мемлекеттің тағдыры, болашағы һәм жауапкершілігі тұр. Өйткені кәсіпкер, біріншіден, басқаларға жұмыс тауып береді, бұл – талай отбасы үшін күнкөріс көзі екені түсінікті. Екіншіден, мемлекетке салық төлеп, бюджет қоржынын толтырады. Үшіншіден, әлеуметтік маңызы бар жобаларға қатысады.

Кәсіпкерлік саласындағы қолдау мен жетістіктердің арқа­сында Қызылорда облысы 2018 жылғы рейтингте көш бастады. «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақ­станда жасалған» жалпыұлттық теле­көпірі барысында Президент «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевқа «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Шын мәнінде, бұл бүкіл сырбойылық кәсіпкерге ортақ жеңіс екенін айтқан орынды. Оны жуырда жергілікті бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездескенде облыс әкімі өзі де атап өтті.

Ауқымды шара барысында, сонымен қатар, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-конкур­сының жеңімпаздары жарияланды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша лайықтылар тізімінде ерлер жейдесін шығарумен танылып үлгерген «DalaTex» компаниясы бар. «Парыз-2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «СКЗ-U» серік­тестігі – күміс, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясында «РУ-6» меке­месі қола жүлдені иеленді.

Жыл жетістігі бизнес жолында жүрген және кәсіп бастауға ниетті азаматтарды жігерлендіргені рас. Мемлекет басшысы берген жоғары баға ел қамын ойлаған осындай жандардың, салаға жауапты мамандардың уақытпен санаспай атқарған өлшеусіз еңбегі мен маңдай терінің жемісі екені даусыз.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<