Балалар қауіпсіздігі бақылауда

437

0

Өткен аптада «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова мен облыстық мәслихат депутаты Райкүл Байназарова ауданымызда болды. Халық қалаулылары алдымен Шәменов ауылындағы жаңадан бой көтеріп жатқан 140 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер «ИнтегроСтрой» ЖШС басшысы Бақдәулет Искаков мектеп құрылысы жоспардағы межеленген мерзімі бойынша 2020 жылы толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілетінін айтты.
Ауыл халқымен кездескен депутаттар олардың көкейінде жүрген мұң-мұқтажын тыңдап, сауалдарына жауап берді. Ауыл халқын алаңдататын басты мәселе – аяқсу. Ауласына бақша егіп, қорасына мал ұстау – ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі. Бұл орайда М.Шәменов ауылының әкімі Ғалымжан Есжанов аяқсу мәселесін шешу үшін ауыл сыртындағы үлкен каналға қуаттылығы жоғары сусорғы насос орнату туралы ұсынысын жеткізді. Ауыл басшысының ұсынысын қабыл алған Ақмарал Әлназарова аталған мәселені тиісті жерге жолдап, оң шешімін табуына ықпал жасайтынын айтты.
– Ауылдық жерлерде тіршілік көзі болмаса, халықта масылдық сана қалыптасады. Сондықтан тұрмыстық түйткілдердің барлығы да қаперге алынуы тиіс», – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.
Ал өз кезегінде сөз алған Райкүл Мансұрқызы таяуда ғана осы ауылдан сатып алатын уақ мал таппай кеткенін айтып қынжылды. «Ауылда тұрған соң мал шаруашылығын өркендетуді қолға алу керек. Өйткені ол – біздің ата кәсібіміз. Қазірде ауылдық жерлердегі негізгі кәсіптің көзі – төрт түлікті көбейту», – деді халық қалаулысы. Одан бөлек, кездесуде тұрғындар тарапынан ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, типтік жобадағы жаңа балабақша салу және басқа да мәселелер жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылды. Ол жөнінде ауыл әкімі Ғалымжан Есжанов:
– Біздің ауыл келесі жылдан бастап тіректі елді мекендер қатарына кіреді. Өздеріңіз білесіздер, тіректі ауыл дегеніміз жаңғыртылған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар елді мекен. Әрине, бұл айтып отырғандардың барлығы аз уақыттың ішінде орындалмайды. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және әл-ауқатын жақсарту мақсатында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өндіріс орындарын ашу жұмыстары өз кезеңімен жүзеге асады. Ал оларды қаржыландыру көздері республикалық, облыстық, аудандық бюджеттер және мемлекеттік-жеке әріптестік қаражаттары есебінен қарастырылады. Міне, әлгі сіздер айтып отырған мәселелер де осы аталған жобалардың аясында шешімін табатын болады, – деді.
Сонымен бірге ауыл әкімі депутаттардың сауалына орай ауыл халқының әлеуметтік жағдайы тұрақты, көш-қон мәселесі қалыпты екенін тілге тиек етті. Кездесу барысында депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде де егжей-тегжейлі түсіндіріп, ауыл халқының осы тақырыпқа байланысты сауалдарына жауап берді. Кездесуді «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева қортындылап, халықтың көкейіндегі қандай да бір мұң-мұқтажы мен ұсыныс-пікірлері партияның ұдайы назарында тұрғанын жеткізді.
Одан соң З.Жарқынбаев атындағы №202 мектепте Ақмарал Әлназарова, Райкүл Байназарова, Имамзада Шағыртаев, Кенжеғара Сүлейменов, Рауаш Әлиева, Қаншагүл Мұстафаева, Елубай Әбдіқадыров және Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасының инспекторы Әбдімәлік Акимов, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева қабылдау жүргізіп, аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады.
Осы күні аталған мектептің базасында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз тамақтану – берекенің бастауы» атты білім беру ұйымдарының асханаларында санитарлық талаптардың сақталуына байланысты семинар-кеңес өтті. Семинарға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің балалар мен жасөспірімдер арасында жұқпалы емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Алмаш Шуақбаева, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының инспекторы Әбдімәлік Акимов және білім беру ұйымдарының басшылары, аспазшылары, әлеуметтік педагогтар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, кәсіпкерлер, аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мен медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Семинарды Қаншагүл Шоңмұрынқызы ашып, жүргізіп отырды. Шара барысында Ақмарал Әлназарова семинардың негізгі мақсаты жауапты сала мамандарын қатыстыра отырып, білім беру ұйымдарында денсаулықты нығайтуға ықпал ететін дұрыс тамақтану жағдайын қалыптастыру, құқықтық кеңес беру екеніне тоқталды және партияның бүгінгі күнге атқарып отырған жұмыстарын қысқаша баяндады. Сонымен бірге партиялық бақылау комиссияларының білім беру ұйымдарындағы асханаларға және балалардың құқығын қорғауға байланысты үнемі мониторинг жүргізіліп отырғанын жеткізіп, мектеп асханасында ыстық тамақтың берілуін ұйымдастырып, сапалы тағаммен қамтамасыз етіп отырған бірнеше жеке кәсіпкер мен білім беру мекемелерінің қызметкерлерін облыстық партия филиалының «Алғыс хатымен» марапаттады. Одан соң сөз алған Алмаш Шуақбаева мектеп оқушыларына тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар және тиым салынған тағамдар жайында кеңес берсе, Әбдімәлік Акимов білім беру саласының асханаларында кәсіпкерлер мен қызметкерлер арасында келісім шарттардың сақталуы жайын түсіндірді. Сонымен бірге партияның облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Айда Әбибуллаева білім беру ұйымдарының асханаларындағы санитарлық талаптардың сақталуына орай білім беру саласындағы тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптар және тиым салынған тағамдар тұрғысында кеңес берді.
Семинарға қатысушылар аспазшылардың киім үлгілері және пайдалануға рұқсат етілген ыдыстар көрмесімен, мектеп асханасындағы тағамдардың қажетті құжаттарымен және асханада тағамдардың көршілестік орналасуы, 4 апталық ас мәзірімен танысты. Сондай-ақ оларға арнайы мамандар тиым салынған тағам түрлері туралы түсінік берді.

https://zhalagash-zharshysy.kz/

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<