Жаңақорған ауданы: Жаңаша даму жолында

252

0

Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Жаңақорған ауданының әкімі Сұлтан Мақашов ҚР Президенті Жолдауынан туындаған міндеттер мен алдағы жоспарларды, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырды.

Аудан әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда жергілікті бюджет 102 процентке орындалған.  Жаңақорған  – өнеркәсіп саласы қалыптасқан  ауданның бірі. Уран, полиметалл кенінің молдығымен ерекшеленеді. Кен өндіру саласында 10 мекеме жұмыс жасаса, оның екеуінде шетелдіктердің қатысуымен уран өндіріледі. Сонымен бірге  әк және құрылысқа қажетті тас өндіруші кәсіпорындар бар. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 63790,8 млн теңге болып, 97,9 про­центті құраған. Ал өңдеу өнер­кәсібінің өнімі 35327,5 млн теңгені құрап, 105,1 процентке жетті.

Жыл басында 3952 кәсіп­кер­лік субъектісі тіркелсе, қазір олардың саны 4481-ге жеткен. Оның 4304-і белсенді. Бұларда жұмыспен қамтылғандар саны – 6552.

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру мен экспорттық әлеуетін әртараптандыру ба­ғытында ауқымды жұмыстар атқарылған.  Аудан бойынша егіс көлемі 35974 гектар. Оның ішінде дәнді дақылдар – 11628, майлы дақылдар – 2418, малазықтық дақылдар – 18825, бақша өнімдері – 3103, күріш 7757 гектарды құрайды. Күріштің әр гектарынан 59,6 центнерден өнім жиналған.

– Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7800 бас уақ мал сатып алу жос­парланып, 47 шаруашылық  несие рәсімдеп, 10948 бас қой алды. Осы бағдарлама аясында шет елден ірі қараның 375 бас аналығын сатып алу жоспарланған болатын. Соның бүгінде 301-і алынды. Жыл аяғына дейін тағы 100 бас әкелінеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту бойынша «Нұрболат» шаруа қожалығынан Иран еліне 450 бас, «Көбелдес» шаруа қожалығынан Біріккен Араб Әмірлігіне 950 бас тоқты экспортталды,– деді аудан әкімі.

Құрылыс саласы бойынша биыл республикалық бюджеттен Жаңақорған кенті «Саяжай» учаскесіндегі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға, электр­мен, жылумен жабдықтауға, облыстық бюджеттен 2 ауылдық округте мал қорымы құрылысын салуға барлығы 34,816 мың теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілген. Сонымен бірге 53,926 мың теңгеге 11 нысанның жоба-сметалық құжаты әзірленіп, оң қорытындысы алынды.

Аудандағы облыстық маңызы бар жолдарға 1446,6 млн теңге бөлініп,  «Самара-Шым­кент-Шал­қия», «Келін­төбе-Қандөз-Көктөбе» авто­мо­­биль жолдары күрделі жөн­деуден өткен.

Аудан бойынша халық са­ны 84221, оның 35854-і экономикалық белсенді. Жұ­мыс­пен қамтылғандар саны 34108-ді құрайды.  Бүгінде жұ­мыссыздық деңгейі 4,9 процентті көрсетуде.

– «Жастар жылында» жүйелі жұмыстар бар. Әсіресе, оларды кәсіпкерлікке бейімдеуге мән берілді. Ауданда 14-29 жас аралығындағы 22736 жас есепке алынып, жалпы аудан халқының 24,6 процентін құраса, экономикалық белсенді тұрғынның 28 процентіне тең. Тұрғындарды жұмыспен қамтудың кешенді жос­парына сәйкес 14 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп, тұрақты жұмысқа 166, әлеуметтік жұмысқа 184, жастар практикасына 282, қоғамдық жұмысқа 128 адам жұмыспен қамтылды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 88 адам оқу курстарынан өтті. Кәсіпкерлік бағытында 188-і несие алды. Сондай-ақ, 110 жасқа 505 мың, 149-на 252 мың теңгеден мемлекеттік грант беріліп, қазір олар кәсіптерін бастады,– деді аудан әкімі.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<