Мақсат «Әлем барысына» қатысады

375

0

Алдағы дүйсенбіде Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Әлем Барысы» абсолютті Əлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын палуандардың қатарында жерлесіміз, Азия чемпионы Мақсат Исағабылов бар.

Әлем чемпионатында 30 елден келген 33 палуан боз кілемде бақ сынаспақ. «Әлем Барысы» титулы үшін биыл АҚШ, Австралия, Бразилия, Грекия, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Нидерланды, Пәкістан, Польша елдерінің өкілдері күрес­пек.

Ай басында өңірде өткен қазақ күресінен ел чемпионатында жоғары жетістікке қол жеткізген спортшылар әлемдік, халықаралық ірі додаларға қатысады деген еді федерация өкілдері. Мақсат Исағабылов чемпионатта түйе палуандар арасында екінші орынға тұрақтаған. Сондай-ақ, 100 келіде сынға түскен ол үшінші орынды еншіледі. Бұған дейін де өзінің мықтылығын дәлелдеген Мақсат талай сайыста топ жарып жүр.

Бұл жолы «Әлем барысында» Мақсатпен қатар Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Айбат Сейтен қазақ атын асқақтатады деп күтілуде. Биылғы жүлде қоры да қомақты. Үздік үштіктің қатарындағы спортшыларға қаржылай сыйлық беріліп, арнайы белбеу­лер табысталмақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<